Өзендер арнасынан тасымады
Қостанайдың су тасқынына қарсы комиссия мүшелері облыс аумағындағы қауіпті жерлерді аралап көрді.
Арнайы жасақ Таран, Денисов, Жітіқара, Қамысты және Науырзым аудандарындағы жағдайды бақылап қайтты. Қостанай облыстық ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, авиатексерудің бағыты мынадай болған: Қостанай қаласы – Варварин ауылы – Свердлов кенті – Комаров кенті – Чайковский кенті – Маринов кенті – Желқуар су қоймасы – Волгоград кенті – Пушкин ауылы – Буревестник ауылы – Дәмді ауылы – Қарамеңді ауылы – Қостанай қаласы – Воскресенов ауылы – Суриков ауылы – Қостанай қаласы.Комиссия мүшелері Аят, Тобыл, Желқуар, Жойылма, Берсуат, Мұқыр-Аят, Синташта, Қамысты-Аят және Шортанды өзендерін бақылап шықты. Олар Таранов ауданының орталығындағы Аят өзеніне Ресей Федерациясы аумағынан су тасымағанын айтты.«Қар жамылғысы біртұтас, еріген қар суы арнаға қарай ақпаған. Әуеден байқағанымыз, облыстағы өзендерде мұз жамылғысы әлі бар. Қаратомар су қоймасынан Қонай кентіне дейін аңғарлар таза, ешқандай мұз жоқ. Приречен, Чайковское, Маринов, Пушкин ауылдарының маңайында біртұтас қар жамылғысы жатыр, еріген қар суы аңғарларға келіп ағып жатқан жоқ,-дейді ТЖД өкілі.Басқа да елді мекендерде дәл осы жағдай. Қар мен мұздың еруі байқалмайды. Синоптиктер таяу күндері ауа температурасы 20 градусқа дейін көтеріліп, оның соңы нөсерге ұласады деп болжап отыр. Бұл өңірдегі жағдайды күрт өзгертуі мүмкін.