Жас кәсіпкерге жаңа мүмкіндік
Еуразиялық Топ (ERG) Қостанай облысында студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің экожүйесін құру жобасын қолға алды. Компанияның тың бастамасы студенттік кәсіпкерлікті дамытуға арналған дөңгелек үстел барысында көпшілікке таныстырылды. Талқылауға Еуразиялық Топтың персонал және әлеуметтік жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Ирина Дәулетбакова, Аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов, Қостанай облысының әкімдігі, білім басқармасы, республикалық және облыстық бірлестіктер, аймақтағы жоғары оқу орындары мен жергілікті бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Еуразиялық Топ келешек 4.0 индустриясының негізгі қатері – халықты еңбекпен қамту деп біліп, осы түйткілді істің түйінін тарқату үшін тың шешім – шағын қалалардағы белсенді әрі іскер жастарды дамытуды ұсынып отыр. Осы орайда, бизнесті жүргізудің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаларына сүйенетін ERG компаниялары өздері орналасқан өңірлердегі жоғарғы оқу орындарының кәсіпкерлік бағытқа икемделіп, трансформациялануы қолғабыс етіп, «Студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің эко-жүйесін құру жобасын» жүзеге асыра бастамақ. Ертеректе бұл бастама Ақтөбе өңірінде көпшілікке таныстырылған болатын.
Жаңа бағдарлама дегеніміз серіктес университеттерді қаржыландыру емес. Керісінше, ERG оқыту тренингтері мен курстарына жетекші коучтерді тартып, жұмылдыру міндетін өз мойнына алады. Белсенді студенттерге менторларды белгілеп, жалынды жастарға өз идеяларының экономикалық тиімділігін есептеу дағдыларын үйретеді. Қажет болған жағдайда ғимараттарын технопарктер мен зертханалардың қажетіне беріп, барынша септеспек.
– Жастардың басым бөлігі қазір тұрақты түрде қалай да мемлекеттік басқару органдары мен өңірдегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа тұруға ұмтылады. Осы жағдайды өзгерту үшін ерте кезден, яғни жастар жоғары оқу орнында білім алып жүрген кезден-ақ араларындағы іскерлік қабілеті жоғарыларын анықтап алған жөн. Сосын оларды ынталандыру сессиялары мен сарапшылардың дамыту консультацияларына тарту керек. Олардың бизнес идеяларын жетілдіріп, бизнес-жоспарлау және бизнес жобалау форматтарына көшуіне жол ашатын алаңдар қалыптастыру керек. Инвестициялық және кәсіпкерлік инфрақұрылымдарына жастардың бастамаларын қосуды қамтамасыз ету қажет. Біз бұл бастаманы қолға алғанда жастардың кәсіпкерлігін дамыту өзіміздің туған қалаларда шағын және орта кәсіпкерлерлікті дамытуға мығым тұғыр бола алатынын көріп отырмыз. Оның үстіне бұл экономиканың инновациялық әлеуметін арттыруға тың серпін береді, – деді Еуразиялық Топтың персонал және әлеуметтік жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Ирина Дәулетбакова.
– Біз жүзеге асыра бастаған бұл жоба Елбасының халықты кәсіпкерлікке кеңінен ынталандыру тапсырмасын орындауға бағытталған, – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов. – Өз кезегімізде біз нақты бизнес-идеялары бар азаматтарға ақпараттық және сервистік қолдау
көрсетуге әзірміз. ERG-дің бұл бастамасы аймақтағы шағын және орта бизнестің үлес салмағын арттыруға сеп боларына сенімдімін.
ERG–дің студенттік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қанат қақты жобасы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті базасында сәтті сыналды. Ілкімді іске Тель-Авив Университеті (ТАУ) мен Қазақстандағы Тель-Авив Университеті достарының қауымдастығы септігін тигізді. Нәтижесінде бастаманың өміршеңдігі мен өзектігіні айқын аңғарылды.
Бағдарламаның тұсаукесерінен кейін ERG жобасына қатысатын, іріктеуден өткен жоғарғы оқу орындары-серіктестер тізімі жарияланды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ