Архимед Мұхамбетов: “Барлығына көмек көрсетіледі”

Өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың VI сессиясы өтті. Күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі – көктемгі су тасқыны, табиғаттың тосын қылығынан зардап шеккендерге көмек көрсету. Облыс әкімі шығынға ұшыраған барлық отбасыға жағдай жасамақ.IMG_8098-Биыл жағдай күрделірек болып тұр, бірақ бәрі бақылауда. Бүгіндері екі комиссия құрылды. Біреуі басапана, ал екіншісі мал шығынын есептейді. Олар төрт күннің ішінде он елді мекенді аралап, он екі үйді күрделі жөндеуге және бес үйді жарамсыз деп анықтады. Алдағы уақытта олардың орнына жаңа баспана саламыз. Сонымен қатар 17 ірі қара мен 22 ұсақ мал, 200-ден астам шошқа, 600-дей үй құстары суға кеткен. Су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға көмек береміз. Еріктілердің бар күшін салып, көмек көрсеткендеріне алғыс білдіремін, жергілікті билік өкілдері де қыруар жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі уақытта Жамбыл ауылында 30-ға жуық үй әлі су құрсауында, бірақ тиісті шаралар жасалуда. Санаулы күндер ішінде бәрі өз қалпына келеді. Басқа ауылдарда жағдай жақсарды, тұрғындар өз қоныстарына жайғасты. Су тасқынына қатысты барлық мәселе менің жеке бақылауымда, ешнәрсе назардан тыс қалған емес,-дейді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Бұдан бөлек, су жарып өткен, бұзылған жол бөліктері де сөз болды. Бас-аяғы мұндай 12 жер тіркеліп отыр. Қатты ағынға шақталған су өткізгіш құбырлардың болмауынан осындай күйге түскен. Мәселен, бұл тас жолдар осыдан он-он бес жыл бұрын төселіпті. Архимед Бегежанұлы жуық айларда бұл жерлерді жөндеп, су өткізгіш құбырларды кеңейтуге уәде етті.
-Біреулер қиын жағдайға тап болса, қоғамның бейжай қалмай, көмек қолын созатыны, әрине, қуантады. Бүгіндері бізде арнайы қор бар, оған қаражат та кеп түсуде. Қазірдің өзінде 10 млн теңге жиналды. Бұл да үлкен көмек. Сондай-ақ, қала мен аудандардың өз бюджеті бар. Шамамен есептер болсақ, жалпы шығын құны 200 млн теңгеден аспайды. Былтырғы көктемде зардап шеккен Суриков ауылына өз қаржымыздан көмектестік, республикалық бюджетке салмақ салмадық, биыл да мәселені өзіміз шешеміз,-дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімінен соң сөз кезегін депутаттар алды. Олар қиын сәттерде бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырды және өздерінің біркүндік табысын көмек қорына аударуға кеңес берді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓