Ғасырды бағындырған қария

Бүгінгі жарқын өмір ардагер ата-әжелердің кешегі жүріп өткен қиын қыстау жолдарының жемісі. Жас ұрпақтың бақытты болашағы үшін олар жастық жалын, жігерін тәрк етіп, қатал тағдыр теперіштеріне жанқиярлықпен қарсы тұрды.
Өмір жолы өнеге сондай қадірменді қарияларымыздың бірі – Арқалық қаласының тұрғыны, екі бірдей соғысты бастан кешкен майдангер Тоқай Әбжан атамыз Ұлыстың ұлы күнінде 100 жасқа толып отыр.Т.АбжанТоқай Әбжанов 1917 жылы Аманкелді ауданы №12 ауылда дүниеге келген. Төрт кластық білімі бар. 1932 аштық жылын бастан өткізіп, 1934 жылы егін шаруашылығында еңбек еткен. 1937 жылы Финляндия соғысына қатысып, 1940 жылы жаралы болып елге  оралды.
1941 жылы Торғай АӘК-нан әскерге шақырылып, соғыста 277 АП құрамында қатардағы жауынгер болған. Жауынгерлік 5 медальмен марапатталған. Әскер қатарынан 1945 жылы мамыр айында босайды.
Соғыстан кейін аудан милициясының қызметін атқарған. №5 ауылда Кеңтөбе колхозында қоймашы болады. 1951 жылдан бастап 1977 жылға дейін Сарыторғай совхозында жылқышы болып еңбек еткен. Осы жылдағы еңбегін бағалап 1971 жылы "Ленин орденімен" марапатталды. 1977 жылы құрметті демалысқа шықты. 
 
 
Ж.ГапбасулыЖәнібек Ғапбасұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Арқалық қаласында Ұлы Отан соғысының 4 ардагері бар. Оның ішінде Әбжан Тоқай ең жасы үлкені және сонымен қатар екі бірдей соғысқа қатысқан.
Бейнелі түрде айтқанда, бұл кісі мұз төсеніп, қар жастанған адам. Соғыстан келгеннен кейін бейбіт кездің, әсіресе, соғыс уақытында бала жетім, ана жесір қалған шақта ауылдағы жағдай тым ауыр болатын. Сол уақытта қайтадан соғыста қандай қиындықтар көрсе, бейбіт еңбекте де ауыртпашылықты көп көрген. Бірақ, сол жеңістің қуанышы ақсақалды күні бүгінге дейін жүз жасқа жетелеп отыр.
Өмірінің дені қазақтың қанаты, пырағы саналатын жылқы малын бағумен өткен. Аманкелді ауданының асыл тұқымды Сарыторғай жылқы зауытында жылқышы болып, сол жерден зейнеткерлікке шықты.
Жалпы, бұл кісілердің әулеті ұзақ жасаған. Тоқай әкеміздің анасы ғасырға жақын ғұмыр кешті. Ел ертегідей қылып ауылда айтып отыратын. Өзіміздің көзіміз көрді. Ағасының балалары Төлеу, Серікбайлармен қатар өстік.
Сонда әжеміз жұқа көйлекпен есік алдында жүріп қар күрейтін. Аса қайратты кісі еді. Сол кісі ұзақ жасады. Мұны айтып отырған себебім, қарияның ұзақ жасауының себебі тұқым қуалағандық дер едім.
Тоқаңның жұбайы Нағима апамыздың өзі сексеннің сеңгірінен асты. Немере сүйіп, немереден шөбере, шөпшек сүйюге келіп отырған кісі. Бұл кісілер біздің бақытты қарттарымыз. Өйткені, ғасыр жасау табиғатта сирек болатын құбылыс. Атамыз өздігінше жүріп тұра алмағанымен, сана сезімі қалыпты. Мұның себебі күтімінің жақсы болуынан деп ойлаймыз. 
Майдангер қарттың жүз жасына жақында қала әкімі Амантай Кәкімбекұлы  үлкен сыйлық жасап, отбасын қуанышқа бөледі. Қала орталығынан 3 бөлмелі жайлы пәтер берілді. Қартымыз бұрын балаларының қолында болса, қазір Нағима апамыз екеуі мемлекет қамқорлығының есебінде өмір сүруде. Иә, өмірдің ыстығы мен суығын бастан өткерген зейнеткерлер қартайған шақтарында  мұқтаждық көрмей қолдарын жылы суға малып отырғандарына дән риза.  20170314_181422– Мінезі қатал емес. Жанжалдасуды білмейді. Соғысқа қатысып келдім деп кеуде кермеді. Барға қанағат етті. Аң – құс аулап көрмеген.
Ленин орденімен марапатталды. Жылқылар іш тастап жұт болып жатқан қиын шақта мал шығынына жол бермеді. Қасқыр деген жаудай болатын. Малшыларға мылтық берілмейді. Қарулары сойыл мен құрық. Ағасы екеуі жылқышы. Үркіп бара жатқан жылқы Елеусіз ағай айқай салғанда тоқырап, тоқтай қалатын.
Бейнетті көп көрді. Қыстыгүні қостары өртенді. Тасып жатқан суға да түсіп кетті. Малды құтқарам деп соңында аш – жалаңаш жүре береді. Жылқының жалын, қазысын қоржындарына салып алады. Өзектері талғанда қорек қылады.
Бие байлап, қалаға қымыз жіберіп тұрдық. Үкімет міндеттейтін. Үш үй отыз бие байладық. Құртқа қымыз қосамыз. Езіп ішкенде қымыздың дәмі шығып, тіл үйіріп тұрады. Қымызды үлкен кеспекке ашытамыз. Мәшинемен күнде келіп, алып кетеді. 
 Ұзақ жасауының сыры еңбек, күтім, таза ауа, құнарлы тамақтың арқасы деп білемін. Тоқсан беске келгенше аттан түскен жоқ. Бәйгеге жаратқан аттары аудандық сабан тойларда ылғи алдын бермейтін.
Тоқай атаның құдай қосқан қосағы Нағима апа өткен өмірлерінен осылайша сыр шертеді. Атамен бірге бес бала өсіріп, одан бес немере, екі шөбере, бір шөпшек сүйіп бақытты ғұмыр кешуде. Үлкені Жұмакүл есепші болып істеді. Қазір зейнетте. Қостанай қаласында тұрады. Тұрсын заң орындарында қызмет істеп, зейнетке шықты. Бақыт Қараторғай орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі. Кенже қызы Салтанат қаладағы түзеу мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Немерелері Ерболат Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын тәмәмдамақшы. Атасының өтінішімен жақында өмірлік жарын тапты. Нұрболат Торғай агро – техникалық колледжінде механик мамандығынан білім алуда.
Өсіп өнген әулет Наурыз мерекесін ертеден бастап атаусыз қалдырып көрмеген. Наурыз көже дайындайды. Сүр асып, құрт майын қойып тойлайды.
Сұм соғыс Нағима апаның отбасын да айналып өтпеген. Үлкен ағасы Сағындық Алданазарұлы Берлинге дейін барған.     
– Әкеміздің соғысқа қатысқандығы жөніндегі құжаттарын 2016 жылдың қазан айында Подолск мұрағатынан тауып алдық. Қалалық қорғаныс бөлімінің жәрдемі көп тиді. Бұған дейін тыл ардагері ретінде қабылданып келді. Жан – жаққа құжат жіберіп, ғаламтор арқылы іздеп таптық. Ол жақта әкемізге берілген үшінші дәрежелі "Отан ордені" бар екен. Ондағылар бізге бұл награданы ардагердің өзі келіп алу керектігін айтады,- дейді қызы Салтанат.
 
 
Е.Абжан
 
 
Ерболат Тоқайұлы, немересі:
– Атамыз бізді кішкентайымыздан бағып өсірді. Бетімізден қағып көрген жоқ.  Сендер қиындық көрмеңдер деп бар жұмысты өзі жасайтын. Атамызды айрықша жақсы көреміз. Жастық шағының қиын заманда өткені өкінішті. Аштықтан, соғыстан аман қалған. 
Әлі күнге дейін ақылын айтып отырады. Біз атамызбен мақтанамыз! 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Мұрат Жүнісұлы
                                                                               Арқалық қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓