Сәбит ДОСАНОВ: «Алаш арыстарының мұраты – идеологияның темірқазығы»

        «…Талай-талай драмалық шығарма жазған Сәбит Досанов өмірінің өзі өте күрделі де қызықты, сонымен бірге біршама мұңды роман сюжетіне ұқсайды.
         Расында да, күні бүгінге дейін қаламынан отыз том шығарма туған қаламгердің көргені аз емес. «Осынау ғұмырымда о дүниеге он рет барып қайтыппын» деп жазушының өзі де айтады. Көзі қарақты көпшілік, тіпті, оның бір мәрте ұшақ апатынан да аман қалғанынан хабардар. Үлкен қалам иесінің сүйікті ұлынан айырылып, қайғы жұтып қалғанын да ел жақсы біледі. Сол бір ауыр қазаға душар болған кездері осы Сәкеңнің: «Тәңірі берген талант ұлыма ғана емес, ұлтыма да қызмет етуі керек. Қарсы тұрып қасқайып күресемін тасжүрек мынау тағдырмен деген ойға бекіндім» дегені есімізде…
       «Қазақта екі  түрлі мағына  беретін «Жаса» деген сөз бар. Оның бірі – көп жаса, бірі жасампаз бол, көп іс тыңдыр дегенге саяды. Менің Сәбит досыма тілегім: «Жаса»! «Жаса!»
        Ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов жазушының 75 жасқа толу мерейтойында осылайша көсілген еді. Осы сөзімен ол сөз сүлейінің бекзат болмысын ашып бергендей. IMG_2274   Қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Құрметті Азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досанов бүгінде 77 жасқа толды. Осы ретте өнері де, өмірі де ерекше талант иесінің айтары көп-ақ. Жазушы жерлесіміз өзі туған өңірдің басылымы, қазақ баспасөзінің қарлығашы «Қостанай таңы» газетіне ой ақтарып, сұхбат берген болатын.
 
           -…Он рет ажалдан аман қалдым. Мәскеуде жол апатынан, ал Алматыда ұшақтан жалғыз өзім тірі қалдым. Соңғы алты айда үш рет пышаққа түстім. Үшеуінде де мені өледі деп, үміт үзген еді, алайда, Алланың қалауымен аман жүрмін. Соңғы ота жасағалы төрт айдай өтті, содан оңалғандағы түрім осы. Оның үстіне маған, зейнетте болсам да, демалыс жоқ. Анда шақырады, мында шақырады, аптасына онға жуық шақырту алам,- деп, амандық сұрап, жөн біліскен соң Сәбит аға әңгімені өзі бастады да, әрі қарай ел жайында, туған өлке турасында ойға шомып, сөзін сабақтай түсті.
     – Торғай жері әлмисақтан  киелі өңір. Адам – табиғаттың перзенті. Бала анасына, әкесіне тартып туатыны сияқты, кейде адамзат кіндік қаны тамған жеріне де ұқсап туады. Мынандай бір ғажап нәрсе бар. Мысалы, Қостанайдан шыққан ақын-жазушыларды алсақ, соның көбісі қазіргі Аманкелді, Жанкелдин аудандарынан шыққан. Әсіресе, Жанкелдинде дүниеге келген таланттар тізімінде шек жоқ. Жердің қасиеттілігін, міне, осыдан-ақ білуге болады.
            Өңірдің бүгінгі хәлі мені ойландырмай қоймайды. Елмен жиі хабарласып тұрамын, өзім де жыл сайын барамын, жерлестерім де келіп тұрады. Халықтың жыл санап елден көшіп жатқанын естимін. Оларды кінәлай алмайсың. Жер шалғай, елдің көбі жұмыссыз.
       Сондықтан үкімет шара қолдану керек. Меніңше, билік бір нәрсеге көңіл бөлмей отыр. Шалғай аудандарды аман сақтап қалатын соңғы үміт – жер асты байлықтарында деп ойлаймын. Осы шаруаны қолға алсақ, сол Жанкелдинде көмір де, басқада пайдалы қазбалар шығуы мүмкін. Кен орындары ашылса, ауылдар гүлдене түсері сөзсіз.
      Жанкелдин ауданы – революцияның бесігі болған жер. Өліара кезден өттік. Қазір, құдайға шүкір, тұрмыс жаман емес, дені сау адамға екі қолға бір күрек табылып жатыр. Күн өткен сайын, жағдай жақсарып келеді. Себебі, мемлекет басшысының ұстанған саясаты дұрыс.
     -Аға, бүгінгі ел билігі туралы не айтасыз, көңіліңіз толмайтын тұстары бар ма?
     -Президент халыққа үндеу жариялады. Үндеудің мәнісі – басқаруды оңтайландыру. Парламент пен Үкіметке билікті бөліп берді. Бұл тарихи шешім. Рас, осыған дейін бізде бірыңғай Президенттік басқару болып келді. Ол өзін ақтады. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін ел еңсесі түсіп, экономикалық қиындықтар болды. Есеңгіреп қалған халықты бір серпілтіп, аяғымыздан нық тұрып кету үшін қатаң тәртіп керек болатын. Тізгінді бір адам ұстау маңыздырақ еді. Президенттік билік ширек ғасыр бір адамның қолында болды. Соның арқасында экономикада, саясатта біраз жетістіктерге жеттік. Қазір Орта Азияда көшбасшы мемлекет екенімізді мақтанышпен айтамыз. Құдайға шүкір!  Енді заман өзгерді, талап басқа. Сондықтан мұны Президенттің кезекті даналығы деу керек, ерте де емес, кеш те емес, дер шағында жасалған шешім. Билікті бөліп беру – бұл құрмет қана емес, міндет. Ол жауапкершілікті күшейтеді.
    «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елдерде білім алған жастар бар, соларға жол ашылсын. Тәжірибесі мол адамдарды да қалдыру керек. Парламентте жастық жалын мен қарттық даналықты қосып, Үкіметті күшейтсе деймін. Сонда ғана Президенттің үндеуі іске аспақ.
     Екі арада уақыт создырмай Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауын жариялады. Бұл жолы Жолдау жазбаша таратылды.  Мұны естіген халық елең ете қалды. Мәселе онда емес, мәселе оның мәнінде болып тұр. «Үшінші жаңғыру» деген ол өте дұрыс нәрсе. Даланың оқымаған данышпан шалдары  бәрін айтып кеткен.  «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады» дейді халық. Қазір – білімнің заманы. Озар болсаң, біліммен, ақылмен ғана озасың.
     Кеңес үкіметі құлағаннан кейін, идеология бос кеңістік  болып қалды. Тәуелсіздік алған жылдары біз одан ажырап қалдық. Мен айтайын, Президент ұсынған  «Мәңгілік Ел» – идеологияның көкесі. Бұл саясатты қолдаймын, онымен ұштасатын нәрселер  бар. Мәселен, Абайдың қара сөздерін алып қараңыз. Тұнған даналық. Екінші бір қажетті нәрсе – Құранның аяттары. Осыдан үш-төрт жыл бұрын кейбір ауылдарға барсаң, «Партия мен халық егіз», «Компартия жасасын!» деген сөздер ілініп тұратын. Солардың бәрін құртып, Абайдың сөздерін, Құранның аяттарын ілу керек. Құранның аяттары деген керемет емес пе!  Бұл тармақтардың барлығы «Мәңгілік Ел» идеологиясына қызмет етеді.
      Қазіргі ішкі саясатта ақсап тұрған нәрсе көп. Мәселен, бізде үлкен үш ауру бар. Оның біріншісі – өмірі бітпейтін жиналыстар. Бірінші Президент өткізеді, одан кейін премьер-министр, сосын министрлер, әкімдер. Екіншісі ауру – қағазбастылық. Қазір азайтып жатыр, бірақ әлі де тұқырту керек. Бір нәрсе алу үшін, мыңдаған анықтама қажет. Ал, үшінші ауру – ұзын-сонар кезек. Қайда барсаң да «өшеред». Әнеу күні шықты уақытша тіркеу деген. Содан екі адам көз жұмды. Осы уақытша тіркеу дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Не үшін керек?  Өзімізде проблема аздай, үкімет қолдан проблема жасайды. Одан азап шегетін – қазақ. Астанаға жұмысыңмен барасың, тіркелуің керек. Бұдан басқа жұмыс жоқ па?! Ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген террорист дегендерді басқаша тәсілмен құрықтау керек.
        Осындай түкке керек жоқ қаулылар көп. Өткен жылы  балаларға көлікте бесік керек деп шулады. Сонда да мен қарсы шықтым. Ол Еуропада бар нәрсе, бірақ бізге керегі жоқ. Оған әлі дайын емеспіз. Біздің ел осындай пайдасыз дүниелерге неге әуес екенін түсіне алмай-ақ қойдым.1 1661
(Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовпен)
 
-Ел ішінде шешімін күткен мәселе көп.  Оның бірқатарын өзіңіз тізіп өттіңіз. Тағы нені ескермей отырмыз?
            -Бізде кенжелеп қалған мәселенің бірі – өнер мен мәдениет. 2007 жылы «Ақ аруана» деген кітабымды француз тілінде шығарып, мені Францияға шақырған болатын. Сорбонна университетінде шығармашылық кешім өтті. Сонда Франция қалай Франция болды деп, тарихын зерттесем, оның құпиясы былай екен.
Он ғасыр бұрын Францияның өзі біздің Қазақстан сияқты әлсіз болған. Тіпті, бізден де нашар болған екен. Оларға Людовик IX патша болған кезде, ол мынандай шешім шығарады. Жаңа патша мәдениет пен өнер, ғылым мен білім – төртеуін алғы шепке шығарған. Бұлар арбаның алдыңғы дөңгелегі болса, қалғандары өздері еріп отырады деп тұжырым жасаған. Францияда ғана емес, бүкіл  дүниежүзіндегі атақты жазушы, суретші, ақын, философ, тарихшылардың бәрін шақырып, оларға былай деп айтқан: «Сендер мынау тұрмыстық мәселелерді ұмытыңдар! Жанұяларың, туыстарың мемлекеттің қамқорлығында болады. Сендердің істейтін шаруаларың біреу – әркім өз салаларыңда таңғажайып дүние жасап шығыңдар». Солай жұмылдырған. Нәтижесінде сол төртеуі елді алға жетеледі. Людовик қателескен жоқ, кейін ұрпақтары сол ізді жалғастырды.
             Оларда тағы мынандай бір керемет мекеме бар. Бізше айтқанда, министрлік сияқты. Мысалы, әлемнің озық ойлы адамдары, жазушылары, ең атақты суретшілері өздерінің туындыларын Парижде шығарғысы келеді. Қазір ақшаң болса, кез келген ортаң қол жазушы болсаң да сенің кітабыңды Америкада, Мәскеуде, Берлинде шығарасың. Бірақ, сен миллион доллар берсең де, Парижде кітабыңды шығара алмайсың. Себебі, олар ақшаны бірінші кезекке қоймайды. Жаңағы министрлікте жүздеген адам істейді. Мәселен, мен – жазушымын, сіз – суретшісіз. Парижде туындыңның шыққанын қалайсың. Олар сенің туындыңа қарайды, ақылдасады. Егер сенің шығармаң Бальзактың шығармаларымен тең тұрса, сонда ғана жарық көреді. Бұл ондағы мәдениеттің деңгейі өте жоғары екенін көрсетеді. Сол деңгейден түскісі келмейді. Егер нашар шығармалар еніп кетсе, оқырманның талғамы бұзылады.
        Ал, қазақ әдебиетіне келер болсақ, Парижде Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Олжас Сүлейменов, Әбдіжамал Нүрпейісов, содан кейін, менің шығармаларым шықты. Бас-аяғы алты-ақ адам.
Олар әдебиетті, ғылымды осындай қатаң талаппен өркендетіп жатыр. Сосын олар көркем әдебиетті керемет оқиды. Біздің бір кемшін тұсымыз – кітап оқымаймыз. Жастар түгіл, шенеуніктер де оқымайды. Жақында бір газеттен көзім шалып қалды, Қытайда жақсы тәртіп орнапты: бір шенеунік айына үш кітап оқуға міндетті. Жан Жак Руссоның бір сөзі бар: «Адам кітап оқуды доғарған кезде, оның ақыл-ойы тұсалады». Кітапты көп оқысаң, өмірге деген көзқарасың өзгереді. Ол туралы кезіндегі ел билеушілердің өзі айтқан. Мысалы, Наполеон былай дейді: «Феодализмді  құртқан зеңбірек, адамзат қоғамы қаламға тәуелді». Фейхтвангер: «Кітап жас баланы мемлекет қайраткері ретінде тәрбиелейді» дейді. Кітапты оқыту балабақшадан басталу керек. Олардың қызығушылығын арттыру қажет. Ертегі айтатын ата-әжелер жоқ деп күнде айтамыз. Негізі, бізде балалар әдебиеті кенже қалып қойған.
           Үлкен тарихи  мектеп деген не? Ол – Алаш мектебі. Алаштың ардагері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толды. Соны жетім қыздың тойындай қылып өткізді. Оны республикалық дәрежеде, Президенттің қатысуымен, жоғары деңгейде атап өту керек еді. Қарағандыда көше береміз деді, әлі берген жоқ. Ескерткіш қоямыз деді, ақыры қойылмады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар Қазақ мемлекетін құрған кісілер. Олар ұлт үшін қызмет етті. Ленинге барып, Қазақстанның шекарасын айқындап алды. Әйтпесе, біз мына дәрежеге жетпес едік. Сол Алаш көсемдерін ардақтау керек! Оның орнына қазір шенеуніктер  не істеп жүр? Біреу білетін, біреу білмейтін адамдарға той өткізеді. Онымен біз ел болмаймыз. Ел болу үшін, ең алдымен, ұлт үшін күрескен ұлыларды ардақтауымыз керек. Идеологияны Алаштан бастаған дұрыс. Бұл туралы «Түркістан» газетінде  мақалам шықты. Сонда Әлиханның мынадай сөзін келтірдім: «Қараөткел Алаштың ортасы, сол жерден университет ашсақ, қазақтың ұл-қыздарын оқытсақ, сол жерден қала салсақ, сонда Абайды, Ахметті, Міржақыпты тудырған қазақты Еуропа білетін болады» деген.
           Біз ол кісілердің алдында қарыздармыз. Қазір олар туралы көркем шығармалар жоқ. Тарихшылар жазған санаулы зерттеу мақалалар ғана бар. Мен ол жағынан мақтанып айта аламын. «XX ғасыр» деген 4 томдық роман-эпопеям жарыққа шықты. Алаштың көсемдерінің аттарын атап, түрін түстеп, істеген еріліктерінің бәрін жаздым. Енді осылардың әрқайсысына бөлек-бөлек роман жазуға болады. Оларды идеологияға бастаптқы темірқазық етіп алу керек.
           -Қазіргі қазақ әдебиетінде том-том кітап жазатын, қабілет-қарымы зор таланттар бар ма? Жалпы, жаңаша әдебиеттің бүгінгі күйіне қандай баға бересіз?
          -Баяғы Кеңес үкіметін жамандай береміз ғой. Оның жақсы жақтарын да алу керек. Партия жазушыларды қолдады. Қолдауға екі себеп бар: біріншіден, идеологияны жазушылар арқылы жүргізді. Мәселен, бүгіндері жазушылар мен халықтың арасында байланыс үзіліп қалды. Неге? Кеңес үкіметі тұсында, Жазушылар одағының ішінде әдебиетті насихаттау бюросы деген болды. Сол бюрода төрт-бес адам істейтін еді. Олардың шаруасы зауыттарға, фабрикаларға, савхоздарға барып келісім-шарт жасау. Ол мемлекетке екі түрлі пайда әкеледі. Бірінші, ақша аударылады, екі-үш жазушыны жібереді, олар әдебиетті насихаттайды. Қазір ондай жоқ. Себебі, кітаптардың тиражы мардымсыз. Мысалы, менің  1978 жылы шыққан алғашқы «Тар жол» атты  романым кезінде 100 мың данамен жарық көрді. Соны 1 сом 30 тиынмен сатты, сонда кітаптың жалпы бағасы  130 мың сом болып тұр.  Бұл енді фантастикалық мөлшердегі ақша, соның 10 мың сомын маған берді. Ол ақшаға бір «Волга» аласың, не екі «Жигули» түседі.  10 мың сомды кітапты сатқан  мекемеге береді. 10 мыңын баспаханаға бөледі. Соның өзінде мемлекет қазынасына 100 мың  сом ақша түсті. 100 мың сом ақша дегенің он «Волга» немесе жиырма «Жигулидің» құны. Өзіңіз есептеңіз, бір ғана жазушының кітабынан осыншама пайда түсіп отыр.
      Халық кітапты көп оқыды, сұраныс көп болды. Ал, қазір мемлекеттік тапсырыспен  500 дана, әрі кетсе 2000-3000 дана жарық көреді. Бұл кімге жетеді? Қазір тұрмыс түзеліп келеді. Кітап оқуға деген құлшыныс артты, себебі, тұрмыс жақсарды. Сондықтан, Мәдениет министрлігі  кітап таратуды қолға алса деймін. Мекеме ашып қажеті жоқ, сол министрліктің ішінен әр бөлімнен бір-екі адамнан жинақтаса жеткілікті. Жазушылар мен халықтың арасында байланыс болуы керек. Сонда ғана көркем әдебиет дамиды.
     М.Әуезов  қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерді емес пе. Одан бері ондаған жылдар өтті. Қазіргі қазақ әдебиетінің деңгейі Әуезовтің кезіндегіден өсіп кетті. Еуропа әдебиетімен теңесті. Мықты-мықты өкілдері бар. Бірақ, біз Әуезовтің, Шолоховтың  деңгейіне көтерілген жоқпыз. Поэзияда болсын, прозада болсын жастар келіп жатыр. Мен бәрін үзбей оқып тұрамын. Бірақ, ақындарының кемшілігі – тақырыптарының аясы тар. Жауапсыз махаббат, тұрмыстағы уақытша қиындықтар, жылау, писсимизм көбірек. Пессимизмнен оптимизмге қарай ойысатын кез келді. Жастарға қамқорлық жасау керек. Олардың алатын айлықтары аз,  пәтер жалдап тұрады.
      Бір кездері Иманғали Тасмағамбетов жеті адамға бірдей пәтер берген еді. Ұлтқа жаны ашитын сондай азаматтардың аздығы  шымбайға батады. Әдебиетке жасалған қамқорлық, халыққа жасалған қамқорлық деген сөз. Қазақ әдебиетінің келешегі бар.Өмірлік серігі Құралаймен бірге
(Өмірлік серігі Құралаймен)
 
      -Аға, «заман өзгерді, жұрт кітап оқымайды» дейміз. Сонда мынау қусырылып бара жатқан кезеңде бұқараны адамгершілікке бұратын не?
      -Иә, заманға қарай адам да өзгеріп жатыр. Дәуірді өзгертетін де адам. Кез келген адам, алдымен, өзінен бастау керек. Бізде идеологияны басқарып отырған адамдар әлсіз. Ішкі саясатқа жөнді көңіл бөлінбей жатыр.
      Кеңес үкіметі кезінде тәрбие қалай еді? Онда пионер ұйымы болды. Мектептен бастап солай тәрбиеледі. Одан кейін комсомол болды, партия болды. Олар, тіпті, дайын кадр тәрбиеледі…
     Мен бұрынғыны аңсап отырғаным жоқ. Тәуелсіздікке баға жетпейді. Оған бір ғана мысал айтуға болады. Кеңес үкіметі кезінде төрт не бес бөлмелі үй сала алмадық. Көп тиражды газет шығара алмадық, оның өзін Мәскеуден сұрау керек болды. Ал, Тәуелсіздік алғаннан кейін, біз Астанамызды салдық. Тәуелсіздік адамдардың талантын ашты. Заманында мен «Қазақ әдебиеті» газетінде істедім. Ол кезде онға жетпейтін газет болатын. «Қазправда», «Социалистік Қазақстан», пионердің екі газеті бар, комсолдың газеті бар және қалалық газет болады. Сол газетке мақала таба  алмайтынбыз.
     Енді тәуелсіздік алғаннан кейін, мысал үшін айтайын, мақтанғаным емес, мен сол кезде Қазақстанда ең мықты журналист болдым. Қазіргі журналистердің ең нашары менен мықты.  Уақыт өсірді бәрін. Бір газетке мақала берсең,  кезекке қояды. Елдің бәрі журналист болып кетті. Бұл бостандықтың келіп, адамдардың талантын ашқандағының дәлелі. Қазір сараптамалық мақалалар көп.
    -Аға, осы ретте бүгінгі журналистикаға қатысты ойыңызды аша түссеңіз?
   -Біздегі телеарна дегеннен жүрегім айниды. Бізде арна көп, бірақ көретін ештеңе жоқ. Амалсыз Ресейдің арналарын көресің. Бос кеңістікті шетелдің телевизиясы жаулап жатыр. Пәлен миллион доллар беріп, солардың киносын сатып алады.
   Алаш қайраткерлерінің өмірі туралы тамаша фильм неге жасамасқа? Телеарна – ұлт тәрбиелеуші құрал. Қазір интернет деген бәле шықты, онда да осы нәрселер. Мұның бәрі уақытша деп ойлаймын. Бір ғана мысал, бір кездері теледидар шыққан кезде жұрт: «Газеттердің күні бітті, енді телевидение билеген заман» деп шулады. Қазір олай емес қой. Бүгіндері газеттен көп дүние жоқ. Бір Шымкенттің өзінде төрт жүзге жуық газет жарық көреді екен. Уақыт  бәрін орнына келтіреді. Дегенмен, мемлекет тарапынан осыған бір бақылау жасаған жөн. Менің ойымша, арналардың біразын жабу керек.
       -Елде Шақшақ Жәнібекке арнап ескерткіш орнатпақшы. Ақылдастар алқасының мүшесі ретінде бұл жөнінде не айтар едіңіз?
      -Шақшақ Жәнібектің ескерткішіне қатысты Кенжеғали Сағадиев бастаған топпен талқылау болған. Бәрі пікірлерін айтты. Атқа мінгізу керек немесе тағы басқалай. Мен оған бірден қарсы болдым. Атқа мінгізу деген не ол? Қазақстандағы барлық батырлардың ескерткіштеріне қарасаң атқа мініп тұрады, қолында найза, шоқпар. Басқа түрін табайық дедім. Себебі, қайталау болады. Ондаған, жүздеген түрлері бар. Екіншіден, бұл батыр ғана емес, мәмілегер болған адам. Бұл жағын да ескеру қажет. Ескерткіш қойған дұрыс, ол бүгінгі ұрпаққа керек, тарих арқылы жастарды тәрбиелейміз. Бір жағы ата-бабаға құрмет, екінші жағы сол арқылы жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелейміз.
      Кейкі батырдың басын алғызды, ол қуанышты нәрсе. Ендігі арман Кенесарының басын алғызсақ. Ал, енді Кейкіге байланысты бір қуаныш, бір өкініш болып тұр. Қуаныш – Кейкінің басының оралғандығы, өкініштісі, оны апарып Аманкелдіге қоямыз дейді. Солай шешіпті. Мен бұған қарсымын. Маған салса, Астанаға қою керек. Астанадан  бәрі көреді. Кесене, ескерткіш дегеніміз көрінетін жерде тұру керек.
     -Осы күні шығармашылығыңызды немен толықтырып жатырсыз? Алдағы арман-мақсатыңызбен бөліссеңіз…
    -Менің арманым – Тәуелсіздігіміз мәңгілік болса екен. Міне, бақыттың үлкені! Бірде орыс тілді журналист: «Бақыт деген не, бір-ақ сөзбен айтыңыз»,- деп аяқ астынан сұрақ қойды.. Сонда ойланбастан «Счастье – это когда нет несчастья» дедім. Қазақшасы бақытсыздық болмаса, сол бақыт деген сөз ғой. Шынында солай емес пе. Қазір бақытсыздық жоқ, біз бақыттымыз. Көз тимесін!  Мысалы, Сирияны айтпай-ақ қояйық, мынау Армения менен Әзірбайжанның өзі соғысып жатыр. Украинаның жағдайы да оңып тұрған жоқ. Соғыс деген бақытсыздық. Табиғи апаттардың өзі бізді айналып өтіп жатыр. Қазақтың ниетіне қарай берді!
    Содан кейін, менің ұстаздарым – М.Әуезов, С.Мұқанов қырық том еңбек жазған екен. Қырық том еңбек шығарыпты. Ішінде хаттары бар, сұхбаттары бар. Әдебиет зерттеушілері С.Қирабаев, Ж.Сомжүрек айтқаннан кейін, өзімнің де жазған дүниелерімді есептеп көрдім. Отыз том шығарма жазып, жарыққа шығарыппын. Ендігі арманым, Алла тағала он шақты жыл өмір берсе, мен ұстаздарыма жетем. Асып та кетуім мүмкін. Әлі шықпаған екі-үш кітабым бар. Ойымда жүрген жазатын бірнеше роман, пьессалар бар. Әуелі, Алладан денсаулық сұраймын. Денсаулық болса, халыққа беретін біраз нәрселерімді беріп кетер едім. Осы заман туралы, заманның күйіп тұрған мәселелері туралы роман жазу ойымда жүр.
    Өткенде министріміз қазір театр режиссерлары да  пьеса жазады, өздері қояды деп дұрыс айтты. Екінің бірі пьеса жазып кетті. Драмматургияда Дулат Исабеков  бастаған бес-алты-ақ адам бар.
    1966  жылы шығармашылығымның 30 жылдығына орай кеш өткізгенімн. С.Қирабаев баяндама жасап: «Қазақ әдебиетінде барлық жанрда жазатын екі-ақ адам бар. Бірі – С.Мұқанов,  екіншісі – С.Досанов» деген еді. Қазір денсаулығым нашарлап, жұмысқа деген қабілетім азайып қалды. Алайда, жазатын нәрсе көп.
    Құдай қаласа, жазамын. Алдағы істі Алла біледі. Алланың әмірінсіз ештеңе болған емес,  болмайды да. Құдайсыз қурай да сынбайды…
 
      Әңгімелескен Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Алматы қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓