Нұралы Садуақасов: “Арқаны кеңге салудың қажеті жоқ…”
Облыстық мәслихаттың кеңейтілген сессиясы болды. Онда облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың төрағалығымен қала, аудан әкімдері және басқарма басшылары, депутаттар қатысқан өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының І жартыжылдығының қорытынды есебі тыңдалды. Бұл мәжілісте жеткен жетістіктерімізбен қатар, кейбір кемшіліктеріміз дәйекті сынға алынды. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев әлеуметтік-экономикалық сараптама жасады.
Биылғы жылдың мамыр айындағы қорытындысы мен 2013 жылдың көрсеткішіне сәйкес өңірлік ішкі өнім 1 триллион 310 млрд. теңгені құрапты. Бұл еліміз бойынша 2012 жылмен салыстырғанда біршама өскендіктің белгісін көрсетеді. Десек те, биылғы жылдың басынан бастап Арқалық, Лисаков, Жітіқара қалалары мен Әулиекөл, Қамысты, Меңдіқара, Таран аудандарында экономикалық дамуы күрт төмендеп, уәделі инвестициалық жобалар тартылмаған. Ал, есесіне машина құрастыру, металлургиялық өнеркәсіп және азық-түлік өндіру біршама ілгері басқан көрінеді.
Мұрат Дәрібаев,облыс әкімінің орынбасары:
– Бірінші жарты жылдықтың қорытындысына сүйенсек, индустриалық карта жобасының аясында 52 кәсіпорынның 43-і толық жұмыс істеу қуатына ие болды. Соның ішінде Тойота Фортунер автокөлігін құрастыратын "СарыарқаАвтоПром" ЖШС 1438 млн.теңгенің қаржысын игеруде. Бұл кәсіпорынның қазіргі аяқалысы жаман емес. Сондай-ақ, "КазШинСервис" ЖШС 150 млн. теңгеге, "Қостанай МБИ" ЖШС 4370 млн. теңгеге жаңа кәсіпорынның құрылысын бастап та кетті.
Шағын және орта бизнеске арналған бағдарламалар кейбір аудандарда жүзеге асырылмай жатыр. Субсидиялық және кепіл-дік несие көмектерімен уәделі жобаларымыз жүзеге аспауда. Мәселен, Арқалық, Лисаков, Жітіқара қалалары, Әулиекөл, Қамысты, Меңдіқара аудандарының экономикалық көрсеткіші төмендеп кетті. "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасымен Денисов, Жанкелдин, Қа-мысты, Науырзым, Федоров аудандары бірде-бір жобаларын ұсынған жоқ. Осы жылдың 25 маусымында өткен әкімдіктің кеңейтілген отырысында Науырзым ауданының әкіміне 4 шілдеге дейін аталмыш бағдарлама аясында бір жобаны қарастыруға тапсырма жүктелген-ді. Бірақ тапсырма уақытында орындалмай, кешіктіріліп, күні кеше ғана қаралды. Міне, осындай кемші-ліктерді тізе берсек, жетіп артылады.
…М.Дәрібаевтың айтуына қарағанда, жоғарыдағы қала мен аудандар индустриалды-инновациялық жоба аясында кәсіпкер-лікті дамыту бағдарламаларын тиянақты орындамай отыр. Көптеген бірлескен меморандумдар аяқсыз қалуда. "Шағын қалаларды дамыту" бағдарламасы бойынша өңіріміздің Рудный, Лисаков, Арқалық, Жітіқара қалалары жартыжылдық қорытындыда көрсе-тілген кемшіліктерден сабақ алып, алдағы уақытта күш салмаса, қазынадан бұйырған қаржыларынан қағылатын тәрізді.
Эльдар Күзенбаев, Сарыкөл ауданының әкімі:
– І жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші тұрақты. Тіпті, аз да болса өсім бар. Қазір "Сенат" ЖШС-нің диірмен кешені тәулігіне 120 тонна ұн өндіруде. Бұл өндірістік кәсіпорын ауданымыздағы іргелі кәсіпорынның бірі.
Мал шаруашылығын дамытуда да мемлекеттік бағдарламалардың біраз бөлігін іске асырдық. Соған сәйкес, мұндағы ішкі өнім 1 млрд. 794 млн. теңгені құрады. Индустриалды карта жобасы бойынша 4 қаржы жобасы іске асты. Енді келесі жарты жылдықта тағы екі жоба жоспарланып тұр. "Сыбаға" бағдарламасы аясында 2014 жылы "Адай Еркін" шаруашылығы 300 бас ірі қара малына арналған мал шаруашылығы кешенін салды. Келесі жылы 200 бас ірі қара малына арналған сүт өнімі фермасы жоспарда тұр.
Нұралы Садуақасов; облыс әкімі:
– Осы жарты жылдықтың есебін сараптасақ, көңіл толатын және толмайтын тұстар көп-ақ. Мемлекеттік бағдарламалардың кейбірі игерілмей жатыр. Әулие-көл, Қамысты ауданы әкімдерінің бүгінгі есебіне көңіл толмады. Қаншама жобалар іске аспауда. Арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Республикалық және облыс-тық қазынадан бұйырған миллиондаған қаржыны тиімді пайдаланбайсыздар. Жітіқара ауданы қазір үлкен индустриалды аймақ жобасын іске асырмақшы. Бірақ, бұл аздық етеді. Бұдан да басқа уәделі жобаларыңыз қайда?.. Соның бір де бірін игермепсіздер. Тіпті, жай бір қарапайым көрсеткіштердің өзін сөйлете алмайсыздар. Экономикалық дамуды қысқа-нұсқа айтудың орнына, ұзын-сонар баяндамаға көшесіздер. Бұл болмайды. Сіздерге бүгін сөгіс пен ескертулер жасауға тура кеп отыр.
…Міне, осылай Нұралы Садуа-қасов Арқалық, Лисаков, Жіті-қара қалалары мен Әулиекөл, Қамысты, Таран, Меңдіқара, Науырзым аудандарының әкімдері-не сөгіс пен ескерту жариялады. Расында да, бұл қала мен аудандардың жарты жылдықта атқар-ған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші көңіл толарлықтай емес-ті. Өңір басшысы тек қана Сарыкөл ауданының жас әкімі Эльдар Күзенбаевтың есебіне басты назар аударып, көңілі жылыды. "Жап-жас әкімнен басқаларың үлгі алуларыңыз керек" деген емеурін де танытты.
Қысқасы, сөгіс пен ескерту алған әкім мырзалар келесі жарты жылдықта жан аямай жұмыс істейтін шығар?.. Иә, бәріне уақыт төреші…
Нұрболат Мешітбаев