Су тасқыны сәуір ширегінде күтіледі
Бұл туралы "Қазгидромет" РМК қостанайлық филиалының мамандары ақпарат таратты. Наурыз айының аяғында жүргізілген соңғы тексеру нәтижесі бойынша, облыстың барлық өңірлерінде дерлік қар көбесі сөгілмеген. Бұл туралы "Алау.кз" хабарлады. Қазіргі кездегі қардың орташа биіктігі 22 сантиметр. Ал бұл, синоптиктердің жорамалынша, межеден артық. Қардың еритін болжамды уақытының 6-8 сәуірге сәйкес келетінін айтады мамандар. "Мұнымен қоса күндізгі температура аса жоғары болмайды, бірақ ашық ауа райы кезіндегі күннің қызуы қардың тез еруіне мүмкіндік тудырады. Солтүстік өзендерде сәуірдің екінші бескүндігінде сең қозғалады деп күтіледі. Жоғарғы есеппен алғанда, су деңгейінің көтерілуі 15-18 сәуірлерде көтерілуі мүмкін", – дейді "Қазгидромет" РМК қостанайлық филиалы директорының міндетін атқарушы Л.Кузьмина.
Метеорологтардың сөзінше, жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларына құйылуы керек қызыл су көлемі, алдын ала болжам бойынша, межеден тыс болады, шамамен, 500 млн текше метр.