Адамның бір қызығы бала деген…

Суреттегі кішкентай қыздардың есімдері Динара және Айдана. Екеуі апалы-сіңлілі.  Динара сегіз жаста, ал Айдана алты жаста. Балалар бір аптадан бері Қостанай қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Қайда барса да қойдың егіз қозысындай бір-бірінен қалмайды. Есік ашылса елеңдеп, терезеге қараумен жүргені. Жұдырықтай жүректері ата-анасын іздейтінін кімге барып айтсын…_MG_2261Динара мен Айдана Стецюктің анасы ішімдікке салынып кеткен. Сондықтан, екі жыл бұрын ата-ана құқығынан айырылыпты. Әкесінің қайда екені белгісіз. Балалар бұған дейін бөгденің қамқорлығында болып келді. Қамқоршысы әрі қарай бағудан бас тартып, бейімдеу орталығына тапсырыпты. Аталған мемлекеттік мекеменің әлеуметтік педагогтары қыздарға өте жақсы қарап жүр.
Орталықта Динара мен  Айдана секілді көптеген бала бар. Олар мұнда заң бойынша үш ай мерзімге дейін болады. Одан кейін мекеменің мамандары балаларды ата-аналары немесе туған-туыстарына табыстайды. Жақындары табылмаса заңның аяында жетімдер үйіне өткізеді.
Қазіргі күні Қазақстанда жетімдер үйінің санын азайтуға мемлекетіміз ерекше мән беруде. Өйткені, әр бала өз отбасында өсуі керек. Қостанай облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Бычкова аталған орталыққа арнайы соғып, балалардың хал-жағдайын біліп, сондағы тұрмысты өз көзімен көрді. Мемлекет балаларға барлық жағдайды жасап отыр-ау. Бірақ, ата-ананың орнын ешкім де алмастыра алмайтыны анық.
Бет қатталып жатқанда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының орынбасары Сәуле Наурызбековаға хабарласып, апалы-сіңілі Стецюктардың жағдайын сұрадық. Сәуле Ғалымжанқызы екі қызды балалар үйіне өткізуге дайындалып жатқандарын айтты.
«Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім». Бұл  ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеудің мәнін хатқа түйіп, жазып кеткен һәкім Абайдың өсиеті. Кейде сол ұлылардан қалған ұлағатты сөздің желге ұшып кете баратыны несі…
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓