«Түйе палуанға»100 мың теңге тікті

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен дәстүрлі ІХ-шы облыстық ашық турнир болып өтті.
Жарыс осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Тобыл өңірінде бәсі жоғары бұл турнирдің жылдан жылға кең қанант жаюуына Ұлттық дәрежедегі төреші, белбеу күресінен облыстың аға жаттықтырушысы Сәлім Атығаев көп еңбек сіңіріп жүр. Қазақ күресінің жасөспірімдер арасында кең насихатталуына бірден бір дәнекер болып жүрген Сәлімдей  саңлақтың арқасында  аты аталған турнирге қатысушылардың қатары көбейді.салим 2Бұл жолы да бозкілем үстіне  100-ден астам палуан шықты. Олар ОЛар жеті салмақ бойынша белдесіп, өзара мықтыларды анықтады.
Жалпы, соңғы жылдары Тобыл-Торғай өңірінде қазақ күресі ерекше қарқынмен дамып келеді. Оған осындай турнирлердің мейлінше жиі өткізіліп тұруы аз септігін тигізіп жатқан жоқ. Айта кету керек, турнирге қатысқан палуандардың арасында бір осалы жоқ. Ұлттық күрес өнерін дәріптеп жүрген жастардың арасында халықаралық, республикалық сындарға қатысып жүрген палуандар бар. Бәсі жоғары деуіміздің мәнісі осында.
-Соңғы кезде қазақ күресіне қызығушылық басым. Неге десеңіз, Ұлттық спортымыз әлемдік деңгейге көтерілді. Тіпті, бірқатар шет мемлекеттерде Әлем, Еуропа чемпионаттары өткізіліп жүр. Сондай жарыстарды көріп жүрген соң жергілікті жерлердегі жас спортшылардың да ынтасы артары сөзсіз. Бүгінгі өтіп жатқан турнир сол сөзіміздің айқын дәлелі,-дейді турнирді ұйымдастырушы Сәлім Атығаев.салим атыгай 1Күні ұзаққа созылған жарыста бірін-бір алып та, шалып та жыққан кілең сайдың тасындай жігіттер суырылып алға озды. Олардың арасында турнирдің жүлдесі үшін белдескен палуандар өзара жеңімпаздарды анықтады.
Сонымен, 46 келі салмақта  арқалықтық Елжан Бекқалиев чемпион атанды. Ал 51 келі де «Сұңқар» спорт клубының түлегі Серік Ерәділ бірінші бәйгені жеңіп алды. 57 келі салмақ дәрежесінде белдескен «Еуразия» спорт клубының палуаны Сұлтан Көшербаев та қарсыласын еркін еңсерді. 64 келі де тағы арқалықтық палуан – Тимур Әбутайға тең келер қарсылас болған жоқ. 72 келіде «Еуразия» спорт клубының палуаны Ақдәулет Сақабиден жеңімпаз атанды. 81 келіде Қазақ-түрік лицейінің палуаны Бекзат Бекмұхамбетовтің аты озды. Сондай-ақ, 81 келіден жоғары салмақта «Сұңқар» спорт клубының өкілі Алдияр Ербосынов турнир чемпионы атанды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сонымен қатыр спорт ардагерлеріне Бас демеуші – Қостанайдағы «Тяньши» ЖШС-і бағалы сыйлықтар табыс етті. Фирма басшысы Аманкелді Базарұлының өзі де қазақ күресінің үлкен жанашыры. Сондықтан болар, Ұлттық спортты насихаттап жүрген жандардың бәріне демеушілер сыйлық тағайындапты.
Әдетте, қазақ күресінің өзге күрес түрлерінен ерекшелігі, мұнда салмақ дәрежесінен бөлек, абсолюттік сайыс қорытындылайтыны белгілі. Қазақ оны әлмисақтан «Түйе палуан» деп дәріптеген. Бұл сынға тек тәуекел еткендер ғана шығады. Міне, осы сында Сәлім Атығаев жаттықтыратын Бекзат Бекмұхаммедов есімді палуанның бағы озып, «Түйе палуан» атанды. Ол «Тяньши» серіктестігі тағайындаған 100 мың теңгеге ие болды. Ал екінші орын алған палуанға фирма өкілдері 50 мың теңгені табыс етті.
-Қазақ күресі дегенде делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Мен де солардың бірімін. Негізі, Ұлттық спортымыздың өне бойы тұнған тәлім-тәрбие. Екіншіден, жастарды отансүйгіштікке баулиды. Сондықтан, өз басым осындай турнирлерді жиі өткізіп тұрса деген тілекті қостаймын. Алдағы уақытта да жарысқа демеушілік етуден бас тартпас едім,-дейді «Тяньши» ЖШС директоры Аманкелді Курдов.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓