Мансап күні өтті
Рудный индустриялық институтында мансап күні өтті. Дәстүрлі шараға институттың 300-ге тарта түлегі мен тау-кен, металлургия, энергетика және құрылыс саласындағы 30-дан астам жұмыс беруші компания қатысты.
Мансап күнінің салтанатты рәсімінде институт ректоры, профессор Әбдірахман Найзабеков сөй сөйлеп, түлектерге сәттілік тіледі. «ССКӨБ», «Кегок», «Арасан», «Рудныйсоколовқұрылыс», Краснооктябрь боксит кен басқармасы сияқты бір топ кәсіпорын өкілдеріне сенім грамоталарын табыстады.
Айта кетейік, бүгінде инженерлік-техникалық мамандықтар даярлайтын аймақтың басты жоғары оқу орнында 120 студент жұмыс берушілердің гранты бойынша білім алып келеді. Олардың түгелдей дерлігіне қолына диплом алысымен жұмыс дайын.
– Мен биыл «Тау кен ісі» мамандығы бойынша оқуды тәмамдаймын. Ақылы бөлімде оқитындықтан соңғы курста алтын өндірумен айналысатын «Елтай-4» компаниясымен келісім-шартқа отырдым. Олар менің бір жылдық оқу ақысын төледі. Енді оқу бітірісімен мамандығым бойынша жұмысты бастап кетемін, – дейді түлектердің бірі Айбек Сейдуллаев.
Мансап күні барысында түлектер жұмыс берушілердің бос орындар жәрмеңкесін аралап, түйіндемелерін қалдырып жатты. Ұйымдастырушылар дәстүрлі шараның қорытындысы бойынша жыл сайын 150-ге жуық студент сәтті жұмысқа орналасатындығын айтады. Сондықтан биыл да бұл тамаша үрдіс жалғасатындығына сенімді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ