Дәрігер ұры болып шықты
Қостанай қаласында бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен 28 жастағы қыз ұсталды. Ол өзін дәрігермін деп таныстырып, бірнеше пәтер иелерінің қалтасын қағып келген. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап alau.kz хабарлайды.
Ол соңғы ұрлығын 29 наурызда жасаған. Қаскүнем 67 жастағы ер адамның пәтеріне алдап кірген. Күдікті шағын ауданның барлық пациенттерін аралап жүргенін, одан құжаттарын көрсетуді талап еткен.
"Көзін ала бере, шкафта жатқан ақшалы әмиянды қолды қылған. Әмиянда 255 мың теңге болған. Қарт алданғанын "медбике" кеткеннен соң аңғарып, дереу полицияға қоғырау шалады. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларының барысында араға күн салып күдіктіні қолға түсірді", – делінеді ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта ол кінәсін толық мойындады. Із кесушілер оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруде. Олардың мәлімдеуінше, қыз бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін істі болған.
Полицейлер Қостанай облысының тұрғындарына үй есігін бөгделерге ашарда абай болуды ескертеді.