ЖЫЛТЫР, ЖЫЛТЫР…
Қараңызшы, мына дүние қандай? Бәрі жылтыр! Көк тіреген зәулім шыны үйлер – жып-жылтыр, лыпылдаған, зуылдаған көлік атаулы – жып-жылтыр. Табан асты асфальт та, киген киіміңіз де, ішкен асыңыз да жып-жылтыр. Сәніміз де, әніміз де жып-жылтыр! Өтірігіміз де, жағымпаздығымыз да, өзіміз де, сөзіміз де – жып-жылтыр. Кедір-бұдыр некен саяқ. Жасасын жылтыр дүние! Жасасын жалтыр, жарқыл! Сұмдық ай, дү-ниенің де жаны жылтыр… (Бірақ расында жаны бар ма өзі?)
Абайдың үлкен атасы Өскембай елді күшпен, зорлықпен меңгерген морт мінезді болса керек. Мысалы, – деп жазады, абайтанушылар, – бір күні ауылына жүгініске Мәмбетай деген кісі келіп, өзі де сөзі де жып-жылтыр, зу-зу етіп, дес бермей кетеді. Сонда "Тоқта, жылтыр, сені ме!" – деп қатты ашуланған Өскембай Мәмбетайдың бас салып, мұрнын кесіп алыпты. Бұдан кейін Өскенбай жүрген жерде жұрт аузын абайлап ашатын болыпты..
Абыз-қаламгер Әбіш Ке-кілбаев жаны маза бермегенде жыр жазады екен. Бір өлеңінде: "…Уа, табиғат өкпелімін өзіңе, жарамсаққа жалтыратып сөз бердің. Уа, табиғат өкпелімін өзіңе – қызғаншаққа жарқыратып көз бердің" – дейді.
Таяуда Шымкенттің 5 жасар тұрғыны айдың күні аманында аяғын сындырып алды. "2-наурыз күні кешкісін үйде ересектер жағы тамақтанып отырған болатынбыз, – дейді, баланың анасы Балғын Жоланова. – Ал балалар көрші бөлмеде компьютерде ойнап отырған. Кенет ұлымның шыңғырған дауысы шықты. Бөлмеге барсам, балам шырқырап жерде жатыр. Тез арада ауруханаға апардық. Дәрігерлер баламның қолын рентгенге түсіріп, бір шыбығының сынып, екіншісінің жарылғанын айтты. Кейін баламнан не болғанын сұрадық. Сонда айтқаны: компьютердегі ойыннан жалығып, орнынан тұра бергенде тайып құлапты". Кесір – Қытайдың сырты жып-жылтыр шұлығынан келген. ("Замана")
Epте заманда Жылтыр деген он жеті мың жылқы біткен бай болыпты. Басқадан бір ерекшелігі – жылтыраған дүниенің бәрін: киім-кешек, дүние-мүлік, мал-жан дегендей жақсы көріп, жинай берген. Сол Жылтыр бай байлығына масаттанып, бір дәруіштен: "Мен қашан өлемін?", – деп сұрапты. Сонда дәруіш: "Тақсыр, сіз аштан өлесіз", – дейді. Жылтыр бай оған сенбейді. Арада біраз уақыт өтіп, дәруіш Жылтыр байдың ауылына келсе, жалт-жұлт еткен дүниенің ортасында малынып, бай тамақ іше алмайтын ауруға шалдығыпты. Өзі Сонда дәруіш тұрып: "Сіз байлықты көтере алмадыңыз, мына ауруды Алладан сұрап алдыңыз", – деген екен.
Өткен көктем-жаз маусымдарында жылтыраған металл түсті бірегей жылтыр көйлектер, белдемшелер мен жейделер, көздің жауын алатын сөмкелер мен аксессуарлар салтанат құрды. Металл түстес аяқ киім небір мейманалы кештерді жайнатып жіберді. "Jenny Packham", "Lanvin", "Dior" фирмалары мен ательелер ұсынған көйлектер, сырт киімдер және аяқ киімдерге сұраныс артты.
Киімді, дүниені айтамыз-ау, бұл не тәйірі, қазір кәрі-жасымыз бет-әлпетті, алла жаратқан денемізді пластикалық операциямен "үтіктеп", жылтыратуға ұмтылып жатырмыз. Кө-ңілдің жастығы әдіра қалды. Сыртқы сын-сымбатың жылтырап, жалтырап тұрсын деңіз..
Ақын К.Ахметов: "Жылтыр, жылтыр, бүгінде жылтыр – бәрі. Жылтыр үміт – бәрінің ұмтылғаны, жылтыраққа жүгініп жатса жұртың, жүрегіңнің не керек бұлқынғаны?!." – депті.
Иә, жүрегіңнің бұлқынғаны не керек , ол да жылтыр…
Жанұзақ Аязбеков
Ертеде Байсеміз бен Тайғанақ деген екі дос болыпты. Олар шау тарта бастаған кездерінде әңгімелері жарасқан кісілер екен. Байсеміз бай десе бай, семіз десе семіз, әйтсе де жан біткеннің залымы болыпты.Тайғанақ болса Алдар көсе секілді шағын денелі, қажет болса сөзінде бұдыры жоқ, сырғанақ мінезді, белден басып әділеттен аттап, айлакер де бола алатын. Бір күні жайлау төсінде екі дос ауыл тірлігіне көз тастап іс барысын сөйлесіп тұрғанда бір бәйбіше мен оның екі қызын көреді. Бәйбіше ақ сары, тұзы жеңіл кісі де, үлкен қызы қараторы, қабағы қату, байсалды, кішісі биязы, аққұба өңді. Апырай, үшеуі үш түрлі екен дейді Байеке. Сонда Тайеке: "Е-ее, бір биеден ала да құла да туады" депті. "Дүниеде сөз өткір ме, көз өткір ме" дейді, апсағай денелі атамыз.Сірә сөз өткір.-Еее, мұны қазір көреміз. Бурыл басты, қара қасты зор кісі қабағын түйіп, көздерін қадап қарап қалғанда анадай жерде кетіп бара жатқан бәйбіше мұрттай ұшып қолының білезігін зақымдап алады. Тоба, тоба… Сөзде құдірет, күш бар. Міне соның салдарын қарашы. Егер сен, Байсеміз, не күшті деп сөз бастамасаң анау кемпірге көз тимес еді. Сірә сөз де көз де күшті болса керек" деп түйген екен. Иә, телефон, компьютер, хат т.с.с құпиялылығы құқығы да көз бен сөзден сақтану үшін қажет. Себебі періште мен сайтанның арбасуы бар. Ал зұлым күш иелері үнемі құқықты белден басып, оқып, тыңдап, жорып, пендені аздырары аян.