Алимент борышы – 359 миллион!

Бұл тек Қостанай облысындағы жағдай. Бұл туралы құзырлы орган өкілдері облыстық прокуратурада өткен алимент өндіру проблемаларын шешуге арналған ведомствоаралық жоспарды талқылау кезінде айтты.
алимент Өңірімізде алимент қарызы 359 млн. теңгеге жеткен. Яғни, 4 610 бала өзіне тиесілі нәпақасынан қағылып жүр деген сөз. 2013 жылы алимент өндіру бойынша атқару өндірісі 22 пайызға артқан. Ведомствоаралық жоспарды талқылау кезінде барлық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Облыс прокуроры М.Қайыбжанов қазір еліміздегі отбасы институты жүйелі дағдарысты бастан кешіріп жатқанын, мұның зардабын ата-ананың ыстық алақанын сезінбеген балалар тартып, өздігінен тамағын асырап, киімін бүтіндеуге шамасы жетпейтінін айтады. Алимент төлемдері түспегендіктен балалардың басым бөлігі күн көру үшін өздері ақша табуда. Осының салдарынан көптеген жасөспірімдер білім алудан бас тартып, саналы тәрбиеден айырылып, ақыры бұзақылық, қылмысқа дейін барып жатады. Облыс прокурорының орынбасары С.Әбденов борышкер ата-аналармен күресуде бірқатар мәселелердің орын алғанын айтты: -Борышкерлермен күрес жүргізіліп жатыр, алайда нәтиже шамалы. Алимент төлеушілердің жауапсыздығы, тұрақты жұмыстың жоқтығы, сот орындаушылар жұмысының әлсіздігі, сондай-ақ, көші-қон полициясы жүйелі жұмыс жүргізбеуде. Облыстық прокуратура берген мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы 117 борышкер әкімшілік, тағы үш қарызгер қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 300 жүзге жуық борышкерге еліміздің шекарасынан шығуға тыйым салынған. -Борышкерлерді ұстау мәселесі бойынша көші-қон полициясының құзыреттін кеңейту қажет. Қолданыстағы заңнамаға толықтырулар енгізу туралы Мәжіліске ұсыныс жолдадық, – деді «Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Бектұрғанова. – Екіншіден, алимент төлеуден жалтарған ата-ананың соттылығы туралы мәлімет келешекте баланың болашағына, тағдырына әсер етпеуі тиіс. Ведомствоаралық мәжілісте алимент төлеуден жалтарып жүргендерді жұмысқа орналастыру мәселесі де қаралды. Бірақ олардың дені жұмыс істеуге құлықсыз. Қазір Қостанай облысы бойынша 1800 бос жұмыс орны бар. Алайда борышкерлер жұмысқа тұруға асығар емес.
 
Шұға Қоңқабай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓