Полицияға қарсылық білдіргені үшін 20 тәулікке қамалды
Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік соты мотоцикл тізгіндеген шаһар тұрғынына қатысты істі қарап, шешім шығарды. Сот шешіміне сай ешқандай мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мотоцикл тақымдап, тоқтатқан тәртіп сақшыларына бағынбаған 27 жасар азамат 20 тәулікке қамауға алынды.
Облыстық ішкі істер департамент өкілінің мәлімдеуінше, ешқандай нөмірсіз «Юпитер 5» мотоциклімен қала көшелерінде еркін тайраңдап жүрген азаматты тәртіп сақшылары Абай даңғылы мен Пролетарская көшесінің қиылысында тоқтатқан. Тексеру барысында полицейлер оның ішімдік ішкенін анықтайды. Бірақ, әкімшілік жазаға тартылушы тәртіп сақшыларының ескертуіне құлақ аспай, дәрігерлік тексеруден бас тартады. Оның үстіне жүргізуші куәлігі де болмай шығады. Осылайша, заң ережелерін бұзған азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 471 бабы 9-бөлімі бойынша кінәлі болып табылды.
Мешіт Ғазиз