Басшы мен бағыныштының айқасы
Аймақтық әділет департаменті басшысының орынбасары Жандос Әлімов пен осы мекеменің аға сот орындаушысы Серік Сарбасов арасындағы жанжал облыстық сотқа жетті. Бұл текетіреске лауазымды шендінің қарамағындағы қызметкерді балағаттағаны себеп болып отыр. Бұған дейін Әлімовтің әрекетін теріс деп тапқан мамандандырылған әкімшілік сот оны ҚР ӘҚК 434 бабының 1-ші тармағы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзып, ұсақ құқықбұзушылық жасады деген айыппен 10 АЕК жазасына тартқан.
20 қаңтар күнгі сот шешіміне сәйкес оқиға төмендегідей өрбіпті. Өткен жылдың 27 желтоқсаны күні облыстық әділет департаменті басшылығы қызметкерлерге жаңадан тігілген сот орындаушылардың киім үлгісін көреміз деп, барлығына үшінші қабаттағы мәжіліс залына жиналыңдар деген хабар береді. Бірінші басшы келерден бұрын қарамағындағылар түгел біркелкі киініп дайын отырған ғой. Мәжіліс залының сыртында департамент басшысының қос орынбасары – Ж.Әлімов пен А.Жүнісов тұрады. Осы кезде үстіне күнделікті костөм-шалбар киген аға сот орындаушы С.Сарбасов келе қалыпты. Ж.Әлімов арнайы киімсіз жүрген бағыныштысына неге басшылықтың талабына құлақ аспағанын айтып, оның соңы шендінің дөрекі балағат сөздеріне ұласады.
Сарбасов өзін қорлаған департамент басшысының үстінен полицияға арыз жазған. Бұл сұмдық көрініске сол мекемеде жұмыс істейтін Б.Шакеров пен Ө.Ханой екеуі куә болған екен.
Ал бұл жолы Ж.Әлімов бұған дейінгі шығарылған әкімшілік сот үкімінің күшін жойып, істі тоқтатуды сұрап облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіріп отыр. Түске дейін судья барлық тараптың жауабын тыңдады. Ж.Әлімов «аға сот орындаушысына ауыр сөздер айтқан жоқпын, тек оның арнайы киім кимегенін ескерттім, ал ол маған қарата дөрекі жауап қайтарды» деді. Бірақ С.Сарбасовтың уәжі басқаша:
– Арнайы киімнің болмағанына мен кінәлі емеспін, мен және тағы бірнеше адамның киіміне есеп бөлімі тапсырыс бермеген. Мен осы жайында Жандос Әлімғазыұлына баяндадым. Ол маған «талапты орындамадың, ісім сенімен болады» деп қоқан-лоқы көрсетті. Артынан аузынан небір балағат сөздер кетті. Осы жолы маған сырттан бастапқы ойыңнан айнып, істі тоқтатуға өтініш бер деген қыспақтар жасалып жатыр.
Сотта Ж.Әлімовтің тағы бір әріптесі – облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары А.Жүнісов пен аталған мекеменің шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушісі А.Сексембаева куәгерлікке шақырылды.
– Біз жоғарыда айтылғандай департамент ғимаратының үшінші қабатында тұрғанбыз. Әлімов пен Сарбасов бір-біріне сөз қайтарып, ұрысқаны рас. Бірақ осы арада мен оларға «жігіттер бұларың не, қойыңдар» деп ескерту жасадым да, өзім төменгі қабатқа түсіп кеттім. Әрі қарай не болғанын білмеймін, – деді А.Жүнісов.
Бейсенбі күні кешкі сағат 17.00-де облыстық сотта аталған іске нүкте қойылды. Судья Ж.Әлімовтің әрекетінде құқық бұзу сипатының жоқтығын, әріптестер арасындағы сөзге келу сол мекеменің ішінде болғанын атап, бұған дейінгі шығарылған әкімшілік сот үкімінің күшін жою туралы қаулы шығарды, орынбасардың істі тоқтату апелляциялық шағымын қанағаттандырды.
Дегенмен орынбасардың қылығы қазір ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде қаралып жатқанын айта кетейік.
Қыдырбек Қиысханұлы
Суретті түсірген Айбек Жүзбай.
Уят болган екен азаматтар