Надежда үмітті ақтады
2-6 ақпан аралығында Бурос қаласында бокстан The Golden Girl championship турнирі өткен болатын. Оған 22 елден 254 спортшы қатысты. ҚР жастар құрамасы сапында 2015 жылғы әлем чемпионы, қостанайлық Надежда Рябцева ел намысын қорғады.
Ол үш кездесу өткізіп, барлығында да төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті. Әуелгі қарсыласы – ирландиялық былғары қолғап шебері. Надеждамыз оның жеңіске деген үміттін үзді. Ал финалда канадалық өте мықты қарсыласпен кездесті. Бапкер берген нұсқаулар мен тактикаларды бұлжытпай орындау арқылы Рябцева оны да тізе бүктірді. Ұзақ жол жүріп бару мен сағаттық белдеудің ауысуы спортшыларға қолайсыздық тудырғаны анық. Мәселен, Надежда алғашқы жекпе-жегін біздің уақытпен 1.30-да өткізген.
Айта кетейік, жеңімпазымыз №8 ОМ 10-сыныбында оқиды. Қолына былғары қолғап кигеніне жеті жылдың жүзі. Ал қазіргі уақытта қараша айында өтетін әлем чемпионатына дайындалуға кірісті. Ол осыдан екі жыл бұрын қол жеткізген жетістігін қайталап,әлем чемпионатын екінші мәрте мойындатқысы келеді.