Республикалық Сабантой Қостанайда өтеді
Жақында Татарстанға барған екі күндік сапарында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың сондағы қазақ автономиялық ұлттық-мәдени орталығының өкілдерімен кездескенін жазған едік.
Бүгінгі таңда Татар елінің аумағында 1800-дей қазақ тұрады. Тағы 800-дей қазақстандық студент Қазан қаласындағы жоғарғы оқу орындарында білім алады.-Қостанай облысы мен Татарстан арасындағы бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелер екі жақты кездесу барысында, екі ел бизнес құрылымдарының жетекшілерінің қатысуымен талқыланды. Соның ішінде осында тұратын отандастарымызбен-жергілікті қазақ диаспорасымен кездесу мен үшін, жалпы, барлық делегация үшін өте маңызды. Біз сондай-ақ, Татарстан мен біздің облыс аумағында тұрып жатқан татар диаспорасының арасындағы өзара байланысты нығайта түсуіміз керек,-деп атап өтті өңір басшысы А.Мұхамбетов.
Осыған байланысты облыс әкімі 2017 жылы республикалық сабантойды Тобыл өңірінде өткізуге ұсыныс жасады. Оған татарстандық делегация да қатысады деп жоспарланған. Бұл мәселе облыс әкімі А.Мұхамбетов пен Татарстан Республикасының Президенті Р.Минниханов арасында өткен кездесуде белсенді қолдау тапты.
-Бұл мерекеге біз тыңғылықты әзірленеміз. Мен Сіздердің елдеріңізде тұрып жатқан қазақ диаспорасының басқа да достық үйлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанын көріп, қуанып отырмын. Біз өз отандастарымызды әрдайым қолдайтын боламыз. Ең басты мақсатымыз- экономикалық байланыстарды жетілдіріп, бірлескен кәсіпорын құруға әзірміз,-деді облыс әкімі.
Татарстан Республикасы халықтары достық үйінің директоры Ирек Шарипов екі ел арасындағы достық байланыс билік тарапынан, және бауырлас елдерде тұрып жатқан ұлттық-мәдени ошақтар үшін маңызы өте зор екендігін атап өтті.
-Біздегі қазақ диаспорасы Сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылда орналасқан.Бұл жергілікті қазақтардың абырой-беделін көрсетеді,-деп атап көрсетті ол.
Татарстандағы қазақ диаспорасының өтінішімен Қостанай облысы атынан ұлттық киімдер, ал ондағы Достық үйіне Тобыл өңірінің белгісі табыс етілді. Ал, облыстық Достық үйінің музейі Татарстан Республикасының балерьефімен толығатын болды.
Әлібек ЫБЫРАЙ