Мұрат Әуезов: «Тархан Жәнібек – Еуразияның тарихи тұлғасы»

Өткен жылы Қостанай жеріне Қобыланды батырдың тас мүсіні орнатылған болатын. Еңселі ескерткіш қалың қазақты бір марқайтып, ата-баба рухына тағзым болған еді. Оның үстіне, ескерткіш бүгіндері қала көркін кіргізіп, өскелең ұрпаққа ұлағат болып тұр.
Ел ағалары ендігі тағы бір бабамызға арнап ескерткіш қоюды қолға алыпты. Бұл хабарды естіген біз, әрине, қуанып қалдық. Топырағын түртсе тарихы шығатын Тобыл-Торғай өңірінде таланттар таусылған ба! Мұндай құрметке әбден лайықты тұлғалардың бірі – Шақшақ Жәнібек батыр. Торғайдың Тосын құмында дүниеге келіп, бүкіл қазақтың батыры, Орта Азияның Тархан Жәнібегіне айналған баһадүрге туған өңірінде ескерткіш керек-ақ.
Осы тақырып төңірегінде және басқа да мәселелер бойынша мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтің ойын білген едік. Шақшақ Жәнібек жайында сөз болғанда Мұрат Мұхтарұлына келуіміз бекер емес. Батыр жайлы «Между всеми старшинами знатнейший» атты кітаптың жарық көруіне «Мұхтар Әуезов» қоры мұрындық болған.   IMG_3710
 
«Тархан Жәнібек – тағдырдың өзі берген асыл сыйы»
 
-Мұрат аға, әуелі сол бір қилы замандардағы Шақшақ Жәнібек бабамыздың ерлігі мен қазақ халқының болашағы үшін жасаған батыл қадамдары туралы не айтар едіңіз?
-Қазақ тарихының тамыры тереңде. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасымен біраз ғалым тер төгіп, көп шаруа атқарылды. Сонда көтерілген мәселелердің бірі – біздің тарихымыздың нақты бастау алатын кезеңін анықтау. Оқыған азаматтардың болжамы бойынша, шамамен 2 жарым мың жыл бұрын Еуразия төріне көшпелі халық келіп қоныстанады. Уақыт өте келе жеке жатқан мемлекеттер бір-бірімен байланысып, сауда-саттық жүреді. Халықтар аралас-құралас болып, танысып, тұрмыс-тіршілігі біте қайнасып кетеді.
Сонау ғұндар мен сақтар, жалпы көне түркілер, Шыңғыс хан кезеңінен бері келе жатқан көшпенділер үлкен күш болған. Жалпы адамзаттың дамуына осы біздің ата-бабаларымыз көп үлес қосқан. Өйткені, дүниежүзілік діндер де екі жарым мың жыл бұрын пайда болды. Пайғамбарлар келіп, ақ-қара ажыратылған. Оған тарихи себептер де жетерлік. Бір-бірін тану үшін даму амалдары жасалған. Конфуций, Лао Цзы, Будда, Заратуштралар да сол кезде дүниеге келе бастады. Бәрінің араласып, алмасуына көшпенді халықтың тұрмысы ықпал еткен. Бұл сондай ғажап дәуір еді.
Ал, XVIII ғасыр көшпенді өркениетінің тоқырау заманы болды. Тіпті, бір-біріне сондай жақын болған, салты да тұрмысы да ұқсас, қыз алып, қыз берісіп жүрген жоңғар мен қазақ халқының арасында өшпенділік ұялайды. Бұл туралы тарихты жақсы білген азаматтардың бірі Әбіш Кекілбаев жазып кеткен.
Екеуі де әлгі Шыңғыс хан империясынан тараған көшпенді халық еді. Заман сондай өзгерді, кейін бұлар айтысып, шайқасып, бір-бірін құртуға айналды. Бұл – көшпенді тарихындағы үлкен трагедия. Жоңғар мен қазақ соғысып, «атаңа нәлет, ата жау» деп қарсы шықтық. Ал, бұның бәрі – маңдайға жазылған тағдыр. Өткенді қазбалайтын болсақ, туыстас ел едік. Бізге ортақ бір тарих болатын. Соғысқа себеп – көшпенділерден қалған жерге жоңғар мен қазақтың таласуы. Өйткені, жоңғарларды бір жағынан қытайлар қыспаққа алып, ығыстырып отырған. Мына жағынан Ресей Империясы да күшейіп келе жатты. Бұның бәріне дүниежүзі тарихы куәлік ете алады.
Кезіндегі Асан қайғының желмаяға мініп, жерұйықты іздеуі, Доспанбет жыраудың өлеңдерінде туған жермен қоштасуы да бекер емес. Заман өзгерді. Бұқар жырау, бертін келе зар заман ақындары үлкен қиын кезеңдердің келе жатқанын сезген. Сол кездің абыздары халықты келер қилы заманға, осы бір қауіпке дайындады.
Ал, сол кездегі қазақтың мықты азаматтары: Әбілқайыр, Абылай хандарды жеке батыр деп тануға болмайды. Оларда халықтың күші болды. Керемет ақындар, жыраулар, батырлар және рухы мықты халықтың арқасында кез келген жауға тойтарыс бере алды. Олар жеке меншік үшін соғыспады, халық үшін жауға аттанды.
Осы кезеңдердегі ұлы тұлғалардың бірі – Шақшақ Жәнібек. Ол кісінің ерекше ерлігі мен мәмілегерлігі, ел үшін атқарған еңбегін жақсы білуіміз керек. Бұл бір жергілікті деңгейдегі ғана батыр емес, жалпы қазақтың, одан әрі көшпенді өркениеттің ұлы тұлғасы. Еуразия тарихында ерекше орын алатын адам. Сол қилы заманға берген тағдырдың сыйы дер едім. Ол өзінде бар ақыл-ой, батылдықты еліне арнады. Керек болса, өз басын өлімге тікті. Нағыз ойшыл, мәмілегер, батыр сауатты адам болды. Анна Йоанновна мен Елизавета патшайымдарға жазған хаттарының бәрі осы сөзімізге нағыз дәлел.
Бұл кісінің ғұмыры тарихи фильмге сұранып тұр. Осы кісіні негізге ала отырып, бүкіл Еуразия тарихын көрсетуге болады. Жақсы режиссер болса, әлемдік кино-аренаға шығар ма еді, кім білсін. Заманында Әбілхайырды қолдап, Абылай ханға жол көрсетуі тарихта үлкен рөл атқарғанын көрсетіп тұр.
Ірі тұлғаларды еске алып, олар туралы ізденер кезде,бір өкініштісі, көшпенді тарихына қатысты нақты деректердің болмауы, дәлел келтіретін қағаздардың жоқтығы. Ал, енді біздің шүкір ететініміз, Жәнібек Қошқарұлына қатысты құжаттар жетерлік. Жазған хаттары бар. Бірақ, әр жерде жатыр. Оларды жинау керек.IMG_3724
-Ал, енді бүгінгі қоғам Тархан Жәнібекті қаншалықты құндап отыр? Жалғыз ескерткішпен батырдың тұлғасын асқақтата аламыз ба?
-Ғылымның шыңына шыққан, белгілі тарихшы Ирина Ерофеева осыны жақсы зерделеп, «Между всеми старшинами знатнейший» деген Жәнібек батыр туралы кітап жазып шықты. Үлкен ғылымда ұлтқа бөлінбейді. «Мұхтар Әуезов» қоры бірталай кітапты басып шығарды. Соның ішінде ең бірегейі – Жәнібек туралысы. Тарихи жинақты шығаруға бірден бір себепкер мен болдым. Өйткені, менің ұлым Мағжан анасы жағынан Шақшақ Жәнібектің ұрпағы болып келеді. Мүмкіндік болып тұрғасын тақырыпты кеңінен қаузауға түрткі болдық. Бірде ұлымның Алуа деген ағайын қарындасы жап-жас болса да: «Осындай бабаларымыз бар екен. Соларды неге дұрыстап танымаймыз?», деп ой салған еді. Жас баланың сөздерін ескеріп, шынымен де, тарихи тұлғаны қайта жаңғыртуды қолға алдым. Кейін Ирина Викторовнаға хабарласып, Жәнібек Қошқарұлы туралы жақсы бір кітапты шығаруға кірістік. Біз кітап шығарған кезде жан-жаққа шашырап кеткен бір атаның балалары, осы Жәнібек батырдың ұрпақтары бір-бірін тапты.
Алғаш қолжазбаны оқып шыққанда тарихи фильмге сұранып тұрған дайын сценарий деп баға бергенмін. Енді, міне, елінде, Қостанай жерінде ескерткіші қойылғалы жатыр. Соған байланысты Кенжеғали ағаларыңмен келісіп, кітапты жаңадан басып шығаруды жөн көрдік. Қазақ тілінде көптеген ақпарат, дерек бар. Бірақ, бұл кітаптың орыс тілінде шығуы өте орынды. Әсіресе, Қостанай аймағы үшін. Кез келген көзі ашық адам бұл кітапты оқиды да, Жәнібектің кім болғанын біле алады.
Сондықтан Жәнібек сияқты батырларымызға ескерткішті қойып, осымен шаруа бітті деген ниеттен аулақ болу қажет. Дәріптеуді күшейту керек. Ол кісілердің рухы өскелең ұрпаққа сенімділік береді. Керек десеңіз, біз Тархан Жәнібекті қайта тірілткендей болып отырмыз.
Сол кездегі қазақтың сыртқы саясатын керемет орнатқан адам. Ресеймен де, Қытаймен де жақсы қатынаста болды. Өткеннің тәжірибесі бізге қазір өте қажет. Шақшақ Жәнібек ұлтымыздың осы күнгі тағдырына тікелей байланысы бар тұлға дер едім.IMG_3718
 
«Қытай – менің тағдырым»
 
-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанның Қытайдағы бірінші елшісі болдыңыз. Осы екі ел арасындағы қазіргі қарым-қатынасқа қандай баға беруге болады? Ашығын айтсақ, «аспан асты елінен» келешекте не күтеміз?
-Мен – қытайтанушымын. Бір сұхбатымда Қытай менің тағдырым деп айтқан едім. Солай болды. Кезінде мен мектепті бітірер шақта әкем болашағымды қалай жоспарлайтынымды сұрады. Әуелі, мен гуманитарлық салаға баратынымды айттым. Әкем: «Сен өз-өзіңді тыңдап, естіп көрші», деді. Сонда тарих пен әдебиет қатты қызықтырады дедім. Әкем араб тілін оқуыма кеңес берді. Ол қалауы түсінікті. Біздің арғы бабаларымыз сол сахара шөлінен келген. Десек те, кейін бар ғұмырын қазаққа арнаған кісілер. Ал, маған араб тілін оқуға мүмкіндік болған жоқ. Себебі, мен мектепте немісше білім алдым. Араб факультетіне түсу үшін, ағылшын тілін білу қажет. Кейін әкем екеуміз ақылдаса келе, Мәскеу университетінің шығыстану факультетіне тапсырдық. Әкем: «мына Қытайдың болашағы зор», деп еді. Сондай-ақ, қытай тілінде қазақ халқының тарихына қатысты көптеген деректер бар. Сондағы әкемнің тәрбиесіне, бағдарына таң қалдым. Қазақтың тарихы мен тағдырына деген жанашырлығы ғой. Сол сәтте менің миыма құйып, қазағымды ұмытпауымды жиі айтатын. 6 жыл қытайша оқып, «аспан асты еліне» қатысты көп нәрсені меңгердім.1992 жылы қазақтың алғашқы елшісі болып Қытайға бардым. Екі арада әскери неше түрлі қиын кезеңдерді өткердік. Кеңес одағы мен қытайдың арасындағы қайшылық көп кедергі тудырды. Сонда біз әскери терминологияны қытай тілінде қайта оқыдық.
Ал, енді қазіргі Қытайға келсек, ол туралы талай жаздым, айттым да. Қытай өзінің ұлттық мүддесін өте жақсы біледі. Ол шынымен өте күшті ұлт, қазір одан сайын күш алып келе жатыр. Енді ол ешқашан әлсіремейді. Оған менің көзім жеткен. Оларға керек бір-ақ нәрсе. Ол – жер. Халқы көп мемлекетке жер жетпейді. Содан соң жан-жағына көз тастауы заңды. Ресейің бар, Қазақстан мен Орта Азия бар. Бұларға тиімді жер осы аймақтар. Оңтүстік шығысқа назар аудармайды, өйткені ол жерлерді саны көп халықтар мекендейді. Тибет сияқты таулы аймақтарда тұра алмайды. Сондықтан біздің солтүстік пен батысқа қызығады. Қытайға газ да керек, жер де керек, мұнай да керек. Біздің барлық тұрмысымызға мейлінше араласу – олардың басты мақсаты. Жолдар салу, бидай өсіру сияқты қарқын алып тұрған экономикалық процестерге мұрнын сұғады. XXI ғасырда біз оларға жоқ деп, жабық саясат ұстана алмаймыз. Өйткені, экономикалық әріптестік бізге де керек. Шет елден инвестиция құйып, хал-ахуалды ілгерлету әлемдік тәржірибеде бар нәрсе. Бұл ретте сақтанудың жолы – ұлттық құндылығымыз бен дәстүрімізді берік ұстану. Әуелі, өр мінезді қазақ халқы, Жәнібек  рухты халық өз мүддемізді қорғап, ұлттық санамызды сақтау керек.
Қытайлар Абайдың қара сөзін аударып, Лейпциг қаласындағы көрмеге апарды. Ол жерде өте жоғары бағаланды. Қазір қытай халқы жаппай Димашқа сүйсінуде. Өйткені, оның орындауы қытайдың ән мәнеріне өте жақын. Сол сияқты Абайдың қара сөздері де қытай филолофиясына келіңкірейді. Формасы қысқа, бірақ мағынасы өте терең. Абай қазір қытайға жетті, өз шыңына шықты.
IMG_3719
«Тұлғалар тарихты танытады»
 
-Биыл қазақтың заңғар жазушысы, әлем таныған Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы. Осынау айтулы датаға қатысты қандай жоспарлар бар?
-Тарих үзілмейді. Сонау мың жыл бұрынғы оқиғалар мен бүгінгі күннің тынысы тығыз байланысты. Жәнібек туралы сөз ете отырып, Абай мен Мұхтар жайлы айтуымыздың еш айыбы жоқ. XX ғасырдағы алаш азаматтары Абайдың шәкірттері деуге болады. Бәрі ұлттық мүддені көздеген боздақтар. Мәселен, небары 20 жастағы Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов сияқты ағаларының тапсырмасы бойынша Жапония туралы ізденді. Кейін «Жапония» деген үлкен мақаласы жарық көрді. Онда 1851 жылдағы реформалар туралы айтылады. Соның бәрі сол кездегі қазақ халқының басына түскен шиеленістен  шығуға керек еді. «Қилы заман» әңгімесінде Жетісудағы көтеріліс баяндалады. Ондай ұлт қозғалысы Торғайда да болды. Жетісудағы көтеріліске өзбек, қырғыз, ұйғырлар қатысты. Орта Азия халықтарының қолына ең соңғы рет қару алып, өз мүддесін қорғауға шыққан сәті. Сол кездегі олардың мақсаты – түркі тілдес халықтардың бір болуы. Өйткені, тұрмысы мен наным-сенімі ортақ халықтар болатын.IMG_3720Әкемнің түркішілдігі зор болған. Айтматов пен Мұса Жәлелді жақтады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары қырғыздың «Манасын» қорғап, қуғынға ұшырады. Осындағы жанашырларының арқасында Мәскеуге құпия түрде көшті. Бұдан соң әкеміз «Абай жолын» дереу орыс тіліне аударуға асықты. Сол арқылы өзінің үлкен жазушы екенін көрсетуі керек еді. Төрт-бес адам асығыс-үсігіс аударған соң шала болып шықты. Бірақ, біз кейін Анотолий Ким дейтін азаматқа қайта аудартқыздық. Аударма жұмыстарына Герольд Бельгер, Қайсар Жорабеков, Мырзахан Тнимовтер қатысты. Қазір орыс тілінде тамаша нұсқасы бар. Романның француз тіліне тәржімаланғаны да тамаша. Мен француз аудармашысының қалай еңбектенгенін жақсы білемін.      
Демек, осы жылы М.Әуезовты еске алғанда дәл осындай сарында болмақ. Жақын арада Өзбекстандағы елшіміз келіп, ақылдасып, «Өзбек-қазақ достық қоғамын» құрдық. Мұндағы мақсат – екі ел арасындағы мәдени саланы ілгерілету. Қауымдастық арқылы өзбек бауырларымыз биыл Ташкентте Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығын атап өтуді ұсынды. Бұл бауырлас ұлттардың жылдар бойы жоғалтқан құндылықтарын қайта толтыруға оң септігін тигізбек. Екі елді жақындастыра түседі. Тиісінше, айтулы датаны елімізде де атап өту жоспарда бар. Тұлғалар тарихты танытады
-Аға, ой бөлісіп, сұхбат бергеніңізге рақмет.
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Алматы қаласы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓