ШЕБЕР ЖАЗУШЫ, СЕРГЕК СУРЕТКЕР Сәбит Досановтың мерейтойы туған өлкеде жалғасуда
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов, С.Есенин, В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиеті академиясының академигі, көркем сөздің шебері Сәбит Досанов туған топырағы Торғай, Қостанай жеріне табан тіреді.
Биыл жазушының 75 жас мерейтойы Ресей елінде басталып, Қырғызстанда, содан соң Алатау төрі – Алматыда, енді міне, Тобыл жағасында жалғасуда.
Алғаш шығармасымен сол уақыттағы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сынды әдебиет корифилерінен бата алған бозбала талант қарымын одан әрі шыңдай түсті. Сәбең шығармалары ең көп оқылатын авторлардың қатарынан орын алды. Астанадағы ойшылдардан бастап, ауылдағы қойшыларға дейін оқырманы молая берді.
Жазушының туған өлкесі Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде аталып өткен мерейтойына алыс-жақын шетелден һәм еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, жылы лебіздерін жеткізді. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов сөз сөйлеп, сый-сияпат көрсетті.
– Сіздің туындыларыңызды қазақ елі ғана емес, әлем халқы да жақсы біледі. Көптеген шығармаларыңыз шетел тілдеріне аударылып, сыншылардың тарапынан зор бағаға ие болдыңыз. Сол арқылы міне, бүгін туған өлке халқының шексіз алғыс-ықыласына бөленіп отырсыз,- деді өңір басшысы.
Содан кейін қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен келген қоғам және өнер қайраткерлері Сәбит Досанов шығармашылығы туралы пікірлерін ортаға салса, ақын Қасымхан Бегманов, сатирик Көпен Әмірбек өлең-жырларын оқыды. Қазақстан Республикасының Халық әртісі, әнші Нұрғали Нүсіпжанов және халықаралық байқаулардың лауреаты Сүлеймен Ибрагимов жиналған жұртты әсем әнге бөлей түсті. І.Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының әртістері жазушы шығармаларынан көрініс қойып, халықтың қошеметіне бөленді.
Туған өлкесінде халқының сый-құрметіне бөленіп отырған Сәбит Досанов кеш барысында сөз сөйлеп, мерейтой дегеннің ең бір дұрысы – өткенге бір сәт көз тастап, халқыңның алдында есеп беру екенін, өзінің бірнеше рет ажалдан аман қалып, халқымен бүгінгі жүздесуі – көрер жарығының барынан, жаратқан тәңірінің өзіне екі бірдей сый тартқанын, оның бірі – өмір, екіншісі – жазушылық талант болғандығын әңгімеледі. Соның арқасында әр елдің, халықтың мақтанышына айналған тұлғалармен сырлас дос, әріптес болу бақыты бұйырғанын тебірене жеткізді.
Жазушының меретойы одан әрі туған ауылы – Аманкелді ауданының Байғабыл ауылында жалғасын таппақ.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
Суретті түсірген: Бағдат Ахметбеков