Болат ЖӘМІШЕВ: “Кәсіпкерлер сауалы аяқ асты қалмайды…”

Бұл өткен аптада Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің Қостанайға арнайы іс сапармен ат басын бұрғандағы айтқан сөзі. Министр мырзаның өңірімізге келгенін газетімізде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ол алдымен Қостанай мен Рудный қаласында қарқынды жүріп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын көріп, олардың жұмыс барысымен танысқан-ды. Сондай-ақ, "Қолжетімді баспана", "Бизнестің жол картасы – 2020", "Шағын қалаларды дамыту", "Ақ бұлақ", "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" сияқты ауқымды мемлекеттік бағдарламаларының өңірімізде орындалуы жоспарын байқады.
IMG_5633 (1)
– Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген бұл бағдарламалар сіздер-дің өңірлеріңізде көңіл толатындай жағдайда жүзеге асып жатыр екен. Бірақ босаңсуға тағы болмайды. Әсіресе, "Ақ бұлақ" бағдарламасына жете мән берген жөн, – деді Болат Жәмішев Рудный қаласындағы сапарында. Кәсіпкерлермен өткен басқосуда өңірі-міздің тауар өндірушілері ("Жас Қанат 2006", "Рудный цемент зауыты", "ЕвразКаспианСталь", "Үй құрылысы комбинаты") Министрлер Кабинетіне өтініш те айтты. Өйткені, олар мемлекеттің қолдауымен инфрақұрылымды дамытуға субсидия арқылы бөлінген несиенің пайыздық көрсеткіштеріне тоқталып, әлде де жеңілдетілсе деген пікірлерін жеткізді. Бұл төңіректе министр мырза – Болат Жәмішев өзінің қаржы маманы екенін тағы бір байқатып, айтқан пікірлерге тұщымды жауап бере білді. – Қай өңірде болмасын, осы сауалдар бізге жиі қойылады. Әрине, барлық жәйт қазынадан бөлінген қаражатқа кеп тіреледі. Елбасымыз қазірдің өзінде инвесторларды ел экономикасына тарту мәселесін алға қойып, бірқатар тапсырмалар жүктеген-ді. Міне, сол тапсырманың үдесінен шығу қазіргі Министрлер Кабинетінің абыройлы міндеті. Сондықтан да, сіздердің қойған сауалдарыңыз аяқ асты қалмайды. Бірден болмаса да, бірте-бірте шешімін тауып ретке келтіреміз, – деді министр кәсіпкерлерге. Ал, "Аэропорт" шағын ауданында жүргізілгелі жатқан құрылыс нысанын аралағанда министр мырза "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ның займдары арқылы қаржы пайдаланудың көздерін табу керектігін әңгімеледі. Осы әдіспен Алматы мен Астана қалалары қазір кең көлемде жұмыс істеп жатқандығын да тілге тиек етті. Расында да, бұл күні еліміздің барлық өңірі аталмыш банкінің арқасында тұрғын үй құрылысын қарқынды жандандырып келеді. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов "Аэропорт" шағын ауданының құрылысымен және оны жылумен жабдықтауына үкімет қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болатынын да жеткізді. 2015 жылы барлығы ойдағыдай болып, инженерлік коммуникация жүйесі тезірек тәмамдалса, "Қолжетімді баспана" бағдарламасы негізінде Қостанай шаҺарында екі 5 қабатты және бір 9 қабатты тұрғын үй құрылысы халықтың игілігіне берілетіні баяндалды. Оған жұмсалатын жалпы қаржы көлемі 2 млрд. 284 млн. теңгені құрайды екен. "Шағын қалаларды дамыту" мен "Бизнестің жол картасы" бағдарламаларын дамыту жұмыстары өңірімізде өз нәтижесін көрсе-тіп отыр. Оған Болат Жәмішевтің де айтары болды. Әсіресе, Жітіқара ауданында қолға алынғалы жатқан индустриялды аумақтың жоба жұмысымен танысқаннан кейін баяндады. – Осындай жобалар арқылы кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыра білу қажет. "ЕвразКаспианСталь" және "СарыарқаАвтопром" ЖШС-нің алдағы жоспарларын да көрдім. Көңіл толады,- деп Болат Жәмішев одан әрі "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" бағдарламасын да әңгіме қылды. Іссапарының соңында министр мырза жаңартылған "Жастар" бульварында болып, облыс активі мәжілісіне қатысып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕ: құрылыс нысандарын аралау барысында
. Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓