Әскер – өмір мектебі
Қостанай қаласындағы ҚР Ұлттық ұланы 6697 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті. Аталған әскери бөлімде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп жатқан сарбаздар скайп арқылы онлайн режимде ата-аналарымен сөйлесті.Ашық есік күніне жүзден астам ата-ана келіп, әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Сарбаздардың асханасына барып, ас мәзіріне куә болды. Медициналық пунктің жағдайы мен казармалардың ішкі көріністерін өз көздерімен көрді. Басшылық ата-аналарға арнайы экскурсия ұйымдастырып, қару-жарақтар мен әскери техникаларды көрсетті. Іс-шараға Астана қаласынан арнайы келген ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Мұқаметқали Сатовтың қатысқанын айта кетейік.– Былтыр бірінші рет осы Қостанайда өткен болатын. Бүгінде ашық есік күні дәстүрлі түрде барлық облыстарда ұйымдастырылуда. Іс-шара кезінде сарбаздардың ата-аналары әскери бөлімдердің басшыларымен кездесуге мүмкіндік алады. Мәселе туындаса бірлесе шешеміз. Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің жұмысында ашықтық бар. Кері байланысты қалыптасыру мақсатында әйелдер кеңестері құрылған. Қандай да бір жағдай орын салса, ата-аналар әйелдер кеңесінің төрайымына хабарласып, мән-жайды анықтайды. Егер жағдай ушығып кетсе, командирлер араласады. 2015-2016 жылдармен салыстырсақ, ҚР Ұлттық Ұланында құқық бұзушылықтар азайған. Ашық есік күндерінің нәтижесі жақсы. Сондықтан мұндай шараларды әлі де жалғастыра береміз. Ұлттық Ұлан қандай міндетті орындайды және қалай орындайды? Сарбаздар қалай тұрады, не істейді? Біз оларды Отанды қорғауға қалай үйретіп жүрміз? Осы міндеттерді ата-аналарға көрсеткіміз келді,-деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор М.Сатов.
ҚР Ұлттық Ұланның сапында Қостанай облысынан 650-тан астам адам қызмет етуде. Нақты Қостанай қаласынан 160-тан астам адам Ұлттық ұланның қатарына алынды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.