Бар мейірім – балаларға
Наурыз – мейірімділік пен ізгілік айы. Өңірде жыл сайын Ұлыстың ұлы күніне орай түрлі қайырымдылық акцияларын өткізу дәстүрге айналған. Бұл бағытта мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар белсенділік танытып келеді. Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында да көптеген сауапты істер атқарылды. Қуантарлығы – қайырымды шараларға бірқатар жеке кәсіпкерлер де бет бұра бастады.
Жеке кәсіпкер Бекен Тасбаев жуырда ғана қаланың шығыс жақ кіреберісінен «Ұйғыр дәмханасын» ашқан. Ұлтжанды азамат Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыстық балалар үйіндегі 100 шақты жасөспірімге шақтап дастарқан жайып, мерекелік ас берді. Игі шараға дін өкілдері де қатысып, балғындарға қайырымдылық пен имандылық жайында әңгімелеп берді. Ұлық мереке қарсаңында мұндай игі шаралардың көбірек болуын олар да қолдайды.
– Мерекелік шара барысында кішкентай қонақтар би билеп, қызықты ойын ойнап, көңіл көтерді. Балғындар жергілікті «Майкл Джексонның» өнеріне тәнті болып, сызыла созылған саксофон үніне елтіді. Көгершіндер биін тамашалап, өздері де бір сәт ертегі әлеміне енгендей күй кешті. Шығыс асханасының тіл үйіретін таңдаулы тағамдарынан тамсана дәм татып, шырын сусындардан шөл қандырды. Қайырымды дәмхананың қайырымды аспаздарына балалар да періште пейілмен ақ тілегін арнады, – деді Қостанай қалалық мешітінің наиб имамы Дархан Қосылбаев.
Шараны ұйымдастырушылар балғындарды мереке сайын қонаққа шақырып тұруға уәде етті. Облыстық балалар үйінің директоры Сергей Архипкин дәмхана басшысына риясыз рахметін айтып, алғыс хат табыс етті.