Қырылған мал мен құстың шығыны – 11 млн теңге

Облыста құрылған жұмысшы тобы Қарасу ауданындағы  су тасқынынан өлген мал мен құстың есебін анықтады. Айта кету керек, жұмысшы тобы ауданның Новоселов, Черняев, Восток, Қарамырза, Жамбыл, Қарасу, Октябрь тәрізді он бір селолық округі бойынша құрылған болатын. Жергілікті әкімдіктер жанындағы ветеринария қызметі өлген мал мен құстың көзін түгел жойды. Мәселен, 19-23 сәуір аралығында барлығы 18 қара мал, 78 қой-ешкі, 2 жылқы, 306 шошқа, 557 құстың қырылғаны туралы акт жасалып, өртеп жіберді.
       22 сәуір күні ветеринария қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен Кошевое, Молодежное елді мекендеріне барып,  аулалар мен өзен жағалауларын тексеріп, 6 талпақ танаудың өлгенін анықтады.
       Жалпы, тасқыннан 114 адамның малы қырылған.  Жаңа туғандықтан есепке алынып үлгермеген төлдердің иелеріне (отыз жеті адам) өтемақы төленетін болды. Сондай-ақ, малы қырылған жетпіс жеті тұрғынға бюджеттік қаржы есебінен компенсация беріледі. Облыстық ветеринария басқармасының берген мәліметтеріне қарағанда, қырылған мал мен құстың шығыны 11 млн 780 мың теңге шамасында. 24 сәуірден бастап есепке алынбаған төлдердің иелері тиісті өтемақыларын алу үшін «Милосердие» қорына құжаттарын тапсырды. Ал сол күні бес адам өз өтемақыларын алды. Олардың арасында Б.К.Касенов (Новоселовка ауылы), Н.И.Максимова (Зеленовка ауылы), В.Ю. Винченко (Зеленовка ауылы), М.В. Вотьяков (Кошевое ауылы), Ж.К. Арьянова (Қарамырза ауылы) бар.
        Қарасу аудандық әкімдігі су тасқынынан зардап шеккендермен бірлесіп, шыққан шығындары үшін тезірек өтемақы алу үшін шұғыл түрде құжаттарын әзірлеп жатыр.
       Ал облыс әкімдігіне қарасты мемлекеттік  сәулет-құрылыс басқармасының берген мәліметтеріне қарағанда,  жұмысшы тобы аты аталған ауданда қызыл судың құрсауында қалған үйлердің санын анықтаған. Олар 19-24 сәуір аралығында суға кеткен 100 үй жан-жақты тексерілді. Мәселен, Жамбыл ауылында ( елдімекенде барлығы 176 үй бар) 43 үй (екеуінің құжаты жоқ), Зеленовка ауылында (ауылда 53 үй бар)  48 үйдің жағдайы жан-жақты зерттелді.
       Ленин  ауылында (ауылда 157 үй бар) су басқан 22 үйдің 5-уі, Черняевка ауылында (ауылда 51 үй бар) су басқан 23 үйдің біреуі, Новоселовка ауылының (ауылда 137 үй бар) су басқан 53 үйдің үшеуі – жалпы, су басқан 100 үйдің 9-ы жарамсыз деп танылды. Қалған үйлер кешелі бері қайта тексеріліп жатыр. 12 мамырға дейін суға кеткен барлық үйлердің бағасы  есептеліп, қайсысы сүрілетіндігі, қайсысына жөндеу жүргізу керектігі анықталады.
       Ауылдардағы кейбір үй иелерінің баспанаға тиесілі құжаттары болмаса да (Мәселен, Зеленов ауылының тұрғыны Т.М.Ковердің осындай құжаттары жоқ) техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оның қорытындысы шыққаннан кейін барлық материалдар әрі қарайғы шара қолдану үшін Қарасу ауданының әкімдігіне жіберіледі.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓