Сарыкөлдік мұсылмандар Қадір түнін қарсы алды

Шілденің 23-нен 24-не қараған түні қасиетті айдың Қадір түнін сарыкөлдік мұсылмандар ерекше ықыласпен қарсы алды. 
Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған қасиетті айдың Қадір түнінде  аудандық «Аққозы қажы»  мешіті жамағатқа лық толды. Әсіресе, олардың дені – жастар. Ел ертеңдері құлшылыққа құлшынып қана қоймай, ас дайындап, дастархан жаюда сүбелі септіктерін тигізді. 
Аққозы қажы мешітіне жиналған жұртшылық намаз оқудаАйтулы күні Аққозы қажының ұрпағы – Қаратай Өтемісов аузы берік жандарға ауызашар берді. Аудан әкімі Эльдар Күзенбаев «Қадір түнімен» жиналған қауымды құттықтап, елімізге тыныштық, халқымызға құт-береке тіледі. Сондай-ақ, ауызашарға ағылған ағайындар да ізгі ілтипаттарын білдірді.
Содан кейін өз уақытымен тарауих намазы оқылды. Бас имам Дәулетбай қажы Әбдіхалық келген қауымға Қадір түнінің қадір-қасиеті туралы уағыз-насихат айтып, «Ғажайып истиғфар» дұғасын  оқыса, ал жиналған жамағат іштей тілек тіледі. Кәлимә тайнибәһ жамағатпен айтылып, білмегендерге үйретілді. Ал «Лә иләһә илләллаһу» дұғасы 100 рет оқылды. Сондай-ақ, имамағзам таспиғы дыбысталып, дұға мақбұл болу үшін, науқастарға шипа, жолдағыларға сәттілік, борышы барларға тезірек құтылуға,  жолы,  бағы ашылмай жүргендерге себеп болатын тілектер тіленді. Ең бастысы, елдің амандығы үшін екі бас намаз оқылып, еліміздің ынтымақ-бірлігі, халқымыздың ырыс-несібесі үшін дұға етіліп, Қадір түнінің батасы жасалды. Бас имам Қадір түніне арналған бағдарламаны тәмәмдап, ауызы беріктерге сәресі беріліп, таң намазы оқылды.
Осы орайда бір айта кетерлік жәйт, Қадір түнін   "Қабдеш ата" мешітіне жиналған жамағат та аталмыш имандылық ордасының имамы Мұрат Тоқпаевпен бірге күтті. Күтіп қана қоймай, екі бас намаз оқып, құлшылық амалдарын орындап, дұға-тілектерін  тіледі. 
Сүйiктi Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәләйһи уә сәлләм): «Аллаһ Қадiр түнiн үмбетiме сый ретiнде тарту еттi, бұл бұрынғы үмбеттерге берiлмеген» деп, бұл сыйдың қадiрiн бiлуге шақырады. Тағы бiр хадисiнде: «Кiмде-кiм сауабын тек қана Аллаһтан күтiп, ықыласпен сол түндi ғибадат жасаумен өткiзсе, күнәлары кешiрiледi. Басқа уақыттарда әрбiр жақсылықтың сауабы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндерi мың еседен асып, Қадiр түнiнде отыз мыңға дейiн жетедi», – деген.  Сондықтан, мүмкiндiгiнше әрбір пенде мың айдан да қайырлы Қадiр түнiнде берiлген сыйдан құр алақан қалмауға тырысты.
 
Руслан Әлкеев
Сарыкөл ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓