Жобаның тиімді тұстары көп
Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін облысқа биыл 5 млрд 821 млн теңге бөлінді. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша, 1000-ға тарта техникалық және кәсіби мамандарды даярлау қарастырылған. Ол үшін халықты жұмыспен қамту мәселелерімен айналысатын өңірлік комиссия 1-қыркүйектен бастап тиісті мамандықтар бойынша оқытатын колледждердің тізімін жасап қойды.
Енді мобилдік топ оларға түсуге тиісті талапкерлерді анықтайды. Үміткерлердің топ-топқа бөлу үстіміздегі жылдың 20-маусымынан 30-тамызына дейін жүргізіледі. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Гүлнар Әбенова айтып берді.
Аты аталған бағыт бойынша мобилдік оқу орталықтарының пилотттық жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қазынадан 100 млн теңге бөлінген. Мәселен, шалғай елдімекендердегі жастар үшін облыс орталығына келіп жүрудің қажеті жоқ. Дәріс жергілікті жерлерде өткізілетін болады. Ал мобилдік оқу орталығының негізгі базасы ретінде Қостанай индустриалды-педогогикалық колледжі таңдалып алынды.
Облыста электр-газбен дәнекерлеуші, механизатор, слесарь, электрик, токарь, аспаз, құрылысшы мамандықтарына қысқа мерзім ішінде оқытуға 1708 адам тартылған. Соның бүгінде 1566-сы тиісті мамандықтар бойынша оқып жатыр. Алдағы мамыр айында тағы 108-і оқуға қабылданады. Жаңа кәсіпті игеруді қалайтындар облыстағы 25 колледж, 3 оқу орталығында 29 мамандық бойынша білімдерін жетілдіруде. Тек, бұл ретте Ұзынкөл ауданындағы жағдай көңіл көншітпейді. Онда алдын ала жоспарланған 48 адамның орына бүгінде бар болғаны 36-ақ маман дәріс алып жатқаг көрінеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ