Би-ағаңның кейіпкері немесе Есмолданың ұрпағы айтқан ақжарма сыр

Бірде редакцияға Рысты апай келді. Зейнеттегі адам ғой. Бұл кісімен облыстық телерадиокомпанияда бірге қызмет істестік. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, тілшілер жазған мәтіндерін машбюроға апарады. Рысты апай машинка басатын. Көлдей қып жазып апарған дүниеңді айналасы бес минөтте дайын ғып, қолыңа ұстата қояды. 2000 жылы еңбек демалысына шықты. Содан бері кездеспеген едік.IMG_89322-Қалқам, жұмысыңа бөгет болмайын. Көп сөз жоқ, Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» повесін оқыған шығарсың. Сондағы Есмолда деген кісі – менің атам. Әкемнің әкесі. Би-ағаңның хикаятында өз атымен жүр,-деді апай. Бұл кісі қазақы мінезді, биязы жан,-Бәйеке болыспен таныстығын малданып жүріп, баласы-Тәшенді орыс мектебінде оқытып алғандығын жазбай ма, Бейімбет. Осыны айтайын деп едім. Бір қажетіңе жарар бәлкім, болмаса өкпелемеймін ғой…
Ол кісі осылай деді де, жылы қоштасып шығып кеткен. Апай айтқан әлгі әңгіме түрлі ойға жетеледі де, бар аңсарым Б.Майлиннің «Жалбыр» повесіне ауды. Қолымда болса, қазір-ақ оқып тауысуға бармын. Мүмкін, ертеде оқыған шығармын. Бірақ, ондағы кейіпкерлердің кім екені, шынын айтсам, жадымда қалмапты. Рысты апай әлгіндей дегесін, шарқ ұрып кітапты іздейін. Арада біраз уақыт өткен. Апайға берген уәдем бар. Таптым. Болашақ журналист Жанболат Кенжеғұл інім әкеп берді.
Жарықтық Би-ағаң жазғыш кісі емес пе, сол кездегі бай мен кедей арасындағы тап тартысын суреттегенде құдды бір әлгі оқиғаның ішінде өзің қоса жүргендей әсерге бөленесің. Оқиғаның өне бойында 1910 жылғы маусым айында Тобыл өзенін жағалай қоныстанған ауылдардағы халқымыздың тұрмыс-салты бейнеленеді. Байлардың ісі әшкереленеді.
Айтар әңгімемізден ауытқымай, тек өзімізге қажетті мына бір эпизодты қаз-қалпында келтіре кетейін:
«Жалбырдың таңдана қарағаны сол Дүйсембаймен қатар отырған шағын денелі шляпалы жас жігіт еді. Бұл – Есмолданың Тәшен дейтін баласы. Есмолда дейтін кісінің елге «жындылықпен» атағы жайылған еді. Жынды дейтін жынды да емес, шынында  байлардың әуліктіруімен жындылықты әуес көріп кеткен кісі еді, «Қазыбай», Қара қыз» деген көрші отырған ел ғой, Қазыбайда атышулы Наурызбай бидің тұқымы бар. Наурызбайдың Бәйекесі орысша білім алып, орыс төрелерімен жақын болып, ертеректе бірнеше сайлауда болыс болып келген адам еді. Осы Байқанның Дүйсембайымен ақтық рет таласқа түскен сол жолы. Дүйсембайдай штатқа ақша шаша алмады да, Бәйеке болыстықтан айырылды. Соның күйігіне шыдай алмағандай сол жылы қажыға кетіп, сүйегі Меккеде қалды…
          Есмолданы жындандырған сол Бәйеке болыс. Жас жағынан екеуі құрдас болды да, өзі болыс кезінде Есмолданы атқа мінгізді. «Осы болыстық екеумізге де жетеді, атыңа мін Есмолда»-деді ол. Есмолда осыны арқаланып атына мінді. Елдің қулары бір тоқтыны шығынсынбай, Есмолдаға қонақасы беретін болды. Есмолда одан әрі ексімденді. Жолы түсіп Бәйеке бір рет үйіне келгенде, «құлын етінен басқаны жеп көрмеген құрдасым еді»-деп, Есмолда оған жалғыз құлынын сойып, қонақасы берді. Сөйтіп жүріп, Есмолданың жалғыз істеген игі жұмысы – осы Тәшенді орыс мектебіне оқытқандағы еді. Қостанайдағы екі класты орыс мектебін Тәшен жақын арада бітіріп шыққан. Жұрт Есмолданың өзін білгенмен, Тәшенге таныстықтары шамалы еді. Бір оқиғаның тұсында Тәшен көзге түсті: Қарабалық, Дамбар елі екі жік болып жерге таласып, дауды бітіруге уез шығып, екі  болыс елдің ақсақалдарын жинайды. Сол жиналысқа Дүйсембай осы Жалбырды шақыртып алды. Қарабалықтың болысы Қыдырдың Сайымы ғой, орысша тілге одан жүйрік қазақ кемде-кем-ақ болар. Екі болыс ілінісе кеткен жерде, Дүйсембай орыс тілін жеткізе алмағандықтан  мүдіріп, тілмаштары Дүйсембайдың сөзін жеткізе алмай, Дамбар елі жеңіліс тауып, сағы сынатын болды. Тап сол жерде топ ортасынан осы Тәшен шығып, ексімдене сөйледі келіп. Не сөйлегеніне түсінбегенімен, көпшілік соның мүдірмей сөйлегеніне, Сайыммен сескенбей салғыласқанына таң болды. Есмолда «жындының» баласымен сөз таластыруды ар көріп, Сайым сөзін доғарды. Дау-Дамбар елінің пайдасына шешілді. Осыдан былай Тәшен десе, Дамбар елі тік тұрғандай болды. Есмолданы бұрынғыдай «жынды» деп тәлкектеуді қойып, шынымен құрметтесетін болды. Сол Тәшенің мына Дүйсембай болыстың  пәуескесінде кетіп бара жатқан жас жігіт….»
«Жалбырды» қайта оқып шыққан соң, Рысты апайға қоңыраулатып: «Апай, аталарыңызға қатысты ішінара деректер болса, айтып беріңізші!»-деп сұрадым.
-Келе ғой, қалқам. Естігендерімді айтайын, – деді ол кісі екі сөзге келместен.
Тәшеннің шын есімі – Тәшмағамбет екен. Есмолданың кіндігінен жеті-сегіз бала өрген. Екеуі қыз бала –Самарқан, Мәрия, ер балаларының аттары – Досмағамбет, Тәшен (Тәшмағамбет), Жақан, Абылай.  Есмолданың өзі қара танымаса да, балаларын оқытуды жөн санапты. Жарықтық қыздарына дейін оқытыпты. Оған жазушы повесінде баяндалғандай, Тәшеннің орыс мектебінде оқуы дәлел. Жақан да білімді кісі дейді.
-Менің енем айтатын (Рысты апайдың енесі-өзінің жиені. Есмолданың Самарқан деген үлкен қызының қызы екен. Есімі-Күләйша-автор): «Бала күнімізде нағашыларымызға жиі барып тұрамыз. Сонда ол кісілер бізді шыттай қылып киіндіріп жіберетін. Тәшен, Жақан нағашыларым келбетті кісілер еді. Бет біткеннің сұлуы. Орысша киінеді. Оқалы костюм, сықырлаған етік киеді. Көзі ашық, орысша оқыған. Мына Троицкіге барып – келіп сауда жасап жүргенде, үйге соғып, бір қап өрік алса, жартысын тастап кететін. Тобымен мата әкелсе, шетінен көйлектік мата беретін. Үйге келгенде, ет асып қоямын. Сонда "көзіңнен айналайын" деп жақсы көруші еді».
Тәшен, шамасы елде мұғалім болса керек. Тоғыз жасында «өскенде мұғалім кім болады дегенде, орнынан атып тұрып «мен мұғалім болам!» дейді екен. Кейін Сабындыкөлде бала оқытыпты. Ол кезде мұғалімдіктен қадірлі не бар?! Кезінде көзін көрген кісілер Тәшен, Жақандар Алашорданың офицері болған деген дерек айтыпты. Бұл арасы қазіргі ұрпақтарына беймәлімдеу. Мүмкін, болған да шығар.
Осы Тәшен қайтқанда  «Орысты қазақша сөйлеткен, елден шыққан дүлділім» деп Бейімбет жоқтау жазып беріпті деп Рысты апайдың енесі (Ол кісі 1908 жылғы көрінеді-автор)  айтып отырады екен. Тәшмағамбет қайтқасын, оның әйелін Жақан алады да, одан Раушан есімді қыз бала туады. Бұл 1924 жылдар шамасы. Соған қарағанда Тәшен (Тәшмағамбет)  жиырмасыншы жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеден өтуі мүмкін. Шешесінен бес жасында айырылған үйдің кенжесі –Абылайды ағалары жеткізген. Есмолда да көп жасай қоймаған кісі сияқты. Абылай жасында сері болған кісі екен. Домбыра тартып, ән салыпты (Ол кісі бертінде, 1997 жылы 86 жасында қайтыс болды. ҰОС ардагері-тұғын. Соғысты Берлинде аяқтаған – автор).  Одан туған бес баланың үлкені осы- Рысты. Төрт қыздың арасында өскен жалғыз ұл – Сәрсенбай дүние салған. Оның баласы – Айдын бүгінде банк қызметкері. Үйлі-баранды.  Сол інісі шыққан тегін, түп тарихын білгісі келетін шығар, «Жалбырды» тауып берші дейтін көрінеді.
-Біз бала кезімізде Елтай деген жерде тұрдық. Үлкен колхоз болатын. 12-ауыл деп аталады. Бейімбет Майлин көршілес Жалшыда туып-өскен. Екі арасы бар болғаны жиырма-отыз шақырымдай жер. Сол ауылда тұратын Қуаныш, Бақберген деген балалармен Қоржынкөлдегі қазақ мектебінде бірге оқыдық. Олар менен үш-төрт жас үлкен болатын. Қуанышты Бейімбеттің туысы деп отыратын үлкендер. Ол кезде көп айтыла бермейді. Қорқады. Айтқызбады ғой. Қуаныш – момын бала-тұғын. Бейімбеттің руы –Қыпшақ ішінде Қарта, біз-Қарағызбыз. Мұндай ескідегі әңгімелерді Мұхтар Есетов деген жездем көп білуші еді. Көзінің тірісінде аса көп мән бере қойған жоқпыз. Ол кісі бертінде, сексеннен асып дүниеден озды,-дейді Рысты апай.
          Рысты апайдың өз шешесі өмірден ерте кеткен. Содан әкесі екінші адам алыпты. Айтуынша, өгей шешесі нашар болған. Тоғызыншыны бітірер-бітірместе, мұны кәрі кісіге күйеуге берем дейді ғой. Бұл: «Мен күйеуге шықпаймын. Әрі қарай оқимын» деп табандап отырып алады. Сондағысы оныншы класс. Көп ұзамай Қоржынкөлдегі қазақ мектебі жабылып, Рыстылар нағашылары жағына – Целинныйға барып оқиды. Он жылдықты сол жақтан бітірген. «Менің бағыма қарай Целинныйда Сүгірәлі Нәбиев есімді ағай директор болды. Өте сауатты, жан-жақты кісі еді»,- деп еске алады ардагер,- Әлгінде Қоржынкөлде оқыдым дедім ғой, онда интернатта жататынбыз. Бізбен бірге облыс әкімі болған Тоқтарбай Қадамбаев, оның інісі Серікбай оқыды. Тоқаң бізден үш-төрт класс жоғары оқыды. Қай мектепте білім алсам да, мұғалімдеріміз қазақ тілін өте жақсы түсіндіретін. Оның үстіне өзім де кітапты көп оқыдым. Әдебиетке жақын едім. Қолымызға түскен кітапты оқып, тауысқанша, көз ілмейтінбіз. Мектепті бітірсем, жоғарғы оқу орнына түсемін деп армандаушы едім. Шешем өліп қалып, бәрі жайына қалатынын қайдан білейін?!»
       Кітапқа әуестігі бар, бала кезінде оқыған небір ертегі, қисса-дастандар құлағына қалған – Рысты апай тұрмысқа шыққан соң, жолдасы- Ерденнің апасы мұны жетелеп отырып, облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Қостанай таңы»-автор) газетіне, редактор Бақытжан Жангисиннің кабинетіне ертіп әкеледі. Редактор  жас келіншекті редакцияның кіші қызметкері етіп жұмысқа алыпты. Міндеті – газет тігуші. Ол кезде жас отбасы пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Соған қарамастан жұмысына бар ынтызарлықпен кіріскен жас маман елгезектігімен, зейінділігімен көзге түседі. Мұны кішісініп бөлімдегі апалары жиі жұмсайды. Тіпті, Ахметхан ағасы да қолды-аяққа тұрғызбайды. Корректор болып та бір жылдай жұмыс істейді. Кейін қатардағы машинистка, 1976 жылдан бастап аға машинистка болып бекітіледі. Газетте бірге қызмет істейтін ағалары Сабыржан Мәсәлімов, Сардарбек Серғазин, Сұңқар Ахметов, Бексұлтан Бекентаев ағалары жас маманның жұмысын жоғары бағалайды.Кейде Рыстыға Сабыржан, Бексұлтан, Сәлім ағалары қатар диктовкаға келеді. Машинкаға басу жылдамдығын ескергені емес пе. О баста мұны Мәрияш, Сұлушаш апалары үйреткен. Кейін Мәриәш апасы хат бөліміне ауысады да, оның орнына Рыстыны қояды. Сол қызметте бұл кісі табан аудармай 1985 жылға дейін қызмет істеді. Қағаз басуға әбден төселгені ғой, кейде жоғары жақтан келетін маңызды құжаттардың  оны-мұны қателерін өзі жөндеп жібереді. Күнделікті қайталана беретін тіпті,  аудармаларды жаттап алатын болды. Суреті редакцияның Құрмет тақтасында ілулі. Әр жылдары алған Алғыс хаттары да көбейді.
        -Қалқам,-дейді сөз арасында Рысты апай,-Менің жұмыс өтілім отыз жылдан асады. Соның тура он бес жылы «Қостанай таңының» қабырғасында өтті. «Рысты айтайын деп тұрған сөзіңді адамның ауызынан жұлып алады»,-дейтін көрінеді редакциядағы жігіттер. Сонда бір, шаршауды білмейміз ғой. Ең қимас кезеңдер еді ол кез.
         «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы»  деген рас, бағына қарай Қоржынкөлде Жақан Тобылбаев, Целинныйда Аңсаған Құсайыновтай тәлімгер ұстаздар кездесті. Солардың тәлімін терді. Өнерге де көп-көрім жақын жүрді. Белгілі ақын Серік Тұрғынбековтың жары –Жаннамен бір класта оқыпты. Екеуі мектепішілік шараларда өзбек биін билейді екен.
         Баяғыда газетте істеп жүрген жылдары болуы керек, баспаханада жүрсе, жауапты хатшы Ахметхан Байжан ағасы телефон соғып, «Маған Шмидті шақырып кел!»-деп жұмсайтын көрінеді. Бұл безек қағып іздеп, жоқ деп жауап береді. «Тағы қарап көр, сонда жүрген»,-дейді Ахаң да. Орыс біткеннен сұрайды. Сөйтсе, Шмид дегені – белді журналист Шеген Бейсембаев ағасы екен. Ол да бір қызық уақыт қой.
         -Кезінде редакцияға Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Мәриям хакімжанова, Кеңшілік Мырзабеков сияқты біртуар тұлғалар жиі келетін. Оларды тікемізден тік тұрып қарсы аламыз. Әдетте атақты адамдармен суретке соңынан түседі ғой, сондайда ылғи қалып қоямын. Енді суретке түседі-ау дегенде мен үйге қарай, кішкентай балаларыма асығамын,- дейді ардагер. – Баяғыда газет тігушісі болып жұмыс істеп жүргенде Нәдия деген татар әйелін алғашқы ұстаз санайтынмын. Қазақшаға судай. Ал өзімнің тікелей шәкіртім деп Меруерт Қалаусызованы айтар едім. Менің қарамағыма он алты жасында келді. Содан қашан зейнеткерлікке шыққанынша редакция жұмысынан қол үзген емес. Мұндай кісілерді насихаттап тұру әбестік болмас еді…
Рысты Абылайқызы 1985-2000 жылдар аралығында облыстық телерадиокомпаниясында қызмет істеді. Содан соң көп ұзамай еңбек демалысына шықты. Жары – Ерден Ізтілеуұлы екеуінің отасқандарына биыл 48 жыл болыпты. Бес баласынан  сегіз жиен немересі бар. Ерекең ұзақ жылдар бойы Қостанай жылу-энергетикалық компаниясында бөлім басшысы қызметін атқарды.
       Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓