Оқушы суға кетті
Қостанайдағы «Аэропорт» шағын ауданындағы жергілікті көлге түскен оқушы суға кетіп, қаза болды. Тұрғындар бұл көлді өзара «Тарелочка» деп атайтын.
Оқыс оқиға бүгін түске таман болған. Алғашқы мәлімет бойынша, соңғы қоңырау іс-шарасынан шыққан №29 мектептің 9-сынып оқушысы достарымен бірге көлге барған. Сол жерде суға түсіп, артынша қайғылы оқиға орын алды. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары жедел оқиға орнынан табылды. Бірақ, баланы құтқарып қалу мүмкін болмады. Құтқарушылар оқушының денесін судан алып шықты. Өкінішке қарай, баланың жүрегі тоқтап қалыпты. Куәгерлердің айтуынша, ер бала суға секірген, одан кейін қайта шықпапты. Осы оқиғаға қатысты жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде баланың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтуда. Облыстық білім басқармасы барлық ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін басты назарда ұстауға шақыруда. Алда жазғы демалыс келе жатыр. Оқу жылы аяқталды. Жазатайым жағдайдың қайталанбауын бәріміз қадағалауымыз керек.
Облыстық ТЖД-не хабарласып, оқиғаға қатысты ресми ақпарат сұраған едік. Департаменттің баспасөз қызметі арнайы брифинг ұйымдастырып, мәлімдеме жасауға әзірленіп жатқандарын айтты.