Атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы міндеттің жүгі ауыр
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов және облыстық басқарма басшылары Жанкелдин ауданына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Олар ең әуелі “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының аясында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген “Топжарған” спорт кешеніндегі күрес залының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Одан кейін орталық алаңда орналсқан Шақшақ Жәнібек мұражайына ат басын бұрып, күрделі құрылыс жұмыстарын талап ететін тарихи нысанның жәй-күйін көріп, келешекте қаражат мәселесі оңтайлы шешіліп жатса, назардан тыс қалмайтындығына сенім білдірді. Артынша аудандық ауруханаға келген меймандарға бас дәрігер Қақанай Исмайлов флюорографиялық кабинеттегі былтырғы жылы берілген жаңа құрылғылармен таныстырды. Сондай-ақ, ол жылу қазандығын жаңартуды және шалғайдағы ауылдарға жедел жәрдем көлігі қажет екендігін сөз етті. Ал, Ғауез Торсанұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына айтылған мәселелерді жаупкершілікпен шешуді тапсырды.
Келесі кезекте алдағы уақытта құрылыс жұмыстры жүргізіліп, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отырған “Айгүл” балабақшасына тоқтады. Бұл мәселе жөнінде де облыстық білім басқармасының басшысына тапсырма берді. Шұбалаң-Қалам-Қарасу жолындағы әбден тозығы жетіп, істен шыққалы тұрған көпірдің хал-ахуалын көрген облыс әкімінің орынбасары күрделі мәселенің күрмеуін шешеміз деп уәде берді.
Облыс орталығынан келген меймандар Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде аудан әкімі Асқарбек Кенжеғариннің бір жылда атқарған ауқымды жұмыстарының есебін тыңдады. Аудан басшысы ауданымыздың 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларын баяндады.-Ауданның экономикалық негізгі саласы, стратегиялық маңызды бағыты – ауылшаруашылығы. 2017 жылдың басынан 127 шаруа қожалығы жұмыс істеп, шаруа қожалықтары 561 мың гектар жерді пайдалануда. Сонымен қоса, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 227 мың гектар жер берілген. Барлығы 131 шаруашылық 788 мың гектар жерді игерілуде. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеке шаруа қожалықтарына көптеген көмектер көрсетіліп келеді. «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2016 жылы берілген 117 бас жоспар, 188 пайызға орындалып 220 бас ірі қара сатып алынды. Сонымен қатар, ауданда 2014 жылдан бастау алған «Алтын асық», «Құлан», бағдарламалары жүзеге асты. «Алтын Асық» бағдарламасы бойынша 2016 жылы берілген тапсырма 152,4 пайызға орындалды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 2016 жылы 43 бас мал алу тапсырмасы берілді. Берілген тапсырма 148,8 пайызға орындалып, 64 бас жылқы малы сатып алынды. Аудан бойынша мал басын асылдандыру жұмыстары жалғасуда, ауданымыздың шаруашылықтары 2016 жылдың ішінде ғана 185 асыл тұқымды бұқалар сатып алды. Осы шаруа қожалықтарына 2016 жылы үкімет тарапынан 168 млн теңге субсидия төленді. Міндет – тек солардан асыл тұқымды мал төлдерін алуға сапалы түрде пайдалану. Инвестиция тарту экономиканың бәсекеге қабілетін жоғарылату және өсуін анықтайтын, ең маңызды факторлардың бірі екені рас. Есепті кезеңде негізгі капиталға игерілген инвестиция көлемі 700 млн теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 105,4 пайызды құрады. Тартылған инвестицияның 66 пайыздан астамы шаруа қожалықтары мен халықтың өз қаражаты есебінен жүргізілді. Оның ішінде мал басын сатып алуға 164 млн теңге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 201 млн теңге игерілді. Сонымен қатар, қоныс орындарда жеке тұрғын үй құрылысына бағытталды. 2016 жылы қойылған 200 шаршы метр тұрғын ұй құрлысын жүргізу тапсырмасы 126 пайызға орындалып жыл ішінде 252 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді баяндама барысында.Аудан әкімінің бастамасымен алдағы уақытта Ақшығанақ, Аралбай ауылдарына 2017-2018 жылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарланып отыр. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебіне қарасты интернат балалар үйінің жөндеу жұмыстарына 8,5 млн теңге бөлініп, сметалық құжатттары дайын тұр. Ауыз су мәселесін бір қалыпты жағдайға келтіру үшін аудан орталығындағы су айдау мұнарасын ауыстырып күрделі жөндеуден жұмысы жүргізіледі деп жоспарлануда.
Егерде мемлекеттік сараптама қорытындысы нәтижелі шешілетін болса, Албарбөгет ауылдық округіне қарасты Телқара бөгетін қайта қалыпқа келтіреді. Сонымен қатар, Сужарған ауылындағы Қ.Қайдосов мектебіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 8,5 млн теңге бөлінген. Аудан орталығын аббатандыру, Торғай ауылының шығыс жақ бөлігіне шағын футбол алаңын салу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 7 млн теңге қаржы қарастырылмақ. Ауылдық жерлерде ірі мал шаруашылық кооперативтерін құру, шағын бизнес және қызмет саласында кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайын жасау, жаңа жұмыс орындарын құру, халықты еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар ауқымды жұмыс атқарылуға тиіс. Тек облыстық басқарма басшылары бар міндетті аудан әкіміне артпай, бірлесе отырып жұмыс істеуіне ықпалдарын тигізсе игі.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы