Нұралы САДУАҚАСОВ: “Бізге белді бекем буу қажет…”

Газетімізде осыған дейін Қостанай шаһарындағы жолдардың қазіргі жағдайы жазылып, қызу талқыға да салынған-ды. Бұл күрмеуі көп күрделі мәселе тек қана бізде ғана емес, еліміздің әр өңірінде де теледидар мен баспа беттерінде қылаң беріп қалады. Өңір басшысы Нұралы Садуақасов өзінің кезекті жұмыс сапарында әбден кетеуі кетіп, енді жаңартылып жатқан Авиационная көшесі маңайындағы Солнечная мен Федоров бағытындағы айналма жолдың жөндеу жұмыстарымен танысты. 
IMG_9635Жолдардың әупіріммен жаңартылып жасалып жатқаны бесенеден белгілі. Бұлай айтатын себебіміз, Чехов, Баймағамбетов көшелеріндегі жағдайды көңіл ауанынан өткізгендіктен топшылап отырмыз. Міне, осындай жайттарды көңіл зердесіне түйген әкім қала әкімдігі мен мердігер компания басшыларына талап үдесінен шығуды қадап тапсырды.
– Бұл жобаға бөлінген қаржы көлемін де жақсы білеміз (Авиационная көшесіндегі жол жөндеу мен жаңарту жұмысын айтып отыр). Мердігерге қойылған талап пен жұмыстың аяқталар мерзімінің де уақыты келді. Бұған жұмсалған 820 млн. теңгеден астам қаржы қалай игерілгенін бүгін байқап отырмын, – деді аймақ басшысы мердігер "ВАН" ЖШС-нің өкіліне.
Екі жылға жуық жөнделіп, жаңартылып жатқан көше жолына  2012 жылы республикалық қазынадан 370 млн. теңгеден астам қаржы бөлінсе, 2013 жылы бұл 315 млн. теңгені құрапты. Ал, биыл бұған облыстық бюджеттен 141 млн. теңгенің көлемінде қаражат жұмсалыпты.
Содан кейін облыс әкімі Ударник селосына жүргізіліп жатқан су құбырының жобасымен танысты. Әзірге бұл ауылға өтетін су құбыры жұмысының 40% орындалған көрінеді. Мердігер "Евростилі" ЖШС өкілінінің сөзіне сүйенсек,  жыл аяғына дейін қалған 60% толық орындалатын тәрізді. Оған 164 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
Сондай-ақ, Нұралы Садуақасов жоғарыда айтылған Баймағамбетов көшесімен қиылысатын Гагарин мен Ордженикидзе көше жолдарына айрықша назар аударды. Оны да мердігер "ВАН" ЖШС өз мойнына алыпты. Былтыр ғана басталған жөндеу, жаңартылу жұмысы қазір нағыз қызған шағында екен. Бұл көшеге жолына жарты млрд. теңгеге жақын қаржы жұмсалып жатыр.
Одан кейін Аэропорт шағын ауданында биыл ғана қолға алынған тұрғын үй кешенін салу жұмыстарын да сарапқа салды.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, аталған құрылысты біз Қостанайға жақында ғана келген Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке де құлағдар еттік. Бұған бөлінетін қаржы мәселесі күні кеше ғана өткен үкіметтің селекторлық отырысында да қаралды. Лайым жақсы болғай. Енді міне, осы шағын ауданның ішкі инженерлік жүйесі жұмысымен таныстырып отырсыздар,- деп өңір басшысы мердігер "СЫЛ" ЖШС директоры Гагик Овенянға қарата сөйледі. Ол газ, электр және су құбырларымен қамтамасыз ету жүйесі туралы қысқаша ақпарат берді.
Одан әрі Нұралы Садуақасов "Жаңа қала" шағын ауданындағы құрылысқа зер салды. Қала әкімі Ахмедбек Ахметжанов бұл нысандағы атқарылып жатқан тіршілікті қысқа-нұсқа баяндаса, инженерлік жүйе бойынша істелген еңбектерін мердігер "БК строймонтаж" ЖШС-нің өкілі әңгімелеп берді. Бұл шағын аудандағы құрылыс уақытында орындалып жатқан тәрізді. Шаһар әкімінің сөзіне сүйенсек, қазіргі заманға сай паркингтер салынып, әр паркингтің құны да есептеліп қойылған екен.
Облыс әкімінің  жұмыс сапарында тағы бір өзекті мәселе талқыға түсті. Бұл Қостанай жылу энергетика компаниясының биылғы қысқы науқанға даярлық-әзірлігі еді. Оны компания басшысы Виктор Шмыглов бастан-аяқ баяндады. Былтырғы шығын турасында және тариф мәселесі қызу талқыланды.
– Былтырғы шығынды әлгінде айтып бердіңіз. Тарифті өсіруге де жан-жақты қарап, пысықтау керек. Кейбір жылу құралдарын күрделі жөндеуден өткізген екенсіздер. Баяндауыңыз бойынша 3,5 шақырымға жуық жылу жүйесін жөнделген тәрізді. Биылғы қыстың қандай болатынын уақыт өзі көрсетеді. Бірақ бізге белді бекем буу қажет. Осы жердегі барлықтарыңызға айтарым бар, қандай жағдай болса да, біз өзімізге жүктелген міндет пен талап үдесінен шығуымыз қажет. Бастаған істеріңізді уақытында орындаңыздар,– деді Нұралы Садуақасов.
Бұдан кейін өңір басшысы жақында ғана күрделі жөндеуден өткен Майлин көшесіндегі 2а үйінің ғимаратына табан тіреді. Мұнда ол облыстық білім басқармасының бес бірдей орталығы жайғасатын орындарды аралап көрді.
– Мінекей, енді сіздерге қолайлы жағдай туды. Бұған дейін тарыдай шашылып келген басқарма орталықтары бір ғимаратқа көшіріліп, жұмыс істеуге үлкен жеңілдік туды. Осы аптада жаңа қонысқа көшесіздер. Қоныс құтты болсын! – деді Нұралы Садуақасов.
 Білім басқармасын көріп, іші-сыртын аралаған Нұралы Садуақасов жөндеу жұмысына көңілі толғанын жеткізды. Ғимараттың артқы жақ бетіндегі "Аймақтық денешынықтыру орталығы" орналасқан маңға келіп, ашық    алаңқайға көз тастады.
– Бұл жерге спорт алаңын салса, қандай жақсы болар еді. Бірақ болашақта осы мәселені ойланып, пысықтап көрелік,– деп орынбасарларына тапсырма жүктеді.
 
СУРЕТТЕ: Облыс әкімі тұрғын үй кешені құрылысымен танысуда.
Нұрболат   МЕШІТБАЕВ
Суретті түсірген  Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓