Ерен істермен ерекшеленді
Әулиекөл ауданы – облыстағы ауылшаруашылық саласы қарқынды дамыған жетекші өңірлердің бірі. Бітік егін өсіріп қана қоймай, мал басын көбейтуге де ден қойған аудан үстіміздегі жылды лайықты қорытындылады. Біз орайы келгенде аудан әкімінің орынбасары Асхат Қисықовпен сұқбаттасқан едік. -Асхат Ғалымұлы, әңгімеміздің әлқиссасын биылғы жиын-терім науқанынан бастайықшы. Үстіміздегі жылы облыстың қай өңірі болсын, диқандарға ауа-райы да аз кедергі келтірген жоқ. Соған қарамастан, шаруалар жылдағыдай емес, мол өнімге қол жеткізді. Мұның сыры неде?
-Әрине, әр жыл өзінің қандайда бір ерекшеліктерімен есте қалады. Биылғы жыл да шаруаларға оңайға тиген жоқ. Соған қарамастан біздің ауданның ауылшаруашылық тауар өндірушілері науқандық жұмыстары уақытылы әрі сапалы аяқтады деп батыл айта аламын. Бұл жерде, біріншіден диқандардың жанкешті еңбегін айрықша атап өткен жөн. Екінші ол, әрине, алқаптарға жаңа технологиялар енгізу, шаруашылық құрылымдарының техника паркін әлсін-әлсін жаңартып отыруы көп септігін тигізді. Мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асып жатқан шаралар екендігі даусыз. Нәтижесі сол, аудан бойынша ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісі артты. Биылғы егін шығымы орта есеппен алғанда әр гектардан 11,2 центнерден айналды. Яғни, барлық алқатан 245 мың 900 тонна сапалы астық жинап алдық. Жалпы, 219 мың 600 гектарға түрлі дәнді дақылдар себілсе, тек соның 212 мың 400 гектары немесе барлық егіс алқабының 97 %-і бидайға тиесілі. 32 мыңнан астам гектарға шөп, 4 мың 600 гектарға майлы дақылдар егілді. Орайы келгенде айта кетуіміз керек, 81 мың гектар алқапқа ылғал сақтағыш технология қолданылды.Соның ішінде 40 мың гектар нөлдік технологияның арқасында игерілді.
Мұның сыртында аудан шаруалары 138 мың 800 тонна шөп шауып, қыстақ бастарына тасып алды.17 мың тонна пішендеме мен 3 мың тоннадан астам сүрлем әзірленді. Яғни, қысқы мал азығынан еш қысылмаймыз.
-Жалпы, өңірдегі ауылшаруашылық саласының дамуына мемлекет тарапынан да аз қолдау жасалып жатқан жоқ. Жыл сайын науқандық жұмыстар алдында жеңілдетілген бағамен жанар-жағар май, қосымша қаржы бөлінеді. Мұның бәрі ауылдағы егін егіп, мал өсіріп отырған ағайынға үлкен көмек екендігі сөзсіз…
-Оныңыз рас. Мәселен, ағымдағы жылы аудан ауылшаруашылық тауарөндірушілерін қолдау мақсатында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ «Тобыл» ӘКК-ның кепіл болуымен шаруаларға 330 млн.900 мың теңге көлемінде несие берді. Қаржы жыл соңына дейін толығымен игерілді. Яғни, есепті кезеңде барлық кәсіпорындар берешектерінен толық құтылды.
-Әулиекөл ауданында әлеуеті жоғары шаруашылықтар аз емес. Биылғы жиналған мол астықтың дені солардың еншісіне тигендігін естідік. Аудан бойынша ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген ұжымдардың еңбегі ақталған екен.
-Ақталды деуге болады. Ауданымыз бойынша ең көп астық жинаған «Қайсар-Агро» ЖШС-і әр гектардан 15,9 центнерден өнім алды. Айтпақшы осы шаруашылықтың басшысы Абдул-Вагап Митаев ел Тәуелсіздігің 25 жылдығы қарсаңында Президент Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына тақты. 14,2 центнерден өнім жинаған «Диев» Агрофирмасы» ЖШС-нің басшысы да осындай марапатпен аталып өтілді. Сондай-ақ, «АгроКомЛэнд» ЖШС-13 центнер, «Ғ.Хасенов» шаруа қожалығы-15 центнер және Э.Ф.Шуллер» шаруа қожалығының астық шығымы 11,2 центнерден айналды. Бұлардың бәріне лайықты құрмет көрсетілді.
Негізі, үстіміздегі жылы аудан үшін берекелі жыл болды. Диқандар мол өнімге кенеліп, қойма сапалы астыққа толды. Біздің ауданда «Аманқарағай элеваторы» және «Агросток» ЖШС тәрізді екі ірі элеватор жұмыс істейді. Олардың сиымдылығы шамамен 280 мың тоннаға жуық. Бүгінде онда жаңа орылған 111 мың тонна бидай сақтаулы.
Шаруашылықтардың машина-трактор паркін жаңалауда да соны өзергістер жоқ емес. Биыл шаруалар жаңадан 16 трактор, 16 астық жинайтын комбаин, 8 «КАМАЗ» көлігін сатып алды. Осындай жоғары өнімді техникалардың арқасында»Диев» Агрофирмасы» ЖШС комбайыншысы Арман Арыстанов 3 мың 168 тонна астық бастырды. «АгроКомЛэнд» ЖШС комбайыншысы Михаил Макаров 1 мың 124 тоона, «Т.Т.Успанов» шаруа қожалығының жүргізушісі Серік Досмайылов өзінің «КАМАЗ» көлігімен 2 мың 540 тонна астық тасыды. Бұл аталған азаматтардың да еңбегін атап өткен жөн.
-Асхат Ғалымұлы, Сіздердің аудандарыңыз облыстағы қос шаруашықты қатар тізгіндеп отырған өңірлердің бірі. Яғни, бітік егін өсірумен қатар, мал басын көбейтуде де әулиекөлдіктер алдыңғы қатарда. Мұның да аудан экономикасының дамуына қосар үлесі орасан. 2016 жыл бұл салаға да елеулі табыс әкелген тәрізді.
-Ауданымызда мал шаруашылығына айрықша ден қойылған. Соның арқасында жылма-жыл мал басын көбейтіп, халыққа қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету ісі ілгерілеп келеді. Бүгінгі таңда өңір ауылшаруашылық құрылымдарының күтімінде 16 мың 100 қара мал бар. Яғни, бұл аудандағы ірі қараның 41 %-ына тең. Жалпы, біздегі ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемінің басым бөлігі мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ол жыл озған сайын артып келеді. Өзіңізге мәлім, аудандағы «Диев» Агрофирмасы» ЖШС, «Москалев» ЖШС, «ИНСПЭК» ЖШС мал шаруашылығын өркендетіп отырған алдыңғы қатарлы ұжымдар. «Диев» агрофирмасының өзінде 3 мың 500-ден астам қара мал бар. Фирмада жыл он екі ай бойы 100-ге тарта адам тұрақты жұмыс істейді. Шаруашылық жыл сайын өз қаржысы есебінен және несиелік ресурстарды тиімді пайдаланудың нәтижесіне жоғары табысқа кенеліп жүр. Мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік бағдарламар да дер кезінде көмекке келгенін айта кету керек. Аудан шаруашылықтары «Сыбаға» бағдарламасы бойынеша-65 ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен-53 жылқы және «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 200 қой сатып алды.Бұл сандар алдағы уақытта өсе түсетіндігіне өз басым кәміл сенемін.
Міне, біздің Әулиекөл өңірі кетіп бара жатқан 2016 жылды осындай жетістіктермен шығарып салғалы отыр. Келер жылдан күтер үміт бұданда зор. Қайткенде, мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауында белгіленген басым бағыттарды алға жылжытуда аянып қалмасымыз анық. Жаңа жыл баршаңызға бақыт, отбастарыңызға шаттық әкелсін. 2017 жыл Қазақ халқы үшін қайырлы, берекелі жыл болсын!
– Сұқбатыңызға рахмет! Елге еткен еңбектеріңіз еселене берсін.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.