Аудан ахуалы тұрақты
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова Жітіқара ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандарда болып қайтты. Ең алдымен, Бақыт Амангелдіқызы Жітіқара қаласындағы балалармен жасөспірімдерге арналған баспананың жұмысымен танысты.
Қиын жағдайға тап болған балаларға мемлекет тарапынан 5 уақыт тамақтанудан бастап, киім-кешекпен, жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз етуге дейін барлық жағдай жасалған.
Бақыт Аманкелдіқызы тәрбиеленушілерден жағдайлары туралы сұрап, әңгімелесу барысында олар барлығы ұнайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, өңір басшысының орынбасары «Жас маман» бағдарламасына қатысып жатқан Жітіқара политехникалық колледжінде де болды. Колледжде бағдарлама аясында 336 млн теңгеге тренажерлар алынып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауда. Осындай негізде білім алған студенттер бәсекеге қабілетті болатынына сөзсіз.
Сонымен қатар, ауданда дене шынықтыру сауықтыру орталығының жанынан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі акциясының арқасында бюджеттен тыс шамамен 20 млн теңгеге жаңа аулалық спорттық алаң бой көтерген. Қазіргі уақытта бұл жер барлық қала тұрғындарының белсенді демалу орнына айналған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін толық сезініп, осындай нысандар ашуға көмектескен серіктестерге аудан халқының алғысы шексіз.
Жітіқара ауданы.