Айналайын, “Алтынай!”

Сочиде өткен “Би толқыны” халықаралық би байқауынан жеңіспен оралған “Алтынай” тобының қуанышында шек жоқ. Оларды алыс сапардан күтіп алған ата-аналар құшақтарын гүлге толытырып, шашу шашып қарсы алды. Қалалық балалар шығармашылық үйінің алды әп-сәтте думанға оранып, сағына көріскен құшақтарға толды.IMG_0950Сочиде өткен байқауға “Алтынай” би тобы еліміз бойынша барған жалғыз топ. Байқауға жан-жақтан мықты деген 63 ұйым жиналған. Бәрі де кәсіби шыңдалған, би өнерінің жілігін шағып, майын ішкен мамандардан тәлім алған балалар. Солардың ішінен қостанайлық биші балалар даралана білгені, әрине зор қуаныш. Балалармен бірге балаша қуанып, ата-аналардың зор алғысына бөленіп жүрген жетекшісі Салтанат Нұрымованың еңбегі көп.
–Өте қуаныштымыз. Балалар барынша ашылып, жылдар бойы талмай, ерінбей бар үйреткенімді халықтың алдында көрсете білді. Еңбегіміз жанып, көптің ішінен дараландық. Біз бірнеше рет лауреат атандық және ең басты сыйлық бірінші дәрежелі арнайы сыйақыны жеңіп алып, жақын арада өтетін “Volnafest” фестиваліне 10 тегін жолдамаға ие болдық, – деп бар қуанышты жаңалығымен бөлісті “Алтынай” би ұжымының жетекшісі Салтанат Нұрымова.
Қос немересі Әйгерім мен Аружанды қарсы алуға келген Нұрғалиев Жұмабек ата да бүгін ерекше толқып тұр. Бар жақындары алыс сапарға алғаш шыққан қыздарының жеңісіне тілектес.
–Екі немерем де бимен біреуі 4, екіншісі 8 жылдан бері айналысып келеді. Сочиге кеткеніне он күн болып қалды. Тағатсыздана күткен едік. Балалардың жеңісі еңбектерінің жемісі. Қадамдарының сәтті болып оралғанына қуанып, бір жағынан толқып та тұрмыз, – дейді атасы қос немересінің жеңісімен мақтанып.
Енді балалар жазғы демалыста алаңсыз демалып, жетістікке жеткен күндерін көпке дейін әңгімелеп, бұл қуанышты күн естерінде мәңгіге сақталатыны анық. 
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
 
 
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓