Екі үй су астында қалды
Төтенше жағдай Қостанай шетіндегі Мехколонна ықшам ауданына қарасты "Химик" саяжайында болған. Бұл туралы Alau.kz хабарлайды.
Виктория Диденко тілшілерге өткен түнгі әуре-сарсаңды көзіне жас алып тұрып баяндап берді. Күйеуі екеуі сағат 3-тер шамасында су ортасынан құтқарылыпты. Олар әзірге туыстарын паналауда.
"Бізді құтқарушылар қайықпен эвакуациялады. Олар келгенге дейін мені күйеуім үйден арқалап алып шығып, ит үйшігінің үстіне шығарып қойды. Олар келіп, қайықты үрлеп, бізге жеткенше сол күркенің төбесінде отырдық. Мамандар біздің денсаулығымызды дереу тексеріп, тиісті шаралар жасады", – дейді В.Диденко. Нақ осындай бейнет Оксана Цыпотан есімді тұрғынның да басына түскен. Ол су ортасында қалған үйін өз еркімен тастап шыққан. Айтуынша, су күтпеген жерден ішке құйылып, қас пен көздің арасында бөлмелерді толтыра бастаған. Жиһаз, тұрмыстық техника, төсек-орын кешеден бері үй ішіндегі қызыл су бетінде қалқып жүрген көрінеді.
"Үй су астында қалды десе де болады. Су терезелердің деңгейінде тұр. Біз бар болғаны атүсті жиналып, қашып үлгердік. Өйткені қарғын су әр жақтан әп-сәтте жан-жақтан сарқырай жөнелді. Тысқа ұмтылған кезімізде биіктігі етік деңгейінде болды. Ешқандай қажетті мүлік-дүние алып үлгерген жоқпыз. Оның үстіне кішкентай сәбиім бар. Бастысы, соны құтқару керек болды",- дейді Оксана.
Сарқырап аққан қызыл су сол аумақты тұтас жайлаған. Ағыс айтарлықтай екпінді. Алайда қатты зардап шеккен осы екі шаңырақ. Үй иелері де қауіптің алдын алу шараларын уақыт ілгері жасап баққан көрінеді. Үй сыртын айналып өтер деген үмітпен жыра қазып, өткел жасаған, барлық қамысты қырқып, сайларды тазалап қойған. Бірақ оның көмегі аз болғанға ұқсайды.
Суреттер Alau.kz сайтынан алынды