Қысқы ойындар қызығы

Қаламызда ІІІ республикалық ауыл жасөспірімдерінің қысқы ойындары бастау алды. Қысқы спорттық ойындар 7-14 желтоқсан аралығында спорттың төрт түрінен: шайбалы хоккей, қысқы президенттік көпсайыс, қысқы спорттық бағдарлау, конькимен жүгіру бойынша өтеді. Оған еліміздің 8 облысынан қатысушылар келді. Олардың қатарында Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының ойыншылары бар.
Шараның салтанатты ашылуы «Мирас» мәдениет үйінде өтті. Облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова жастарға сәттілік тілеп, бұл салада атқарылған істерге де тоқтала кетті.
– Біздің өңірде спорттың дамуы үшін көптеген істер атқарылып жатыр. Биылғы жылы біз шаңғы базасын іске қосамыз. Сонымен қатар облыс орталығында мұз сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Биыл спорттық жабдықтар, конькилер сатып алынды. Мектептерге барғанда балалардан спорттың қай түрімен айналысатынын сұраймын. Қысқы спорт түрлері біздің жастарды қызықтыратыны мені қуантады. Тоғыз мыңға жуық бала қысқы спорт түрімен айналысады екен. Сондықтан біз бұл саланы әлі де болса дамытып, оған бар жағдай жасауымыз керек. Сіздердің де араларыңызда елімізді әлемге танытар спортшылардың шығатынына сенімдімін. Сіздерге сәттілік тілеймін, – дей келе Бақыт Есімова ІІІ республикалық ауыл жасөспірімдерінің қысқы ойындарын ашық деп жариялады.
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓