Бесжылдық бағыты белгілі
Биылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасының кредиттiк тұрғын үй бағыты бойынша баспананың шаршы метрi өңiрде 140 мың теңге болмақ. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында мәлім етілді.
Баяндама жасаған Қостанай облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Бекенов тұрғын үй қорының құрылатынын айтты. 15 жылға жоспарланған бағдарламаның бірінші кезеңі 2021 жылы аяқталады. Басқарма басшысының есебіне сүйенсек, алдағы 15 жылдың ішінде облыс бойынша барлық қаржыландыру көздері арқылы 1 млн 150 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, 24910 адам кезекке тұрған. Бірінші бесжылдықта барлығы 900 пәтер немесе 60 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады.
– Бағдарламаның бiрiншi бағыты бойынша ипотекаға сұранысты ынталандыру үшiн азаматтарға субсидия бөлiнедi. Мысалы, екiншi деңгейдегi банктер 17 пайызбен борыш берсе, соның 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Осылайша, азаматтар 10 пайызбен ипотека алатын болады. Екiншi бағыт бойынша құрылыс компанияларына да осындай қолдау көрсетiледi, – деді Арман Бекенов.
Бағдарламаның тағы бір бағыты – сатып алынбайтын жалдамалы үйлер. Бұл баспана бiрiншi топтағы мүгедектер мен жетiм балаларға берiледi. Тиісінше жалдамалы тұрғын үйді жалға алудың өзіндік шарттары бар.
Тұрғын үйдің жалпы аумағы 80 шаршы метрден аспайды және 1 шаршы метріне 140 мың теңге төлейсіз. Бұл қаражатқа инженерлік жүйелер (жылыту, сумен қамту, желдету және ауабаптау жүйелері, ғимаратты электр қуатымен, кәріз жүйесімен қамту) төлемі кірмейді. Мемлекет жаңа бағдарлама үшін жылына 25 млрд теңге бөліп отырады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейн Қостанай облысында 2 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 19 мың отбасы жаңа пәтерлерге көшкен.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғын үйдің алғашқы кірпіші салынбастан бұрын жоспарды бір қарап шығуды тапсырды. Әсіресе, Рудный қаласы мен Қостанай ауданына басымдық берілмек. Рудныйда 120 пәтер салынатын болса, тағы сондай 45 пәтер Заречное селосында тұрғызылады.