Дәрігер тапшылығын қайтсек жоямыз?

ауруханаБүгінде осы мәселе шағын қалалар мен ауыл-аудан басшыларын алаңдатып отырғаны рас. Себебі медициналық оқу орнын бітірген түлектердің көбі шалғай елді мекендерге барғысы келмей, облыс орталықтары мен Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда қалуда.
Мәселен, Лисаков қалалық ауруханасының бас дәрігері берген мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда қалада терапевт, инфекционист, травмотолог, кардиолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог сияқты мамандар тапшы. 2011 жылдан бастап жолдамамен 18 жас маман келгенімен, осы уақыт аралығында түрлі себептермен 8 дәрігер жұмыстан босатылған. Барлық жас мамандарға қалалық аурухана балансынан қызметтік пәтер мен арендалық тұрғын үй де берілді. Оның ішінде, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 11 түлек көтерме ақы алды. Дегенмен кадр түйінін түбегейлі тарқату мүмкін болмай отыр. Осы орайда, әлеуметтік желілер арқылы жастардың арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде бірнеше себептерді анықтадық.
Біріншіден, оқу бітірген жас маман баратын елді мекеннің облыс орталығына жақын болғанын қалайды. Әрі кетсе бір жарым сағаттық жол болса екен дейді. Яғни олар Денисов, Жітіқара, Қамысты, Наурызым, Арқалықтан гөрі Рудный, Лисаков, Алтынсарин, Меңдіқара, Әулиекөл, Федоров, Таран сияқты аудан-қалаларды қолайлы санайды.
Екіншіден, респонденттердің көбін баспана мәселесі мен көтерме ақының көлемі қызықтырады. Берілетін жәрдемақы мөлшері кемінде 400-500 мыңды құраса, олар жаңа жерде еңбек жолын бастауға дайын.
Үшіншіден, жалақы мөлшері. Көп жастар мемлекеттік медициналық мекемелерден гөрі «частныйда» істесек, қалтамыз қампияды дейді. Сондықтан жеті жыл алған білімді 70 мың теңгеге қиғысы келмейді.
Сауалнама барысында жастар жергілікті билік тарапынан жеткілікті назардың болмауы, көтерме ақы тағайындаудың ұзаққа созылуы, балабақшаға баласын орналастыра алмау сияқты мәселелер жаңа жерге келген жас маманның кері қайтып кетуіне себеп болатындығын айтады.
Иә, бұл пікірлерге менің алып-қосарым жоқ. Айтарым, мемлекеттік тапсырыс арқылы медициналық мамандар даярлау кезінде әр ауыл-аймақтың сұранысы ескеріліп, жолдама арқылы нақты елді мекендерде жұмыс істеуді міндеттесе, бұл мәселе де көп ұзамай шешілер еді.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓