Бір қолда бес бармақ болмайды!

Жұмыр жер бетіндегі адамзат  5 мыңнан астам тілде сөйлейді екен. Соның 92-сі мемлекеттік тіл дәрежесіне ие. Тәуелсіздік тұғырына мінген сәттен бастап,  қазақ тілі де осы санатқа қосылды.  Содан бері жиырма үш жыл өтсе де, ана тіліміз –санамызға сіңісіп кеткен көршілеріміздің тілінен әрі аса алмаған, пұшайман күйде. Мемлекеттен қыруар қаржы құйып «мемлекеттік тілімізді үйреніңіздер» – деп жалынсақ та,  ана тілімізді төрімізге шығару мүмкін болмай отыр. «Нұр Отан» партиясының өкілдері осы олқылықтың орнын толтыруға кірісті.  
тіл«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында ұйымның сайлауалды тұғырнамасының «Халық бірлігі» бағыты бойынша сараптамалық тобының отырысы өтті. Бағдарлама жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сейдумановтың қатысуымен өткен жиында мемлекеттік тіл терминологиясы әңгіме арқауына айналды. Басқосуға партия мүшелері, бірқатар министрліктің өкілдері, сенат және мәжіліс депутаттары қатысты. Сондай-ақ, партияның еліміздегі барлық филиалдары бейнебайланыс арқылы әңгімеге араласты. Жиналғандар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған ойларын ортаға салды. Қазақ тілінің бір ізділігі мен кейбір аударма сөздердің сапасын сынға алды.
«Еліміздегі мемлекеттік мекемелердің барлығында да іс қағаздар орыс тілінде жүргізіледі. Заңды сақтаудың амалымен,  бір-екі аудармашының күшімен құжаттарды қазақшалаған болады. Біркелкіліктің жоқтығынан, құжаттан дым түсіне алмайсыз. Ал, облыстардағы құжаттар өздерінің диалектілерімен аударылады. Осылайша, орыс тілінде жазылған бір парақ –  қазақ тілінде бірнеше құжат болып шыға келеді. Терминологияға енгізілген сөздер қалай болса солай қолданылып жатыр» – деді, жиында сөз алған ҚР мәдениет және спорт министрлігі, тілдерді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов.
Әріптесінің сөзін қуаттаған А.Байтұрсынов атындағы тіл институты терминология бөлімінің бастығы Бауыржан Жөнкешов: «Ахмет Байтұрсыновтың өзі аударма барысында тілдік жеңілдікке жүгіну қажеттігін айтып кеткен. Яғни, бір сөзді қазақшалау үшін оны түсіндіріп, болжамдаудың керегі жоқ. Қазақтың сөздік қоры бай, әрбірі заттың өз атауы бар. Ал, кірме сөздерге келер болсақ, оны көп болып аударып, талқылап, содан кейін ғана қолданысқа енгізу қажет. Мысалы, бір кездері телеарналарда арнайы бағдарлама жүргізілді. Онда терминология комитеті ұсынған әрбір сөз талқыға салынып, дұрыс-бұрысы анықталған. Осыдан кейін ғана қолданысқа енгізіліп отырды. Қазір де, дәл осындай бағдарламаларды ашып, жаңадан енгізілген сөздерді аудармасымен телеарналардан жүгіртпе жол арқылы беріп отыру керек» – деген ойын ортаға салды.
Тіл мәселесін талай жыл көтеріп келе жатқан халық қалаулылары «айта айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киіп отырғанын жеткізді. ҚР Паламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызының уәжіне құлақ асар болсақ,  тиісті сала министрліктері тіліміздің шұбарлануына өздері жол беріп отыр.  Мәселен, отандық телеарналарда қазақ тілін бұрмалаған «ТойBestStar», «Бешбармақ-шоу» деген бағдарламалар шығарылуда. Осы орайда халық қалаулысы – «Адам баласының бір қолында бес бармақ жоқ, бұл – біздің өз асымызды қолмен жейтінімізді әжуәлап айтқандардың сөзі. Келеке сөзді қазақтың санасына сіңіруге тырысқандарды тоқтату қажет!» – дей келе әңгіме ауанын жетекші партияға бұрды:
Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру мәселесі жиырма жылдан бері көтеріліп келеді. Үлкен жиындар, семинарлар басқа да шаралар үздіксіз жүргізілуде. Дей тұрғанмен, мәселе пікір-сайыс есебінде ғана көтеріліп, іс жүзінде дым істелмей жатыр. Өкініштісі «Нұр Отан» партиясы тілге байланысты бірнеше отырыс ұйымдастырды. Осы арада шешімдер қабылданды. Бірақ, одан шыққан қорытынды да, нәтиже де  жоқ. Парламентке мемлекеттік тілді жетілдіру,  терминологияға қатысты бірде-бір ұсыныс түспеді. Мың рет айтқаннан гөрі бір рет іс тындырғандарыңыз жөн болар еді» – деп, сөзін түйіндеді.
Бейнебайланыс арқылы әңгімеге араласқан Ақмола облысындағы тіл жанашырлары тілдерді оқыту орталықтарының жекешелендірілуіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірді. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдан бастап, мемлекеттің қыруар қаржысымен жасақталған оқыту орталықтары жекенің қолына өтуі тиіс. Ақмолалықтар «тілімізді саудалап, абырой таппасымызды» жеткізсе, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жанашырлар Астанадағы жиын біткеннің қазақша жүргізілуін талап етті. «Арбаның алдыңғы доңғалағы дұрысталмай, тілімізді түзеу мүмкін емес» – дейді олар.
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓