Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ: «Аузын ашқанға ет аса берсек, құнымыздың қашқаны»

«Жат болса да, дос болса да,  
Жалпақ елге жаға алмаспын.
Жүйрігіңе қарайласпын, билігіңе бара алмаспын.
Ақындардың арасында – Тағдырласпын, Таландаспын».
Бұл жолдардың авторы Серік Тұрғынбекұлын қалың оқырманға таныстырып жату асылық болар. Сақманның тасындай сақ ете қалатын ұйқастар, көкіректі кернеген көмескі қыжылды қозғайтын тармақтар, бойдағы бұйығып жатқан бұла күшті шығаратын жырлар Серік Тұрғынбекұлына тән. Арқалы ақын қай мәселелерге алаңдаулы? Ұлттық рух туралы не айтады? Осы тақылеттес сұрақтардың жауабын алу үшін Астанаға аттанған едік.
 
«Мұң-запыранымды өлеңдерім арқылы жеткіземін»
 
– Шығармашылық кешіңіз өткен соң Қайсар Әлім сіз туралы мақала жазды. Жорналшы ініңіздің пайымына сүйенсек, сіздің ғұмырлық кредоңыз –  желтоқсанның  желімен желбіреген Тәуелсіздік туы.
– Иә, алғашқы мақала «Қостанай таңына» басылды. Сайттарыңыздан көрдім. Алғашында «Қызғалдақ-ғұмыр» деген тақырыбына тіксіне қарағаным рас. Шүкір, менің ғұмырым қызғалдақ жасынан асып кетті ғой. Сөйтсем, қызғалдақ символикалық атау екен. Менің балалық кездегі Ақшығанақтың қырынан асып, дала гүлдерінің ортасында түнеп қалғанымды әдемі әдіптеп беріпті. Шебер жазушы қалай шендестірсе де келісіп тұрады ғой. Оның пікірімен келісемін. Ұлтын сүймейтін ақын болмайды. Кешегі Алаш арыстарының тағдыр-таланы осыған дәлел. Олар өздерінің атылатынын, айдалатынын біле тұра әділдіктің ақ жолынан таймады. Дербестік үшін құрбан болды. Қайсар бір жазса, көпке дейін ұмытылмастай жазады ғой.
IMG_0103
– Өлеңдеріңіздің көбісінде ішкі «меніңіз» қоғамдағы кептеліп тұрған мәселелерді қозғауға дайын тұрғандай. «Поэзиядағы рух сананың дамуының, қоғамға ықпал ету деңгейінің ең жоғарғы биігінде ғана туындайды» – депті бір ғұлама. Сөз жоқ, негізгі нысана – халықтың қам-қарекеті. Ұлттық рухтың қалыптасуы жөнінде талай әңгімелер айтылды. Ал поэзиядағы өзіндік рух қайсы?
– Маған салсаң, ақын тек ұлтшыл болуы тиіс. Атамекеніңді, оның қыр-қатпары өлеңіңде жүрмесе, ақындығың көк тиын. Рух – жалпыадамзаттық құбылыс. Бойды шымырлатар бір тармақ болса, сенің өлеңің рухты шықты дей бер. Менің ойымша, егер де өз ұлтыңның топырағында туып-өссең, оның болмысын қаныңа, жаныңа сіңірсең, тілін меңгерсең, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын білсең, оған деген сүйіспеншілік те ерекше. Поэзия – әдебиеттің әрлі тармағы. Қатпар-қатпарына күнде кіргің келе береді, бірақ тауысып, бітпейсің. Түрлі жолдарға алып барады. Кез келген өлең жайдан-жай жазыла салмайды ғой. Ойланасың. Айтары бар өлең жазғың келсе ұлтыңның жағдайына қарайсың, жете алмай тұрған кемістіктерін көресің де, өлеңнің алдына нақты мақсат қоясың. Ол жақсы шықты ма, әлі де шикі ме, оның бағасын оқырман бермек. Бастысы, сол өлеңдегі рухтың мәнін сезіне білуің керек. Халыққа жақын, қызмет ететін өлең осылай шығады. Әйтпесе, көп білгішсымақтар «өлең ел үшін жазылсын, мемлекетке пайда әкелсін» деп айтудан басқа әріге бармайды. Егер өлеңім заман ағымымен әдебиеттен алыстап, ғаламторға қамалған жастарға рухани азық бола білсе, сол арқылы олардың бойындағы намысты оятып алсам, менен бақытты ақын бар ма? Ал ақын бақыты өлшеусіз.
– Рух қалыптасса, ұлт та сақталады дейсіз ғой. Ұлт ұғымының тарқап кетпей, тінін бекітіп тұратын – білім мен болмыс. Жалпы рухани және материалдық құндылықтарды салыстыруға бола ма?     
– Қазіргі таңда барлық білім ордаларының алдында «кімді оқытамыз?» «қалай тәрбиелейміз?» «қандай маман даярлаймыз?» деген сұрақтар тізіліп тұр. Әрине, мамандарды шетелдерде дайындауға немесе көп ақша беріп, өзімізге алдыртуға болады. Бұл да бір шешім. Алайда, сол түлеп шыққан қызметкер қазіргі таңда ел тұтастығын, дәстүрлерімізді, тіпті дербестігімізді сақтап қалуға қаншалықты үлес қоса алады? Негізгі мәселе осы болып тұр ғой. Оған нақты жауап беретін – біздің идеологиялық саясат. Оның солғын тарту-тартпауы шенді-шекпенділерге байланысты.
 Рас, қазір рухани құндылықтар материалдық құндылықтарға қарағанда әлдеқайда төмен тұр. Үстіңе киген қымбат тоның бір күні тозар. Темір тұлпарың қаңылтырға айналар.  Шариғатқа салсақ, мәңгілік ештеңе жоқ. Ал, рухани дүниелер мәңгілік дер едім.
Кейбіреулер нарық заманында сол рухани байлықтар тиын-тебенмен өлшеніп кетпей ме деп ойлайтын шығар. Онымен келісеміз. Бірақ, бәрі санаға байланысты. Ертерек елдің қамын ойлайтын жастар бар. Қоғамға өзін-өзі үнемі дамытып отыруға қабілеті бар, рухани құндылықтардың ту ұстаушысы деп жатамыз, ары қарай тарқата берсек, Абай орнатып кеткен гуманизм, халқының тарихы мен салт-дәстүрін білетін, шет тілдерін меңгерген, өзінің ойы мен істеріне жауап бере алатын білікті мамандар қажет. Осы мақсат кез келген оқу орнының жастарды тәрбиелеу ісінде басты назарда болу керек деп есептеймін.
– Қадыр Мырза Әлі ақынды болмысынан бөлек, табиғатынан тылсым, қайталанбас құбылыс, уникум деп санайды. Сұрақты төтеден қойып көрейікші, дәл қазір ұлттың ойын қозғап, намысты оятатын өлеңдер жас ұрпақтың санасына жетпей жатыр. Қандай шешім керек?
– Ақын туралы Қадыр тасқа басып, қағазға түсірген соң ғана біліп отырған жоқпыз. Өлең шығаратындарды атам заманнан бері құбылыс санап келді. Тіпті, ақын демей, «қияли», «бақсы», «сері» деп ерекше атаған. Өйткені, ол қарапайым адамдардан мүлдем өзгеше болды.  Ішімдегі мұң-запыранымды өлеңдерім арқылы жазып, ақтарып тұрамын. Шүкір, пікірімді ел тыңдайды. Сыйлайды. Сондықтан да әр өлеңіме, тіпті, әрбір тармақтарыма жауаптымын. Бүгінгі қазақтың намысын оятуға, ұлтқа ой салуға арнаған жыр шумақтарым жетерлік. Жар құлағым жастыққа тимей, табан тоздырып, Торғай мен Алматының арасында сабылдық. Сондағы көздегеніміз халыққа бір пайдамызды келтіру болды. Ақын заман күрделенген сайын жұртпен бірге болу керек. Мен өз өлеңдерімде ана тіліміздің, еңсесін әрең көтеріп келе жатқан ұлттық рухымыздың жағдайын көрсетемін. Айналадағы саяси өзгерістер де біздің назардан тыс қалмақ емес.  Нағыз ақын ұлттық рухпен ғана ақын. Ал өлеңінде мінезі жоқ, жағымпаз, тек марапат пен атақ іздеген ақындарды халықтың өзі шетке ысырып тастайды. Одыраңдаған одашылар қаптады. Мадақтарының бәрі – шылқыған өтірік! Маған осыншама атақ жағымпаздықпен, не болмаса мансапқа ұмтылғанымнан келген жоқ. Шығармашылығымды халық бағалады, яғни, жоғарыда айтқан өлеңдерім әсер еткен. Пайдакүнемдікке тосқауыл болатын – рух. Қаны да, жаны да таза қазақтар өте көп. Сондайлықты ақындарымыз да жетерлік. Бізді Кеңес үкіметінің шеңгелінен алып шыққан – әдебиет. Әдебиеттің құдіретімен аман қалдық. Мен мұны сенімді түрде дәлелдеп беремін. Олай емес дегендер болса алдыма келсін. Рас, сол уақытта әдебиетіміз болмаса, рухты ақындарымыз бен жазушыларымыз болмаса, мәңгілік тұңғиыққа кетіп қалар едік. Сол ардаларымызға қарап, біз де өндік, өстік. Ендігі болашақ кілті – жастарда.
  – Жасырып қайтеміз, өзімізге жақсы таныс зиялы қауым өкілдері, атпал азаматтар, ақын аға-апаларымыздың арасындағы іштарлық, бақастық, көре алмаушылық бар. Әдебиетімізде орын алып жатқан жайттар сізге етене жақын. Белгілі жазушы Рахымжан Отарбаев бір сұхбатында өзінің біраз аға әріптестерін сынап тастады. Орынды айтқан тұстары бар секілді. Алайда, Мұхтар Мағауинді классик жазушылардың қатарына жатқызбайтынын айтқан. Қазақ әдебиетінің  осындай шайырлары арасындағы дау-дамайға куә болып, біз де аздап тiксiнiп қалған жайымыз бар. Осы тұрғыда сіздің пікіріңіз қандай?
  – Өлеңге, жалпы өнерге бәсеке керек. Бірақ, оны талас-тартыс, іштарлыққа ұластырсаңыз, өнерді құртуға «үлес» қостым дей беріңіз. Рушылдық, жершілдіктің иісін мүңкітіп, ортаны былғап жүрген бейпіл ауыздарды көргенде жүрегім қан жылайды. Пендешілік қай заманда да болған, бола береді де. Тағы да айтам, оған жол беретіндер тек рухани азғындар. Көре алмаушылық, күншілдік тақырыбы жыраулар поэзиясынан бастап бүгінгі біздің әдебиетке дейін қаузалып келе жатыр. Ұлттық болмыстың бастау алар бір көзі – тіл, екіншісі – тарих. Өз ұлтының тарихынан қол үзген адам тамырсыз ағаш іспеттес, өсуін тоқтатады. Шыққан тегін білмеген адамды – тексіз, тарихына тұшынып көрмегенді көргенсіз деген. Білуге ұмтылмасақ, көргенді түйе алмасақ, көптің мүддесіне үлес қоса алмасақ, әуелі, адамдықтан не пайда? Бұл бірақ бөлек әңгіме.
Рақымжандікі «атың шықпаса жер өртенің» кебі. Бірақ, бұған бола оның талантын шығаруға болмайды. Әбіштің сыңарындай, әдебиеттің тұмарындай болған, халқы мойындаған қос тұлғаны бірін артық, бірін кем деп, безбенге салу жарасып тұрған жоқ. Мағауиннің бағасын беретін Отарбаев емес. Мұхтар Мағауин өз елінен, шет елден де тиісті бағасын алып, әлем әдебиетіне енген тұлға, дербес жазушы. Рақымжан өзімнің ағам деп жүрген Әбішті оқылмайды деді. Мағауинге бұйырған бақты ешкім қайтарып ала алмайды. Ондай дуалы ауыз оған қонған жоқ. Керек десеңіз, ол шымырқанған тұста, Шыңғыс хан таласқа түскенде, алып деген Айтматов, мұзарт Мұхтардың өзін тәубесіне келтірді. Сондықтан, оған орынсыз тиіспейік!
 
«Бір өлеңді ұстап тұруға бір тармағы жеткілікті»
 
– Өлеңге әлеміне алғаш қадам басқан шақты еске түсіріңізші.
– Поэзияның негізгі міндеті – ақиқат пен рух. Осы қасиеттерді бір ақыннан кездестірсем, оның барлық өлеңдерін іздеп жүріп оқимын. Ауылымызда атақты Нұрханның шәкірті Назарбек Бектемісов деген ақын тұрды. Ол кісі осы күндері Асқарбек Бектемісов есімді ел тарихына қатысты біраз дүниені жазып жүрген жазушы-журналистің әкесі. Назарбек ағай бір күні «Социалистік өмір» газетіне «Он бес жасар ақын» деген тақырыппен алғысөз жазып, бір бетке өлеңдерімді бастырды. Бұл сол уақытта газетке шыққан ең көлемді дүнием болды. Осыдан соң менің есімім жұрт арасында таныла бастады. Бәрі осылай басталды. Жылдар өте Сырбайға еліктеген кездерім болды. Оның дауысы керемет еді ғой. Сырбайша күркіреп өлең оқыған кезеңдер әлі есте. Сырағаң 1963 жылы Нұрхан ақынның 60 жылдық мерейтойына байланысты елге келді. Мен өлең әлеміне енді-енді келгенмін. Не керек, сол кезде Сырағаңның сыршыл өлеңдеріне қарап, әсіресе, оқу шеберлігіне қатты ынтық болдым.
IMG_0106
– Жұрт түсінбейтін өлеңдер қаптап кетті. Есімі жақсы таныс ақындар да өздеріне ғана таныс «тілмен» поэзия жасадық деп жүр. Ол аздай дода-дода кітаптарын шығарып, жастардың әдебиет жайлы, поэзия турасындағы көзқарасына тыңнан түрен салмақ. Оған ұрыну әдебиетті ластау емес пе?
– Кезінде сөзінен гөрі өзіне көңіл аударту үшін, ерекше құбылыс жасаймын деп, оныс жасандылыққа айналып, бұлдыр, түйсіксіз өлеңдер жазып, әуре болған ақындардың біразын білем. Бұл ретте фольклор өзінше қалсын. Салиқалы сындарға да мұқтажбыз. Бүгін тіл байлығына, ойдың таяздығына да ешкім қарамайды. Тілдің жұтаңданып бара жатқанына өзім қатты алаңдаймын. Өзге ұлттардан ауысқан сөздерге де әуес болып барамыз. Содан кейінгі бір мәселе – жеңіл тақырыпқа бой ұрып кеттік. Бұлдырлатып жазатындарға жақсылап түсіндірсек, қара өлеңнің бағасын өздері-ақ ұғынар еді. Мен жиындарда, түрлі әдеби отырыстарда үнемі осыны айтып отырамын. Ауыр, кәдімгі сағыз шайнағандай созыла беретін өлең көбейіп барады. Құр жалаң сөз, құрғақ ой өлең емес. Ол – әдебиеттің лайы. Абай мен Сұлтан­махмұт өлеңдерінің басты тақырыбы – ұлттық мүдде. Өлеңнің пәлсапалық ойы, ұлттық бояуы мықты болмаған кезде, халықпен бірге өмір сүре алмайды. Кейде бір өлеңді ұстап тұруға бір тармағы жеткілікті болады.
Қазақ әдебиетінде алпысыншы жылдары жаңа, жарқын леп пайда болған кезде бір ақынның «шуақтап жүрмін, шуақтап тұрмын, шуақтап отырмын» деген шумақтарына үлкен әдеби талас болғаны есімде. Бәлкім, ол ерекше өрнек әкелем деген шығар. Кейін, ол өлеңнен біржола кетіп, өз жолына түскенін естідім. Мұндай ақындар қазір де бар.  Мәселен, Мұқағалидің өлеңдерін жалпақ жұрт сүйіп оқиды. Неге? Өйткені, ол түсінікті жазды. Жұмекен де оқырманға ойын тамаша жеткізді. Кеңшілік те солай. Оның толғамдарындағыдай мінез қазіргі жас ақындардың өлеңдерінен көрінсе ғой дейсің.
Кеңшілік Мырзабеков екеуіңіздің балаң өлеңдерініздің бұғанасы бірге бекіді, арқауы бірге ширады. Оның ақындығы бәрінен бұрын сізге таныс. Кеңшілік ақын арамызда болғанда қазақ поэзиясында қандай да бір өзгерістер болар ма еді дейсің. Ақынның көбі білмейтін басқа қасиеттері жөнінде тоқталыңызшы.
– «Керемет Кеңшілік» деген кітабымды жақында аяқтаймын. Кейбір тарауларын «Қостанай таңы» басты. Менде Кеңшіліктің хаттары сақтаулы тұр. Әзірге олардың ешқайсысын жариялаған жоқпын. Бір ғажабы кімнің кім екенін (ақындар), қандайымен танылатынын Кеңкең сол кезде болжап қойыпты.  Ол өзінің өр мінезімен ерекше болатын. Біреумен дос болса сол адамға жүрегімен құлай кететін. Дос болған адамының кемшілігін де сезбейтін. Біреуді ұнатпаса, шынайы ұнатпайтын. Сыртынан сөйлемейді. Қазір ол болғанда батыл жырларын жайып, ұлттың ақыны болып жүрер ме еді. Кеңшілік алғашқы аяқ алысынан-ақ өзінің талантын да, ақындық мінезін де көрсете білді. Кеңшілікпен жарысып өстік. Әдебиетте алаяқтық деген бар, бәсекелестік те бар. Ал екіншісі ақынды  шыңдауда керек. Біріңді-бірің қамшылайсың. Оның менен артықшылығы – барлық жанрда қалам тартты. Журналистикада «әйдікпін» деп жүргендерден асып түсті. Поэмаға да құлаш ұра бастады. «Иманжүсіп», «Біржан сал» атты жақсы поэмалары бар. Аударма саласына да аз уақыт қоныс тепті. Орыстың Евтушенкосын аударды. Дегенмен, сол кезде оның аяғынан шалатындар көп болды. Бірақ, ол оны елемей жүре беретін. Кеңшіліктің замандастарының ешқайсысына ұқсамайтын қылықтары көп болды. Оқудан шықты, жұмысын да тастады. Бірақ, әдебиетке деген адалдығын сақтады. Адамдарға еш ренжімейтін. Оның жеке сөздігінен реніш деген ұғымды кездестірмейсіз. Кеңшіліктің кеңдігіне кім жетеді? Мұқағали Мақатаевтың жанында талай жыл жүріп, талайды бірге көрдік. Көп нәрсе үйрендік. Ол сол кездегі биліктің шен-шекпеніне қарамай шындықты айтудан бір сәт те танған емес. Өмірге де, өлеңге де адал жан еді. Қанша жылдар өтсе де оның шығармашылығы өміршеңдігін жоғалтқан жоқ және болашақта да жоғалтпайды.
 
«Санамызға сілкініс жасай алмай келеміз»
 
– Алқымнан алып бір тұмау,
Күшейтті жанның жарасын,
Саудаға салақ жұртым-ау,
Жер сатып қайда барасың?! – деп жырлайды Серік ақын. Шамырқанады.
– Бұл шамамен жиырма жыл бұрын жазылған өлең. Қоғамда орын алып жатқан келеңсіз бірдеңелерді айту керек болса, ақынның мазасы кете бастайды. Осы кездерде ғой, түрлі шумақтар өріліп келе береді. «Халық кеңесі» газетінде жарияланып, халық қалаулыларының жанайқайына айналып, талқысына түскен. Сол уақытта да бір қиын реформа жүріп жатты. Мен ұлттық ұғымды бірінші орынға шығарғым келді, бізге басқа ұлттардан озық болып көріну үшін де жұмыс істеуге міндеттіміз. Тағы қайталап айтамын, барлық жағынан күшті болуымыз үшін ұлттық дәрежемізді, рухани күш-қуатымызды көрсетіп отырсақ, басқа ұлттардан кем болмаймыз және осы жердің нақ иесі екенімізді сезінеміз. 
IMG_0100
– Осы арада мына бір өлеңіңіз ойға оралады:
Мен ұлтшылмын!
Сүйе алмасам ұлтымды,
Ойлағаным – Қарақан бас-құлқынды.
Сақта Құдай, Сатқын болып кеткеннен,
Сақтай алмай – Салт пен дәстүр ғұрпымды.
Осы әдет-ғұрыптың құрып кетпеуі үшін не қылмақ керек? Рухани жұтаңдықта жүрміз. Басты арманым – рухтан ажырамасақ екен дегеніңіз бар…
– Кеңес одағы кезінде жұрттың киер киімі бүтін, ішер асы жеткілікті болды. Ештеңеден таршылық тартқан жоқпыз. Ал рухани, тіл мен дәстүр жағынан теперіш көрдік. Қызыл империяның қол астында болса да халықтың бойындағы рух күшті еді. Сол күштің, жоғарыдағы айтқан мықты әдебиетіміздің арқасында елдікті алдық. Асқақтығымыз бен қайнаған намысымыз жастарды алаңға алып шықты. Жұрттың жүрегіне жылу берді. Өңмеңнен өткізердей өктем сөз бар еді. Қазақ тарихындағы қайталанбас тұлғалардың бірі Өзбекәлі Жәнібеков соқыр жүйенің астында тұрып-ақ, ұлттық идеяны, мұраны жүзеге асырды. Сақтады. Мінез көрсетті. Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасыновтардың ерлігін бүгінгі жастар білер ме екен? Дінмұхамед Қонаев сондай азаматтардың бетін қайтарып тастамай, керісінше дем беріп отырды. Бұл жеке бастың емес, бүтіндей бір қазақ ұлтының қамы үшін екенін жақсы түсінді.
Қазір елде дінбұзарлар көбейіп кетті. Негізі, бұл мәселені Тәуелсіздік табалдырығын аттағаннан соң бірден қолға алу керек еді. Тоқсаныншы жылдары Әуелбековтің: – Әлден дінді таптаушыларға жол беріп жатырмыз, түбінде осы қиын болады, – дегені бар еді. Міне, мен қазір осы мәселеге алаңдаймын. Бабалардың тұғырлы жолын жалғастыру – бізге сын.
  – Тұғырлы іс демекші, көбімізге мәлім, Кейкi батырдың бассүйегі Санкт-Петербордағы кунсткамерада ұзақ жылдар сақталып келдi. Енді Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты қолмергеннің бассүйегі елге жеткізілді. Алдыңғы жылдары Қостанай қазақ драма театрында сіздің «Кейкі батыр» спектакліңіздің тұсаукесер қойылымы өтті. Оған дейін де батыр туралы дастан жаздыңыз. Жалпы, бұл тақырыпқа қалам тартуға не түрткі болды?
– Кеңес үкіметі қазақтың батырларын, билерін, ақындарын жоққа шығарып, тек орыстың бодауында қалдырды. Тарих – тұтас халықтарға, ұлттар мен ұлыстарға тән табиғи заңды құбылыс. Әр халықтың маңдайына біткен тағдырлы жолы осы тарих қойнауынан тамыр тартады. Қысқа күнде қырық құбылған саясаттың салқыны жалпақ жұртшылыққа қатты батты. Негізі солақай саясат Кейкі батырды орыстарға қарсы қойды, өзі қарсы шыққан жоқ. Ол – қас-дұшпанның ғана жауы. Елін қорғады, бар мақсатын жерін қорғау деп түсінді. Оның есімін ауызға алуға болмай, өмір тарихын насихаттауға тыйым салынған кезде де халық арасында Кейкінің ерліктері жайында аңыз, әңгімелерді жинақтадым. Кейін дереккөздерді ақтарсам, әлгі ауыл ақсақалдарының, көптеген көзкөргендердің айтқандары дәл келді. Батырдың қалай ұсталғаны, кімнің өлтіргені, басын кесіп алып, халыққа көрсетіп, іліп қойғанын да деректемелерден қарадым. Кейкінің халқы үшін жасаған талай ерліктері кішкентайымнан құлағыма сіңісті болды. Міне, осындай тар жолда тайғақ кеше жүріп, халқының амандығы, келешегі үшін күресіп өткен батырлардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында алдымен Кейкі батыр жайлы дастан жазып, кейін жоғарыда аталған драма да өмірге келді. Сыншылардың, көрермендердің бағалауынша, Қостанайда қойылған спектакль жақсы деңгейде өтті. Оны сол театрдың бас режиссері, халық әртісі Ерсайын Төлеубай өз дәрежесінде қойды. Әрине, Кейкі жайлы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ашық айта бастадық.
Билік басында жүрген азаматтардың елдің жоғын түгендеп, ұлттың рухын көтеруге күш салуы – құптарлық. Бабамыздың бассүйегін елге қайтару үшін бірнеше рет жаздық, жыр-дастандар тудырдық. Ендігі бір мәселе, бұл мұраны біреулер Астанадағы Ұлттық пантеонға, ал кейбіреулер Қостанай облысының Амангелді ауданындағы кесенеге қойылса деген тілектерін айтып жатыр. Батырдың денесі Жыланшық жерінде жатқаны рас. Барлық ұсыныстар қарастырылып, тиісті шешім қабылданады деп ойлаймын.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет!
 
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

1 Response

  1. Бейсен Қапсалық айтты:

    Кейкінің басын Астанаға қою керек. Серіктің айтқанына келіспим. Расын айтайық Секен екі жақта жүр қазір. Не ұлт не билік жағында болған дұрыс шығар. Көп нарселерге келиспим. Жұқа жауап берген. Бейсен.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓