Білімнің былыққа батуы – ұлтқа төнген қатер
Елімізде сапалы білім мен осы саладағы жүйені дамыту шаралары барынша қолға алынғанмен, көп олқылықтар әлі күнге шешімін таппай келеді. «Білім жүйесінің сапасы» жаһандық индексі бойынша Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі 2015 жылмен салыстырғанда, былтырғы жылы 10 позицияға (77-ден 67-ге) төмендеген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі орта білім мекемелеріндегі жемқорлыққа қарсы шаралар жөнінде өткізген жиында бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Жиынды Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Астанадан барлық өңірлер және Астана, Алматы қалаларымен онлайн түрде өткізгенін айта кетейік.
– Азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесі бойынша колледж, магистратура, докторантураға гранттардың бөлінуі жағынан бірқатар өрескелдіктер анықталды. Ал жемқорлыққа қарсы мониторинг те сүйінші сұрарлық емес. Соңғы жылдары білім саласы парақорлыққа белшеден батқан алдыңғы үштікке еніп отыр. Соңғы үш жылда білім саласының 228 қызметкері пара алу қылмысымен сотталды. Бұл пара алуға оқталу, қаржы жымқыру қылмыстарын есептемегенде. Сол себепті, қоғам да, мемлекеттік органдар, соның ішінде Агенттік те мұндай жағдайға бей-жай қарап отырған жоқ. Білім жүйесінің жемқорлыққа батуы – ұлттың қауіпсіздігіне төнген қатер. Ал аталған саланы жақсарту үшін цифрландыруды барынша енгізу мұндай өрескелдіктерге анағұрлым тосқауыл болмақ, – деді Агенттік төрағасының орынбасары.
Білім жүйесіндегі жемқорлықтың жойылмай тұрғанын жиынға қатысып, сөз алған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов те мойындады. Осы мәселе туралы бұған дейін де басқосу, жиындар өткізіліп келеді. Алайда орта мектептер мен балабақшаларда түрлі себептермен ата-аналардан ақша жинау толастар емес. Вице-министр мұны «тұрмыстық жемқорлық» деп атады.
– Біздің қоғам үнемі мекеме ғимаратының, кабинеттердің жөндеу жұмыстарынан бастап, түрлі мерекелер, шараларға қаражат жинау мәселесімен бетпе-бет келе жатыр. Ата-аналардың бұлайша шығындалғаны дұрыс емес. Білім мекемелеріндегі барлық қажеттіліктер үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Ал Министрдің бұйрығымен Қамқоршылық кеңесін құру тәртібі бекітілген. Өкінішке қарай, өз еркімен берілуі керек қажеттіліктер іс жүзінде мәжбүрлі түрге ауысып кетіп жатыр, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, Агенттік басшылығы бүгінде саналуан тестілер үшін мектеп оқушыларынан ақшаны жиі жинайтын мектеп директорларына ескерту жасады. Белгілі болғандай, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық шаралары 10-11 сыныптарды былай қойғанда, кейбір пысықайлар 9-шы, тіпті 4-ші сыныптан бастап ұйымдастырып жатады. Сол үшін ақша жинайды. Бүгінде дайындық тестілерін жеке меншік компаниялар өткізіп отырады. Ал әрбір оқушы бір тест үшін 500 теңгеге дейін ақша төлеуге міндетті.
– Мәселен, Алматы облысында 9-11 сыныптар үшін тестілеу ұйымдастырылды. Әрбір тестінің бағасы 300-500 теңге шамасында болды. Демек, мектеп әкімшіліктері мемлекет кепіл болған білім қызметтерін коммерциялық мекемелердің пайдасына ықпал етіп отыр деген сөз. Оны кейбір мектептер аптасына бір рет, кейбіреуі айына бір мәрте тапсырды. Бір қызығы, ата-аналар сынақты білім және ғылым министрлігі өткізіп жатыр деп ойлайды. Олай емес. Ондай тестілер үшін ақша жинаған заңсыз. Уәкілетті органдар мектеп қабырғаларындағы «мәжбүрлі» түрде өткізілетін ақылы тест өткізуді ауыздықтау керек, – деп ескертті Олжас Бектенов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ