Мұздар моторлы арамен кесілді
Қостанайлық құтқарушылар Тоқұзақ өзеніндегі мұзды моторлы араның көмегімен кесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Солтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының (СӨАЖҚЖ) қызметкерлері Ресейдің Челябі облысымен шекаралас Қарабалық ауданы Приречное ауылының маңындағы мұздарды кесті. Бұл жұмыстар бес адамның көмегімен атқарылды, себебі шекаралас аумақта және бейтарап белдеуде жарылыс жасауға болмайды. СӨАЖҚЖ басшысының орынбасары Сергей Шмидтің айтуынша, мұздарды кесу арқылы «кептелудің алдын алып, су тасқыны болған кезде су деңгейінің шамадан тыс көтерілуіне мүмкіндік бермейді». Приречное ауылы Қарабалық ауданының орталығынан 80 шақырым және облыс орталығы – Қостанай қаласынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан. Приречное ауылы кіретін Өрнек ауылдық округі Тоқұзақ өзенінің жағалауына жақын маңда бой көтеріп, РФ Челябі облысымен шекараласады.