Жасыңа құлдық ұрма
– Әй , осы бар ғой, бізден басқа жұрттың әйелдерінің бәрі пысық, бізден басқаның бәрі-бәрі өнерлі, шетінен жанкешті, – деді, жетпіс бестегі Әбікең қария ноутбукте, ғаламторды «шарлап» отырған күйі. – Менің ана кемпірім он жылдан бері қарыс жерге аттап басқысы келмейді. Немерелерін көргенде айналып-толғанып, «садағаң боп кетейін» дейді де, бағуға жоқ, – деп, ас бөлмеге қарайлап бір бұрылып алды да, ноутбугінің пернелерін сыдырта басып, – міне, қара, Кей Д’Арси деген ағылшын кемпір жасы 67 келгенде әртіс болғысы келді. Алдымен елінде киноларға түсіп, кейін Америкаға барып, Голливудтан бір-ақ шығады. Актерлік оқуларды оқып, іріктеулерге қатысып, тіпті түрлі әдіс-амалдарды үйреніп алады. Содан жасы 80-ге толғанда атақты «Агент 88» сериалына түседі. Ал енді бұл кемпірің мына кейуанаға қарағанда жарым жолда қалады. Сүйегім шашылым қалар демейді, жасы 85 келгенде Дорис Лонг деген жанкешті беліне белбеу байлап, тік құз жартасқа өрмелеп шығып, қайта түсуді кәсіпке айналдырыпты! Өткен жылы әлгі кемпір 101 жасында биіктігі 94 метр жартастан жаяулап түсіп, өз қатарластарының арасынан рекорд жасапты. Ал АҚШ-та Мэри Мозес деген кемпір 76 жасында қолына қылқалам алып сурет сала бастайды. Сексенге жеткенде өзінің жеке сурет көрмесін ашады. Содан 89 толғанда АҚШ Президенті Гарри Трумэннің қолынан мемлекеттік сыйлықты алады. Жасы 101-ге келгенде америкадағы кескіндеме саласының көрнекті жұлдызы болып танылып барып дүние салады. Айта берсең, мысал көп. Ал қартайдым деп, ыңқыл-сыңқылымен әуре, бозда жүрген біздің ағайындар болмаса, өзгелердің иненің көзінен оқ өткізген өлермен ісі көп.
– Қойыңыз ақсақал, қай-қайдағыны көлденең тартып. Ежелден-ақ қазақ әйелі одан да зорын атқарған. Қартайса да қары талмаған, бәрі де қазақтан қалған, көке. Мысалы, Домалақ ана, көзі жұмылғанша әулетті басқарып, ел ұранына айналған. Ресей патшасы Александр 1 Абылай ханның келіні Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным ханыммен жасы 70-ке таянғанша хат жазысып, ақылдасып отырған. Күй анасы Дина Нұрпейісова 75 жасында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық байқауда, 1944 жылы 83 жасында Ташкенттегі Орта Азиялық онкүндікте күйін күмбірлеткенде, көрермендерді аяғынан тік тұрғызыпты. Ал, Мария Хакімжанова апамыз сексеннен асқанда да, бүткіл бір әулеттің қамқор анасы атанып, қолынан қаламы түспеген, – дедім мен, ақсақалға қуақылана.
– Сіз кешегіні айтпаңыз, бүгінгіні айтыңыз. Менікінің бәрі бүгінгі. Қазіргілерше кешегі деп ауыз ашсаң, мұрын тыржитып, сіркеміз су көтермей қалатын болды. Сондағысы ескінің сөзі, ескінің адамы дейді. Қазір қит етсе, бәріне жаңа керек, жас керек. Қырықтан асқандардың өзі жағаға шығып қалып жатады. Күзеттен басқаға жақсы қызметке де, тәуір жұмысқа да маңайлатпайды. Қазақтың ермегі – сөз. Бұ жағынан қазаққа дауа жоқ. Арыз жазу, ақыл айту, жақ пен тілдің қышуы қанбаған оңаза жұртпыз. Бұрын қазақта болмаған кәсіпті кәсібім – нәсібім деп ұршықтай иіріп жүргендер некен-саяқ. Жатсынамыз.
– Осы, Әбеке, сіз де қызық екенсіз… Ата-бабасы ғасырлар бойы көшпелі-номад болған қазаққа қанында жоқ саудагерлікті, зордың күшімен болатын кәсіпті қалай күшпен тартасыз, – деді манадан бері үнсіз жүрген кіші бажасы сөзге араласып. – Жүз жерден қазіргі саудагер заманның алдында шық десеңіз де,қара қазақ әл-әзір шыға алмаймыз-ау. Қанымызда далалық саф, мәрт қасиет бар. Сондықтан кез-келген кәсіп-қасиетті дарыта бермейміз, бажеке.
– Сен бажа, кежегеден кертартпағын. Басқа түскеннің бәрін көрген, бәріне көнген ұлтпыз. Тектіміз деп тепкінің астында қалып,тірліктен несібемізді еңбектеп жеуге неге тарынуымыз керек, а? Аспанға ұшқан да, жердің астына түскен де қазақ. Маған салса – жасыңа құлдық ұрма. Бостан босқа қартайма.