Тағы да жалған лаңкес
Бұл жолы полицейлердің құрығына ішімдікке сылқия тойған Қашар кентінің 47 жасар тұрғыны түсті. Ол сәуірдің 12-сінен 13-іне қараған түні ұялы телефонмен 102 нөміріне қоңырау шалып, Рудный қалалық сотының ғимаратында жарылғаш зат қойылғандығын хабарлаған. Бірақ та оқиға орнына жедел жеткен күш құрылымдары мен жедел жәрдем бригадасы хабарламаның жалған екендігіне көз жеткізеді. Тәртіп сақшылары жалған террористі сол күні-ақ қолға түсірді. Күдікті бүгінде уақытша тергеу изоляторына орналастырылған.
Айта кетерлігі, 12 сәуір күні Қостанай қаласы мен Құсмұрын кентінде де дәл осындай жағдай тіркелді. Барлық үш азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кінәлары дәлелденсе, ҚР Қылмыстың Кодексінің 273-бабы бойынша 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оларды ірі көлемдегі айыппұл да күтіп тұр.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ