Кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастырылған
Облыста кәсіпкерлерді қолдаудың үш бағыты бойынша қаржыландыру бағдарламасы басталды. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихатында облыстық индустриалдық-инновациялық және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Роза Горянная айтып берді.Оның айтуынша, үстіміздегі жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өңірге 2 млрд 103 млн теңге бөлінген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда сәл аздау. Дегенмен, өткен жылы түгелге жуық қаржы игерілген. Тек 300 мың теңгесі ғана республикалық бюджетке қайтарылыпты.
Биыл да «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлерге 30 млн теңгедей қайтарымсыз және кепілсіз гранттар беріледі.
-Бұл өте тиімді шара,-дейді басқарма басшысының орынбасары,- Өткен жылы 110 адам мемлекет грантын алуға өтінім берсе, соның 16-сына тиісті ақша берілді. Тек, бұл бағыттағы қаржы 3 млн теңгеден аспауы тиіс. Тіпті, бір кәсіпкер 300 мың теңгеге өтініш беріпті. Ол көптен бері аяқ-киім жөндеумен айналысатын көрінеді. Әлгі ақшаға құрал-жабдықтарын жаңартқысы келген. Кәсіпкер мүгедек бола тұра, өз кәсібін ашып, дөңгелентіп отыр. Біз мұндай кісілерге әрдайым қол ұшымызды созуға дайынбыз.
Бұл жолы грнат алғысы келетін жандардың өтініштері наурыз-сәуір айларында қабылданатын болады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тағы екі қаржыландыру тетіктері жұмыс істейді. Олар- «Даму» қоры арқылы және кәсіпкерлер Палатасы жанындағы «Атамекен-Қостанай» ЖШС. Мәселен, өңірлік қаржыландыру бағдарламасына облыстық қазынадан 250 млн теңге бөлінсе, «Даму» қорына да осынша сомадағы ақша қаралған. Оның үстіне 138 млн теңге «Атамекен-Қостанай» серіктестігіне берілді. Бұл екі бағдарлама бойынша өтініштер түсіп жатыр дейді басқарма басшысының орынбасары.
Әзірге кәсіпкерлікті жаппай дамыту және жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы басталған жоқ. Дегенмен, аудандар мен қалаларда оның қалай жүзеге асырылатындығы жөнінде жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, бағдарламаға қатысқысы келетіндердің тізімдері алынып жатыр.
-Бұл жағдайда кәсіпкерлер мынаны ескеруге тиіс,-дейді Роза Горянная,- Бағдарламаға қатысушылар міндетті түрде бизнес негіздерін оқуы керек. Егер біліктілігін жетілдірген болса, онда сол туралы сертификатын көрсетсе жеткілікті. Ал егер оқымаса, алдын ала қысқа тегін мерзімді оқуға жазылуларына болады. Екінші бағдарлама бойынша мемлекеттік қолдау аясында 18 млн теңгеге дейін шағын несиелер қарастырылған. Бірақ, ол үшін кепілге қоятын мүлік қажет. Сосын мүліктің құжаттары дұрыс толтырылуы міндет.
Жаңа бағдарлама бойынша облысқа 2 млрд 777 млн теңге қаражат бөлінеді. Оның 740 млн теңгесі қалалық кәсіпкерлерге, қалғаны ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға беріледі.
Әлібек ЫБЫРАЙ