Жылдың алғашқы жәрмеңкесі
Бұл жолы жәрмеңкеде облысқа қарасты 11 ауданнан, бас-аяғы 135 шаруашылықтың өнімі саудаға қойылды. Азық-түлік бағасы әдеттегі нарықпен салыстырғанда 15-30 пайызға арзан. Мәселен, ет бөлімінде сиыр мен қой етінің келісі – 950-1000 теңге, жылқы еті 1000-1200 теңгеден сатылды. Бірақ саудагерлер етке деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда аздау боп тұр дейді. Ал, келісі 204 теңгеден сатылған қант әп сәтте өтіп кетті. Тұрғындар табиғи өнімдерді қап-қабымен алып жатқанына куә болдық. Мысалы, Қостанай ауданынан келген "Терра" шаруашылығының қожайыны жылдың алғашқы жәрмеңкесіне бір тонна картоп, 500 кг сәбіз, 300 кг қырыққабат, жуа және қызылша әкелгенін айтты. Бұның бәрі көптеу көрінгенімен, сауда қызу жүріп, сағат 11:00-де бәрі өтіп кеткен.