Кооперативке көмек көп
Үстіміздегі жылы облыста 17 ауылшаруашылық кооперативі, 6 сүт қабылдайтын орын және 700-ге жуық отбасылық мал бордақылау алаңдары құрылмақ. Мамандардың айтуынша, бұл шараны жүзеге асыру әбден болады. Өйткені, мемлекет тарапынан нақты қаржылай қолдау көрсетіледі. Оның үстіне өңірде кәсіп ашып, өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін жақсартқысы келетін ынталы азаматтар аз емес.1 ақпаннан бері елімізде ауыл тұрғындарына кооператив құрудың тиімді тұстарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда ауылшаруашылық кооперативтерін қолдауға бағытталған мемлекеттің жаңа механизмдері негізге алынған. Айтпақшы, жер-жерде кооперативтердің санын көбейту үшін Үкімет «Кооперативтер туралы» арнайы Заң қабылдағаны да белгілі.
Кооперативтерге біріккен шаруалар бұрынғыдай өз мүліктеріне, жерге иелік ете алады және заңдылық құқықтарын сақтай алады. Оның үстіне өз шаруасын дөңгеленту арқылы табыс табуға болады. Сондай-ақ, кооперация түрлі мемлекеттік қолдауларға иек артады. Бұл бағдарламаның ең маңызды шарасы деп белгіленген.
-Несиелеу бағытына тоқталсақ, оның бәріне жеңілдіктер қарастырылған. Яғни, жылдық үстемақысы 6 проценттен аспайды. Бұл бүгінгі таңда ең төменгі көрсеткіш,-дейді ҚР АШМ сараптама және стратегиялық жоспарлау департаментінің бас эксперті Еркін Наурызбеков.
Жалпы, қолда бар деректерге сүйенсек, 2017 жылы біздің облыста жоғарыда аталған ауылшаруашылық кооперативтерірен бөлек 7 жем өндіретін цех, 7 мал соятын пункт, 683 отбасылық мал бордақылау алаңы ашылуға тиіс. Арнайы сүт қабылдайтын орындарда тұрғындарға нақты қызмет көрсететін болады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ