Біліктілігін арттырмақ
«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Қостанай филиалында техникалық реттеу және метрология, қызметкерлердің біліктілігін даярлау мен арттыру бойынша бірнеше мәселелер қаралды. ҚР-ның 2015-2019 жылдарға дейінгі индустриалды-инновациялық бағдарламасы шеңберінде кешенді жоспардағы көрсетілген басты тетіктер де сөз болды. Семинардың алғашқы бөлігінде сөз алған «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМҚК бас директорының орынбасары Қуаныш Елікбаев Қазақстандағы барлық техникалық регламенттерге тоқталды.– Бүгіндері қазақстандық кәсіпорындар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен танысып, олардың жобаларына өзіндік пікір қосуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, тауар сапасы да маңызды тетіктердің бірі. Саудадағы санитарлық және фитосанитарлық шаралар дұрыс жүргізілсе ғана жүйе бір қалыпқа келеді. Осы тұста біздің көп ұжымдар ақпараттық орталық құруы керек. Мұндай жобалар шағын және орта кәсіпорындарға сертификатталған менеджмент жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес іске асыруға мүмкіндік береді. Содан соң бірыңғай экономикалық кеңістікте, қазақстандық іскерлік ортада жақсы қарқын алуға септігін тигізбек, – деді Қуаныш Елікбаев.
Семинарда Қазақстандағы аккредитация жүйесі де сөз болды. Бұл тақырып төңірегінде белгілі сарапшы Елтай Естаев баяндама оқыды. Оның айтуынша, елдегі аккредитация жүйесі көптеген өзгерістерді талап етеді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ