Этномәдени бірлестіктер қолдау білдірді

Қостанайдағы “Достық үйінде” өңірдегі этномәдени бірлестік басшылары бас қосып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу жөніндегі үндеуіне қолдау білдірді. Дөңгелек үстел басында бірлестік басшылары кезекпен сөз алып, алдағы саяси науқан туралы өз ойларын ортаға салды.
ассаблея жиын
-Ағымдағы жылдың 9 сәуірінде Қазақстан Президенті елімізде мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы жариялады. Осыған орай, бүгін біз көпұлтты мемлекетіміз үшін өте маңызды саяси науқан алдында басымызды қосып, пікір алмасқалы отырмыз. Жалпы, біздің еліміз демократиялы, егеменді мемлекет болғандықтан, Президентті заң жолымен халық сайлауы тиіс. Ағымдағы жылдың 9 маусымда өтетін кезектен тыс саяси науқанның басты мақсаты да осындай. Сондықтан, өңірдегі ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері, аналар кеңесі, медиаторлар Кеңесі, облыстық Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі  әрбір қазақстандықтың мүдделерін, Қазақстан халқының құқықтары мен бостандықтарын сақтауды негізге ала отырып, ҚР Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізуді қолдайды, – деді Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Бибігүл Аққожина.
Дөңгелек үстелде профессор, философия ғылымдарының кандидаты Қ.Жақып та өз пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, бұл бастама өте қажетті және орынды. Әрі кезектен тыс сайлау өткізу – уақыт пен заман талабы.
-Алдымызда үлкен саяси науқан мәселесі тұр. Оның қажеттілігі, құндылығы бұл енді қоғамның сұранысынан, өмірдің талабынан туындап отыр. Бұл мемлекет үшін, атап айтқанда, ішкі және сыртқы саясатты іске асыру үшін қажет. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген мақсаттар мен міндеттерді халықтың бірлігі мен тұрақтылығын сақтай отырып, әріқарай жалғастыруымыз қажет. Ал, ол үшін біз өз таңдауымызды 9 маусымда жасауымыз керек. Жалпы, Қазақстан әлемдік саясатта өзінің орнын тапқан мемлекеттердің бірі. Бізді ықпалды және беделді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда біз тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Өз басым бұл жолғы сайлаудың да таза, ашық әрі әділ өтеріне сенімдімін. Сондай-ақ, мерзімінен бұрын, көрсетілген уақытында өткізетін болсақ, біздің қоғамымыздағы партиялық  саяси жұмыс қайта жаңғыратын болады. Сондықтан, өз басым бұл бастаманы қолдаймын, – деді Қ.Жақып.
Қазақстандағы іс-қимылдың одан әрі дамуын бүкіл әлемдік қоғамдастықтың бақылап отырғандығы туралы поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы Виктор Радомский де айтты. “Қазір бүкіл әлем Қазақстанды, елімізде жүргізіліп жатқан саясатты бақылап, одан әрі не болатынын күтуде. Сондықтан мен биыл мерзімінен бұрын сайлау өткізуді өте уақтылы және дұрыс шешім деп есептеймін. Халық Елбасымыз салып кеткен сара жолды,  саяси бағыттың әріқарай жалғасатынын түсінуі тиіс. Мен қостанайлықтардың сайлауға қатысатынына күмән келтірмеймін” деп атап өтті ол.
Өңірдегі “Шарқ” этномәдени бірлестігінің басшысы Эргашвой Холметов те алдағы саяси науқанның заман талабына сай шешім екендігін алға тартты.
-Біз әрқашан Елбасының, Президентіміздің бастамаларын қолдап, талдап келе жатырмыз. Бұл жолы да біз нақты елімізге жұмыс жасайтын, халқын ойлайтын адамды таңдаймыз деген үміттемін. Қазақстан бұдан да жоғары мәртебеге көтеріледі деген сенімдемін. Біз осы жолы да өзіміздің бірлігімізді көрсетіп, алдағы сайлауға біркісідей атсалысатын боламыз, – деді Э.Холметов.
Басқосуда сөз алған өзге де этномәдени бірлестік басшылары алдағы саяси науқанға бір кісідей атсалысатындықтарын әрі Президент үндеуін бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Дөңгелек үстел мәжілісін қорытындылаған Бибігүл Бүркітқызы да ассамблеялықтардың елімізде өткізілетін кезектен тыс Президент сайлауына қолдау білдіргеніне ризашылық сезімін білдірді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓