ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ ТӨҢІРЕГІНДЕ
Облыс орталығындағы «Турист» қонақ үйінде Қазақстан Коммунистік Халық партиясының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. «100 нақты қадамды» түсіндіру бойынша өткен кезекті жиынға мемлекеттік қызмет өткеру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Әсет Досекенов қатысты. Ол өз баяндамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаның 2015-2025 жылдардағы стратегиялық басым бағыттарына кеңінен тоқталды.
Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мен мемлекеттік қызмет өткеру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы мемлекеттік қызметтегі кемшіліктерді болдырмау мақсатындағы жүйелі шешімдерді қарастырды.
– Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің саяси аренадағы бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет, – деді Әсет Досекенов.
Мемлекеттік қызметші өз сөзінде жемқорлықпен күрестің мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығын айтты. Басқарма басшысы «100 нақты қадам» бойынша жүргізіліп келе жатқан іс-шаралардың әлі де жалғасатынын тілге тиек етті.
Кездесу барысында партия өкілдері «100 нақты қадам» жоспарындағы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тарауы жайлы да пікір білдірді.
«Ұлттық жоспарды жүзеге асыру қажырлы еңбекті қажет етеді, сондықтан да оның орындалуында барлық мемлекеттік қызметшілер ат салысуы керек» деп тарқасты екі тарап.
Қасқырбай Қойшыманов