Шаңырақ шуағы – балалардың шаттығы

Ерлі-зайыпты Серік пен Райхан Бекмағамбетовтер – көп балалы жас отбасылардың бірі. Тоғыз жыл бұрын шаңырақ көтерген олар қазір Қостанайдың іргесіндегі Дружба ауылында тұрады. Осыдан үш жыл бұрын өз қолдарымен салып алған төрт бөлмелі үйді балаларының ырыздығы деп біледі жас отбасы.IMG_8030
– Үйленгеннен кейін, бес жылдай Қостанай ауданының Рыспай ауылында ата-енеміздің қолында тұрдық. Кез келген жанұя өзінің баспанасы болғанын қалайды ғой, Серік екеуіміздің де арманымыз осы еді. Кейін Дружба ауылынан жер телімін алып, балаларымыздың қамы деп үй сала бастадық. Әрине, іргетасынан шатырына дейінгі жұмыстар, одан соң оның ішкі жұмыстарының машақаты оңай дүние емес. Ең бастысы, бүгінде «өз үйім – өлең төсегім» дейтін жандардың біріміз. Осы үйді салуға жұбайым Серік көп еңбектенді, – дейді жас ана Райхан.
Серік те, Райхан да көп балалы отбасынан шыққан. Отағасы Науырзым ауданының Ескі Қайғы елдімекенінен, қазір өз кәсібімен отбасын асырап жүр. Ал Райхан – Торғай елінің тумасы. Алғашқыда Қостанайдағы №5 балабақшада еңбек етіп, баспаналы болғаннан кейін Дружба бөбекжайына мейірбике болып ауысып келген. Балалардың алды Біржан бірінші сыныпта, екінші ұлдары Санжар мектепалды даярлық тобында, төрт жасар Нұрасылы балабақшада. Райханның өзі жеті айлық кенжесі Әдиясын әлдилеп бала күтімі демалысында отыр.  IMG_8086
– Ер адам түзде көп жүреді. Ал балаларға бас-көз болып, олардың дұрыс тәрбие алатын жері – жанұядағы анасының бауыры. Ана бақыты – балаларының қамсыз өмір сүргенінде екен. Адам баласы өмірге ұрпақ әкелгеннен кейін балаларының алдында жауапкершілікті алдымен ата-ана мойнына алады. Қазіргі таңда елімізде баспанаға, басқа да жәрдемге мұқтаж қаншама көп балалы немесе әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Дегенмен жуырда Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясы съезінде берген тапсырмасынан кейін осындай жанұялардың тұрмысында оң өзгеріс болады деп сенемін. Біздің облысымызда да партия жиыны өтті. Бұдан үлкен нәтиже болатынына күмән жоқ, – деді жас ана.
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Б.КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓