Сағындық Досмағанбетов: «АСТА-ТӨК, САУАБЫНАН ОБАЛЫ КӨП ШЫҒЫНҒА МӘН БЕРЕЙІК»
Ас беру – нығмет. Көкшеде Абылай ханға, Торғайда Ахмет пен Міржақыпқа, Ақмолада Бөгенбай батырға, Талдықорғанда Қабанбайға арналып берілген ас халықтық дәстүрлердің қайта оралуының көрінісі болды. Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы: «Ас беру – дәстүр. Бұл – дүниеден өткен ең белгілі адамдардың жылы толғанда оған жасалатын ақырғы зор құрмет және ұлы жиын, бас қосу» деп жазды. Ғұрыптық қана емес, саяси-әлеуметтік институт ретінде де ас беру дәстүрі қазіргі кезде бұрынғы мәртебесін сақтап қала алды ма? Қалтасын ақтарып, бірнеше ірі қара малдың басын шалып, ат шаптырып, дүние шашып жүргендер де аз емес. «Бәленше бүйтіп жатыр» дегендей, бай-манаптардан қалмай, несиеге батып тойын өткізген тоңып секіргендерге не деріңіз бар? Осылайша, себепсіз той–томалақтардың тоқтаусыз жалғаса беретіні сөзсіз. Күнделікті тірлікте өзекті болып отырған мәселелер жөнінде ардагер ұстаз, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Сағындық Досмағанбетовтен сұрастырдық.
– Сіз совет үкіметінің солдатысыз, өмірдің бұралаң жолдарынан өттіңіз. Сіздердің уақытта «Комсомолдық той» деген болды. Әңгіменің ауанын осыған аударсақ.
– Жетпістің сегізіне келдік. Өмірдің қызығын- шыжығын, тәттісі мен ащысын қатар көрдік. Кешегі бөлінбестей болған қызыл империяның бір-ақ күнде құлады, бодандықтан құтылып, егемен ел болғанымызды көргеніме мың қайтара шүкіршілік айтамын. Совет үкіметінің бұра тартқан кездері көп болды ғой. Оның бәрін қазір айтқанмен пайда жоқ. Негізгісі, діні, ділі бөлек алуан халықты бір ұлтқа, бір тілге ұйыстырып, Советтік ел жасауға көшкендегі саясаты түйе мойнынан да қисық бастама-тын. Соның салдарынан Халық ақыны (Омар Шипин – авт.) жалпақ танауды (шошқа) бесінші түлік деп өлең жазды, қазақ қызы (Дәмелі Жақсылықова – авт.) шошқа бағып, омырауына орден тақты. Қазақтан шыққан совхоз директорлары шаруашылықта шошқа ұстады. Оның біреуі біздің Целинный совхозында да болды. Интернационалдық отбасы жасаймыз деп, қазақ жігіті мен орыс қызын қосып, комсомолдық той жасады. Оны көгілдір экраннан жиі-жиі көрсетті, радиодан репортаж ұйымдастырып, үнпарақ бетінде ,әсіресе, «Лениншіл жас», «Комсомольская правда» газеттерінде көп тиражбен таратты. Ондай жас жанұялардың дағдыры ұзаққа бармады. Белгілісі, олардан туған бала қазақ емес, басқа ұлт болып шығады. Сөйтіп, біздің ұлттың саны азайы түсті. Жастар түгілі, олардың әке-шешелері құда-құдағи болып та оңбады. Не керек, әлгі тойдың артында үлкен саясат жатты.
Той дегеннен шығады, орыс қызы Терешкова мен чуваш жігіті Николаев космонавтар отбасын құрудың, түсініксіз көзқарастың құрбаны болды, жарасымды тұра алмай, ақыры айырылысып тыңды. Оны төрткүл әлем білді.
Әрине, екі жастың арасында махаббат, сүйіспеншілік болып жатса, ешқандай әңгіме айтпас едің. Ертеде Торғайда біздің бір ағамыз жер ауып барған орыстың қызымен қосылып, жарасты өмір сүрді. Тамаша ұрпақ қалды.
«Комсомолдық тойдың» негізгі түп-тамыры осы еді. Елдің көбісі бұл саясатты түсінді, бірақ ашық айта алмады. Заман солай, бағыт біртекті болды.
– Халқымыз ерте кезден-ақ халықтың қонақжайлығын танытатын белгінің бірі, бірлескен тіршіліктің айғағы іспеттес деп тойды өткізуге айрықша мән берген. Той – тағылым түйдіретін, тектілікке баулитын тәлім-тәрбиенің өтімді мектебі деп айтып жүруіміз тегін емес. Дегенмен, белгілі бір дарақылықтарға жол беріп қоятын асабалардың той басқаруы жайында не дейсіз?
– Қалыптасқан дағдыны мысалға алсақ, мешітте жаңа түскен келіннің некесі қиылып, тойда беті ашылады. Жас жұбайлар неке куәлігін алғаннан кейін, үйдің иесі, не жақын туыстарының бірі ортаға шағып, тойды бастап, алдымен, асабаны көпшілікке таныстырғаны дұрыс деп ойлаймын. Мұнан соң, тойдың билігі, барысы түгелімен асабаға тапсырылады.
Асаба – той ағасы, дастархан басшысы. Ас – тамақ, аба – ата, аға, түріктен келген сөз. Қазақтың «Асабасы жоқ асқа жарымас» деген мақалы тегін айтылмаса керек.
Қандай тойдың болса да жақсы өтуі, сөз жоқ, жүргізушісіне байланысты. Әрине, үй иесінің ықылас көңіл-күйі, қас-қабағына және шақырылған қонақтардың әсері болатындығын да айта кетпей болмайды.
Асаба мәдениетті, оқыған-тоқығаны көп, халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, тарихымызды және өнерін жақсы білетін, әзіл айтуға шебер, қысылған жерде қисынын, ретін тауып кететін, сөзді жүйесімен анық, ұтымды сөйлей алатын болғаны абзал. Халқымыздың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі тікелей асабаға қойылатын басты талап болса керек. Ол тек ұйымдастырушы ғана емес, тойдың мәні мен сәні бола білуі қажет.
Әрине, мұндай адамды табу оңай жұмыс емес. Кім тойым нашар өтсін дейді? Сондықтан да кейбір той иелері асабаны сырттан, тіпті ауыл емес, аудан, облыс көлемінен іздейтіндер де кездеседі. Бір жағынан, өз ауылыңнан бүтіндей еліңді, өз жұртыңды, азаматтарды, олардың ерекшеліктерін, мінез-құлқын білген адамға не жетсін.
Асабалыққа келіскен адамның бұл ауыр да жауапты міндетті түсіне отырып, мүмкіндігінше дайындалып, арақ-шарап ішіп, тойды аяғына жеткізе алмай, айтар сөзді өз бетінше лепестетіп жіберуіне болмайды. Этика-эстетиканы қатаң сақтасын. Мұны көзім көрген соң айтып отырмын.
«Ақылдасып пішкен тон, келте болмайды» дегенге сүйеніп, асаба мен той иесі тойдан екі-үш күн бұрын кездесіп, бәрін жоспарлап, келісіп алғандары жөн. Шақырған қонақтармен қатар келіп, жанталасып, бағдарламасын жасап жатқандарын да көріп жүрміз. Нәтижесі онша болмай шығады.
Той барысында асабаға ақыл айтып, кеңес берушілер көбейіп кетуі де мүмкін. Оның бәрін тыңдай берсе, жасалған жоспары бұзылып, тойдың берекесі кетеді. Сондықтан да қолға билік тиген екен, жалтақтама. Сол мәжілістің шын иесі болғанға не жетсін! Асабаның міндеті жүктелген екен, ендеше сол қауымды аузыңа қарата біл. Көпшілік «мына жігіт тағы не айтар екен, сөзді кімге, қалай берер екен» деп отырса, қанеки. Түрлендіріп, бірде мақалдан, бірде әзілден, бірде өлеңмен, бірде тақпақтап, көненің сөзін келтірін отырса, ешкім жалықпас еді.
Отырған аудиторияға қарамай, күлдірем деп не бір келеңсіз әзілдер айтып, мезі ететіндер де көбейіп бара жатқандай. Әйел адамның асаба болғаны келісе қоймайды. Жалпы нәзік жандыларға ыңғайсыз жұмыс па деп ойлаймын.
Талай тойларда болдық. Өз уақытында асабалықтың да тетігін ұстағанбыз. Академиктер М.Қозыбаев, С.Сатыбалдиндердің де той басқарғандарын көрген жанбыз.
Жасыратыны жоқ, біз өзі күншіл де кекшіл, сыншыл да міншіл халықпыз ғой. Біреулерге сөз бермесең, бермеді деп, берсе, анадан кейін неге берді дейтіндер кездеседі. Ондайда асаба саспай, өзінің қызметін жоспарлы түрде жүргізе берген дұрыс. Өйткені, тойда 150-300 адам шақырылады. Оның бәріне сөз беру мүмкін де емес, міндетті де емес. Топтап-топтап, мысалы, нағашы-жиендер, құдалар, достары деп тостың санын мейілінше азайтқан жөн. Ал ойын-сауық көбірек болса, нұр үстіне нұр болар еді. Тойдың аты – той. Той деген сөз жарысы емес. Әрбір топтан 2-3 адам ғана сөйлесе жарайды ғой. Өйткені, сөйлеушілердің көбісі малы мен жаны көп болсын, шаңырағы биік, босағасы берік болғайдан шыға алмайды. Қонақтарды әбден мезі етеді. Міне, осындайда асабаның тапқырлығы өте қажет-ақ. Тойда ойын өткіземін деп, арқан тартқызып, жасаулы үстелді төңкеріп алғандарды қосыңыз. Осы ретте айта кетейін, Ресейдің Челябі облысындағы Бреды (Күйік) деген аудан орталығында қыз ұзату және үйлену тойында болған едім. Онда нағашым қызын ұзатқан. Қыз аттаңдардағы сыңсуы (көрісу) бізді таңқалдырды. Оны көрген халық ақыны Әсия Беркенованың: «Мәссаған, Қазақстанда көрмегенді орыс жерінен көрдік қой» деп танданыс білдіргені есімде. Ал, сол нағашым келін түсіргенде, үйіне бір шақырымдай жетпей, машинадан түсіріп, ауылдың жас келіншектері мен қыздары шымылдық апарып, бетін ешкімге көрсетпей, жаяу әкелген. Содан соң шымылдық ішіне кіргізіп, келіннің бетіне май жағып, үйді ыстап, бетін ашқаннан кейін тулақтып үстіне тұрғызып, иіліп сәлем еткізіп, басына орамал (жаулық) тартуы бізге ерекше болып көрінді. Ал қазір ,әсіресе, оңтүстікте жаңа түскен келінді үлкен залға машинамен кіргізіп жатқанын көгілдір экраннан көрдік.
– Кезі келген қиғаш оқиғаны себеп етіп, көл – көсір думандату, ақпа-төкпе той жасауды ерсі көріп, жөнсіздік санайтындардың уәжді пікіріне бірінші кезекте мән беріп, құлақ асудың қажет екенін тұрмыс-тіршілік айғақтап отыр. Ата-әжелеріміздің айтуынша, бұрын тойда спирттік ішімдік атаулыны пайдаланбаған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұстағы тойда біртіндеп ішімдік мәселесін шектеп, тоқтатып, мұсылмандық жөнге келуіміз – құптарлық жайт.
– Бір қуанарлығы, кейінгі кездерде өтіп жүрген тойларда мас болып, жұрттың берекесін алып жатқандар кездеспейді. Бұл – қуанышты жағдай. Ал тойдың ішімдіксіз өтуі мұсылман халқына шариғат жағынан да өте орынды болар еді.
Әлі есімде, Кеңес үкіметі кезінде арақ ішпеу туралы қаулы шығып, үйлену тойлары ішімдіксіз өткен-ді. Әсіресе, біздің ауданда, Москалев кеңшарында партия ұйымына хатшысы, елдің құрметті азаматы З.Жаңбыршыновтың баласының үйлену тойы, сол сияқты, Қазанбасы шаруашылығында ағамыз М.Ғабдуллиннің бастамасымен өткен бірнеше қуаныштар, өз деңгейінде, тамаша өткенін білеміз. Империя құлап, тәуелсіз ел атанғаннан кейін бұл дәстүр өз жалғасын табады деп күттік. Олай болмай шықты. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте бермейік. Ауданның құрметті ақсақалы Қабден Әкімбек алғашқы немересінің тойын Қостанайда ішімдіксіз өткізді. Ол тойда болғандар осы уақытқа дейін тойдың тамаша өткенін айтып жүр. Міне, осындай тойлар да жалпы басқа да мерейлерде асабаның рөлі өте жоғары болу керек екендігінде сөз жоқ.
Жалпы айтқанда, ішімдікті дастарқан мәзірінен аулақ ұстаса деймін. Арақсыз да ата-бабамыз отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізген ғой. Біздің бүгінгі міндет – бұрынғы дәстүрді орнына келтіру. Малын да, дүниесін де шашу үшін жинайтын кей қазекем той өткізу үшін несие алып, белшесінен қарыз болып жатады. Ішімдік жағын айтпағанның өзінде, тойға уақытында келмеу, даңғырлатып музыка қою, тұрпайы әзілдер қазақ үшін қалыптасқан үрдіске айналып кетпесе екен деймін.
– «Дарақы мырзалықтан сарабдал сараңдықтың өзі артық» демеді ме дана бабаларымыз. Асқа деген кесірлікті ашаршылық шақыратын жаман ырымға жатқызып, «рәсуаға ұшыраған астың обалы бар» деуші еді көпті көрген ақсақалдарымыз. Біздің айтайық деп отырғанымыз – той-томалақта 200-300 адамға бірдей қазақша ет тартудың тиімсіздігі мен жөнсіздігі. Үйме-үйме ет пен қамыр артығымен қалып жатады. Кілең рәсуа, ысырап. Тіптен, обал-ақ. Бұл дәстүрге тыйым салатын уақыт жеткен секілді емес пе?
– Бұл бір орынды сұрақ. Айтылып та, жазылып та жүр. Жалпы той өткізу, құда атқару, өлік жөнелту үшін ең көп рәсуа жасайтын – қазақтар. Енді осыған ас беруді қосыңыз. Айнала қымбатшылық, таршылық, дағдарыс деп жатырмыз, ал оған біздің ұлтымыз қарап жатқан жоқ. Мұның ең өкініштісі, ру-ру болып, бөлініп бәсекеге дайын тұруға айналып бара жатқанымыз. Бұл жақсылыққа апармайды. «Біз ас бергенде мыңға жуық адам болды, пәлен киіз үй тігілді, түген жылқы сойылды, соншама шапан жабылды» деп көрші шалдардың көксегенін естігем. Шапан демекші, осы шапан жабудың өзі мақтанышқа айналды. Жетпіске келіп жетпіс шапан, болмаса алпысқа келіп, тағы сонша шапан жауыпты деген даңғойлық етек алып тұр. Ташкент, Бішкектен арзанқол шапандарды әкеліп, тойларына үлестіріп жатқандарында қисап жоқ. Ертеде ат шаптырып, шапан жабу болған, бірақ, онда ата жолымен көп дегенде он шапан жабылған. Ал қазір ата жолын былай қойып, «ойбай оның баласы бастық қой, әкімнің жиеніне берейік» дейтіндер жетерлік. Жалпы ас беру, шапан жабу туралы, ондағы келеңсіз жайттар туралы облыстық «Қостанай таңы», қала бержі, аудандық газеттерге өз пікірімді жазған болатынмын.
Қалай десек-те, мына жайларды айтайын, оны қолдай ма, жоқ па, оқырманның еншісіне қалдырайық.
Ас беру – өшкендігіміздің емес, өскендігіміздің белгісі. Екінші жағынан, тәуелсіздігімізді алып, бодандықтан құтылғалы барымызды базарлап, жоғалғанымызды іздеп, небір асылдарымызды тауып, жоқтарымызға тәубе ете отырып, Құран бағыштап, ескінің көзін, егеудің сынығың еске ұстаған елдің тіршілігі болса керек. Бірақ, ас беру деген мал шашу үшін емес, ұрпақ жүрегіне от салып, болғанымыз бен болмағанымызды, бүгінгіміз бен ертеңгімізді ойластыру үшін керек пе деймін.
Тарих беттері мен ауыз әдебиеттерінен, қазыналы қарттарымыздың әңгімелерінен байқасақ, асты көбінесе марқұмның балалары мен немерелері ата-бабаларына өздері берген. Атақты Сағынай асын солай өткізген. Егер Құлагердің басы шабылмағанда, ол ас тарих бетінде қалу-қалмауы екі талай-тын. Ал ру-руға бөлініп, ұрандатып, «біз аналардан асырамыз, біздің олардан қай жеріміз кем» деудің қажеті де, жөнсіз. Елбасымыздың «руыңды біл, бірақ рушыл болма, ұлтынды біл, бірақ ұлтшыл болма» деген сөзі әрқашанда есімізде болса деймін.
Өзің айтып отырған астар, оған мемлекеттік деңгейде Торғайда өткен «Шақшақ Жәнібектің 300 жылдығы» былтырғы өзін білетін, Таразда өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» т.б. қосар болсақ. Сондай тон еліміз үшін де, халықаралық жағдай үшін де өте орынды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының көрегеңдігі мен аса саясаткерлігі деп түсінемін.
Құрдасым Сейіт Кенжеахметов ас беру турасында ғажап дүниелер жазып кетті. Байқап отырсам, бізде басқа бағыт алып бара жатқан сияқты. Тарихта кездеспеген небір жайттарға кәу болудамыз. Рушылдық бірінші орынға шықты. Әр ру өз адамдарын ғана көтеріп, бір тауды биіктетімін деп, екінші тауды аласартып жатқандары рас. Ақпарат беттерінде де жазылып жатыр. Бұл кең етек алып отыр. Біздің ауданды басқарған Еңбек Ері ҚабидоллаТұрғынбаевтың қайтыс болғанына бес, он, он бес жыл болуына байланысты елдің азаматтары бірігіп, ас берді. Ешкім «руым мынау екен» демеді. Ондай астар құптарлық әрі үлгі боларлық.
Ас берудегі аста-төк, сауабынан обалы көп шығынды да ойлай отырғанымыз жөн болар. Әңгіме ат мінгізіп, шапан жабуда емес. Аруаққа дұға оқытып, үлкендердің тілек-батасын, елдің ризашылығын алып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық, бірді-екілі жұмыс істеліп, іздерін қалдырса дейсің. Мысалы, Тұрғынбаевтың бес жылдығын еске алғанда, үйіне мәрмәр тастан белгі қойып, көшенің атын берді, ал он жылдығында кітап шығарды, он бес жылдығында орталық көшеге ескерткіш орнатты. Айтпағым, асты атағы бар, елге еңбегі сіңген кісілерге бергеніміз абзал.
– Ең сорақысы – тойдағы тәтті тоқашты (тортты) күйеу жігіт пен келін кеседі де, екеуі қасықпен әулет үлкендеріне асатады. Сол кезде келіннің қолынан қанша ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталар торт асап жатады. Бұл не сонда? Атасының келіннен тамақ асағаны қалай?
– «Бұл қызым, анау қызымнан да сорақы» депті ғой бір әйел. Сол айтқандай, той тортындағы сорақылыққа тіл жетпейді. Басқаларды қайдам, ал өзім ұнатпаймын, ерсі көремін. Бұл ұлтымызға кейіннен, батыстан кірген дәстүр. Дәстүрдің озығы, тозығы да бар ғой. Әрине, озығын алғанымыз жөн.
Келіннің беті ашылған соң, оның аты да, заты да өзгереді. Қыз – қонақ. Оң босағада, үйінің төрінде аз жылдық мерзімі бітіп, басқа үйдің келіні атанады, былайша айтқанда, ауыз жақтан орын тиіп, отауының отын жағып, ол отты уақытынан бұрын сөндіріп алмаудың негізгі ұйтқысы сол болады. Бұл екі жаққа да қуаныш әрі өріс.
Туған күндегі, үйлену тойындағы торт, оның үстіне балауса шамдарды (свеча) жарқыратып, үрлеп, өшіру деген, өз шырағыңды өзіп сөндіргендей, өз жолынды өзің кескендей көрінеді маған. Бұл туралы ақын Ақылбек Шаяхметовтың керемет те мазмұнды бір өлеңі де бар. Оқымағандар тауып оқыса, ойласар ма еді деймін.
Ал келін мен жігіттің қасықпен торт асатуы, әсіресе, жас келіннің атасы, қайын ағаларының аузына қасық тығып жатқаны, оған жұрттың мәз болып, шулап отыруы келіспейтін шаруа. Ең болмаса, тәрелкеге салып, иіліп сәлем беріп, содан соң ұсынып жатса, бірсәрі. Оның өзіңде де ойласу керек шығар.
– Құрбан шалу жайында жиі қозғалатын мәселе – жылқы малына байланысты. Кейінгі жылдары қалтасы көтерген көкелеріміз шариғатта тыйым салынған Қамбар ата жануарын құрбандыққа шалады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Менің ескіше (діни) оқуым жоқ. Бірақ, өзім қолымнан келгенімше заңды да, шариғатты да бұзбауға тырысамын. Шариғатта жылқы союға болмайды. Ендеше, сойылмасын. Бұрынғы байлар үйір-үйір Қамбар ата тұқымын ұстап отырса да дін жолын сақтаған. Терең ойласаң, осы жылқы малына біздің қазақ қарыздар. Соншама жерге ие болып отырғанымыз осы жануардың арқасы емес пе? Ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүрген жоқ па еді?
Өзім ойлаймын, өлімде (жетісі, қырқы, жылы) қара мал сойса, ал тойлар мен астарда жылқы сойса қалай болатын еді. Олай дейтінім, көбінесе ас бабаларымыздың пәлен жылдығына беріледі. Бұл – той. Өйткені, сіздің арқаңызда осындай дәрежеге жетіп, ас беріп, құран оқытып, ризашылығымды білдіртіп жатырмыз дегенге саяды.
Ал қазада жылқыдан гөрі қара мал көп арзанға түседі әрі табылуы да жеңіл. Даңғойлыққа берілмеген дұрыс. «Біреу тойып секіреді, біреу тойып секіредінің» кебі болмасын. Аттыға жетеміз деп, жаяудын таңы (шабы) айырылып жүрмесін.
– Жоғарыда айтқан әңгімелердің түйіні ұлттық сана мен тәлімге тірейді. Алдағы мамыр айында жетпіс сегізге толасыз. Нешеме жылдық педагогтық тәжірибеңізбен бөлісіп, қазіргі жастардың бойында бар кемшіліктер немесе артық тұстарын сараласаңыз. Сіздің буындағы жастар мен бүгінгі ұрпақты салыстырып көріңізші.
– Өзім тәмамдаған мектепте 15 жыл мұғалім болдым. Мұғалімдік пен ұстаздық етудің үлкен айырмашылығы бар.
Ұстаздық – ұлы нәрсе! Ұстаздық ету өзіңнің уақытынды аямау, өзгенің бақытын аялау деп түсінемін. «Патшалық құру – ұстаздық етуден он есе жеңіл» деп академик Зейнолла Қабдолов тегін айтпаған болар.
Әрине, мұғалім атын жамылып жүру бар да, сол мұғалімдердің ортасынан оза шауып, атағы шығып, ұстаздық тұғырға көтерілу тағы бар.
«Заман өзгерсе, қағидалар да өзгереді» және «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан басталады» деген Ұлы Абайдың сөздерін естіген боларсың. Мен кешегі Кеңес үкіметі кезінде, 1963-1978 жылдары мектепте дәріс бердім. Ол кез бен бұл кездің айырмашылығы – жер мен көктей. Өйткені, заман өзгерді, соған сәйкесті қоғам да өзгерді, соған лайықты адамы да басқаша. Сондықтан, жастары да өзгеше болып өсіп келе жатыр. Өзім немерелерімді көре отырып, мектептерге барып жүргенде мынадай ойға келемін: қазір мен осы шаңыраққа қайтып келсем, мұғалім бола алмайтын шығармын. Өйткені талап басқа, талғам мүлдем өзгеше. Оған өкпелеуге болмайды. Уақыт солай.
Біз мектепте жұмыс істеп жүргенде негізгі пайдаланатын құралымыз бор мен карта, тақта болатын. Басқа не көрдік.
Солай десек те, ол уақыттағы мұғалімдер біздерге профессор, академиктей болып көрінетін. Қарапайым телефонның өзімен поштаға барып сөйлесетін заман еді ғой. Кейіннен өзім де ұстаз, оқу-тәрбие жөніндегі директордың орынбасары болдық. Сабақтарға кірдік, оны талдадық. Сонда байқағанымыз, Абайдың ең болмаса бір өлеңнің жатқа білмейтін, Біржан мен Сара айтысын білмейтін әдебиетші мұғалімдері де бар екен. Әл-Фараби мен Фарадейді айыра алмайтын физик-математиктердің, еңдік пен бойлықты айыра алмайтын географтардың, қазақтың тарихын білмейтін тарихшыларымыздың жетіп артылатынын білдік.
Құдайға шүкір, қазіргі мұғалімдер мен оқушылардың білетіндері, тоқығандары мол. Шәкірттердің білім денгейлері жағары Халықаралық, бізше одақтық деңгейдегі жарыстарға қатынасып, жүлде иеленіп жатқандары да жетерлік. Спорт жағынан да солай. Біздің уақытымызда бір үйірмеге қатыспай, өнердегі, спорттан, тіпті күнделікті сабағын да жарытпай, мектеп бітіріп, мұғалім болғандары қаншама.
Тоқ етері, мені толғандыратын мәселе балалардың оқуы емес, әуелі, олардың тәлім-тәрбиесі. Бүгінгі жастар арды білсін, өзіне-өзі есеп берсін. Жастардың нашақор болып, арақ ішіп, төбелесіп бірін-бірі пышақтап, түрмеге тоғылып жатқандары өкінішті-ақ. Үйленіп алып, бір жылға да жетпей айырылысып, сәбиін әкесіз (шешесіз) қалдыруы жанға батады. Үлкенді сыйлауды айтпағанда, өз әке-шешесін қарттар үйіне тапсырып, олардың зейнетақысына алып кетіп жатқандарын естисің. Мұныңмен қайда барамыз? Алдынғы қатарлы экономикасы дамыған елдер санатына жетеміз деп Елбасымыздың дамылсыз еңбектетін жүргенін біліп отырмыз. Жастардың рухы биік болса ғана тұғырымыз берік болады. Бұл жөнінде ел болып, жұрт болып ойласатын мәселе жетерлік.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай Қойшыманов